Қандастар Ассамблея

Моңғолиядағы қазақ мәдени орталығы

14.04.2021 55

2005 жылы Моңғолия елінде Қазақ мәдени орталығы деген атаумен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Моңғолиядағы бөлімшесі ашылды. Қауымдастықтың бөлімшесін құру мәселесі 1997 жылы алғаш айтылып, экс-аймақ әкімі болған Мизамхан Күнтуғанұлы бастама көтерді. 1991-1992 жылдары халық Қазақстанға көше бастаған және әлем қазақтарының алғашқы құралтайына шеттегі қандастар шақырылған уақытта Қазақстанмен қарым-қатынас ұйымын құру туралы мәселені алғаш О.Хабсаттар, К.Ақрас қатарлы азаматтармен бірге қолға алған еді.

2005 жылы шілденің 10 күні ДҚҚ-ның төралқа төрағасының бірінші орынбасары Т.А.Мамашев Моңғолиядағы қазақ диаспорасы жиі қоныстанған Баян-Өлгейге іс-сапармен келіп, диаспора өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында қауымдастықтың аталмыш бөлімшесі құрылып, Хабсаттар Омарұлы басшылық қызметке тағайындалды. 2006 жылы Моңғолия Қазақтарының бір бөлігі тұратын Ұланбатыр қаласына шоғырланған қазақтар үшін және бір бөлімше ашылды. Ұланбатыр қаласында іргесі қаланған қауымдастық бөлімшесін басқаруға танымал ғалым, Моңғолияның еңбек сіңірген дәрігері Асай Рәмишұлы тағайындалды.

Хабсаттар Омарұлы мен Асай Рәмишұлы қауымдастық бөлімшелерінің ісін тұрақтандырып, көптеген іс-шараларды өткізіп, қызмет атқарды. Аталмыш ұйым елге танылып, қазақтардың тұрмыс тіршілігі мен мәдениеті үшін және қазақ елімен тұрақты байланыс орнатты. Кейіннен қазақ диаспорасы өмір сүретін Налайхан, Шарын гол, Дархан, Эрдэнэт қалалары мен Қобда аймағында қауымдастық бөлімшесін ашты. Қобда аймағына Ш.Арыстан жане Я.Зиба, Налайхандаға кәсіпкер, қалалық депутат З.Батырбек Моңғолиядағы қазақ диаспора басшысының бұйрығымен жеке-жеке тағайындалып өз қызметін атқаруда.

Моңғолия қазақтары 1990 жылдағы қоғамдық-саяси өзгерістен бұрын қазақ елімен жан-жақты қатынасты белсенді жүргізіп отырды. Мысалы оқу-ағарту, мәдениет, өнер саласындағы барлық қызметте Қазақстан Республикасының көмегіне жүгінді. Аталған уақытта осындағы қазақтар оқитын баспасөз беттерінің 48 пайызы Қазақстаннан жеткізілетін. Сондай-ақ, аймақтағы Қазақ ұлттық театрының ішкі барлық декаративтік жабдығы, көрермен орындықтары, ұлттық кітапхананың кітап қорының негізгі бөлігі қазақ елінен әкелінді. 2005 жылдан бастап кітап, оқу құралдарын алу тұрақты үрдіске айналды. 1990 жылдары қоғамдық өзгеріс, қазақ елі тәуелсіздігін алған күннен бастап Моңғолия қазақтарының атажұртпен қарым-қатынасы жаңа белеске көтерілді. Қауымдастықтың Моңғолиядағы бөлімшесі қазақ елінің әр жетістігін, тұрмыс-тіршілігін, қазақтанудың маңыздылығын жергілікті қазақ диаспорасына жеткізді. Қос мемлекет арасында рухани көпір болып, көші-қон жұмысын ұйымдастырды. Дарынды қазақ жастарын білім алуға жіберіп, олардың атажұртта қалып еңбек етуіне ықпал етті. Қазақ ұлты көп шоғырланған өңірлердегі қазақ тілді оқу құралдары, ұлттық музыка аспаптары, рухани және материялдық көмек беру жұмыстарын ұйымдастырды. Ұлы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абай орталығы» ашылып, қазіргі уақытта қазақтардың рухани орталығына айналды. Моңғолия қазақтарының ақын-жазушылар еңбегі Қазақстанда баспадан басылып, қазақ елі оқырмандарының қолына тиді.

Қазіргі уақытта Қазақстанға байланысты кез келген мәлімет алу, көш-қон, білім саласы, азаматтардың келіп-кетуі, кәсіпкерлікпен айналысу жолдары, азаматтық мәселелері мен тағы басқа жұмыстар қауымдастық бөлімшесі арқылы жүргізіледі. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Моңғолиядағы бөлімшесі қандастарымызды тарихи отаны қазақ елімен байланыстырып, ұлт мүддесіне сай қызмет атқарып келеді.

Мекенжайы:

Моңғолия, Баян-Өлгей аймағы, Өлгей қаласы, 5-бақ

ДҚҚ-ның Моңғолиядағы бөлімшесі, басшысы Хабсатар Омарұлы

Тел: +976 99422727, email: omarkhabsatar@gmail.com      

Ұқсас материалдар