Қандастар Ассамблея

Моңғолия қазақтарының ұлы көші қалай басталған еді?

09.12.2021 2152

Моңғолияның астанасы Уланбатыр қаласындағы және орталыққа жақын орналасқан аймақтағы қазақтар Қазақстан егемендік алды деген хабарды ести салысымен 1991 жылы, мамыр айынан бастап Қазақ еліне қоныс аударып көше бастады. Көшіп-қону қанына біткен көшпенділер ұрпағы еш ойланбастан бәрін тастап атамекенге ағыла көшті. Осы көштің алдын бастап менің де 93 жастағы атам Кәрім Шудабайұлы, әкем Қабдыл Кәрімұлы, ағаларым Зайнолла, Байзолла, Бәміш, Ақыт, Сағый, Қалиағзам бастаған барлық ағайын-туыстар көшіп келіп Алматы облысы Ескелді (бұрынғы Қарабулақ) ауданына орналасты.

Мен өзім бірге келіп орналастырып қайттым. Бұл жылы Қазақстанға қоныс аударып көшкен ағайын-туыстарымен бірлесе көшкен азғантай отбасынан басқа Моңғолиядағы 94 пайызы қазақтар тұратын аймағы Баян-Өлгей қазақтары қозғалмаған еді.

Осы әңгімемді бастамас бұрын шетелде жүрген қандастарымызды Ата мекеніне шақырып, есігін айқара ашып, сара жолын салып беріп отанына оралуына шексіз қолдау көрсетіп бар мүмкіншілігін жасаған Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына айтар алғысымыз шексіз. Сіз отанына оралған әрбір қандасымыздың жүрегінде өшпестей рақымшылық қалдырғаныңызға күмәнім жоқ.

Осымен 1992 жылғы көктемнен бастап мұндағы халықта атамекенге қоныс аударып көшу дайындығына кірісіп кетті. «Біреу көшу керек десе, біреулер қаңғып қайда барасыңдар жылы орныңды суытпа барғанда кім сенің табағыңа ас салып берер дейсің», - деген кері тартпа сөздер де айтылып халық біраз сергелденге түсе бастады.

Алдағы жылы Уланбатыр қаласында осы көшті бастап ұйымдастырған Сағат Заханқызы, Аятқан Тұрысбекұлы бастаған адамдар келіп алдын-ала халықпен кездесу жасап Қазақ еліне қоныс аудару мен көші-қон жағдайын таныстырды. Қазақ елінен де Памир ағамыз бастаған Ғазиз, Марат Тоқсанбай қостаған комиссиялар келіп жұмыстарын бастап кетті. Аймақ әкімінің қаулысы мен көші-қон кезінде жұмыс істейтін аймақтық комиссия құрамы бекітіліп, тағайындалды.


Аймақ Бас прокуроры маған шекара мәселелері және адамдардың құжаттарын дайындап реттеу жұмысына бақылау қойып, қызмет етуді міндеттеді.

Осымен комиссия Қазақстаннан келген комиссиямен бірлесіп халықпен кездесулер жасай бастады. Қазақстанда қай өңірлерге баруға болатыны туралы түсіндірме жұмысы жүргізілді.

Кей адамдар аймақ әкімі Мизамханға «Сен халықты тоздырып бүлдірдің, енді Семейде, Аралға уланған жерге апарып улап өлтірейін деп отырсың, халқым алдан ба! Көшпеңдер!» десе біреулер «Мұнда ұн жоқ аштан өлгенше сонда барып уланып өлейін» дейді.

«Біз басқа елде, басқа жерде өмір сүріп жатырмыз, келешек ұрпақ тағдыры не болады, ағайынның алды барып қойды, есің барда еліңді тап деген атам қазақ қолайлы мекен тауып көшкеніміз дұрыс болар» деген пікірлер де айтылды. Осылай комиссия ақылдаса келе Аймақтық ауыл шаруашылығы бастығы Бақыйбес бастаған бес адам арнайы көлікпен Қазақстан жерін аралап жұрт шалып келуге келісіп жолға шығып кетті.

Бірақ, мұны ешкім тоспады әр адам өзі қалаған жерлеріне жазылып тізімделе бастады. Осылай үлкен көш жалғасып басталып кетті. Екі ел арасында шекаралық шарттар жасалып ұшақтар келіп кетуіне, жермен «камаз» машиналар келіп үй жабдықтарын тасып өтіуге рұқсат берілді.

Бұл шешім қабылданысымен күніне қаншама ұшақтар келіп, жермен шекара өтіп келген «камаз» машиналар құмырсқадай қаптап кетті. Әкім Мизамхан мені шақырып: «Меке, мына ұшақ, машиналар қаптап кетті, кейбір ел тартынақтап қалыпты, бос қайтып ұят болмасын. Көшу туралы үгіт насихатты өте жоғары деңгейде жүргізбесек болмайды, осыны ұйымдастырыңдар!» деген тапсырма берді.

Кейбір жоғарғы лауазымда қызмет істеп жүрген ағаларымыз қарсылық білдіріп, Қазақстанды жамандай бастады. Сондықтан, біз қазақ радиосынан Қазақстан туралы кең көлемде ақпараттар беріп, өткен жылы көшіп кеткен адамдардың өмір ахуалы жайлы мағұлматтар бере бастадық.

Қазақстаннан әртістер шақырып концерт қойып, Қазақ елін дәріптеу жұмыстары ұйымдастырылды. «Тамаша» әртістерін де шақырумен келтіріп аймақтық қазақ драма театарында қойылымдар қойдырып, қазақ халықына танымал болған тұлғалар Қалдарбек Найманбаев, Шерхан Мұртаза ағаларымыз бастаған 30-ға жуық ақын-жазушы ағаларымызды қонаққа шақырып халықпен кездесулер өткізілді.

Мұның барлығы халықтың қазақ еліне деген ынта сезімін оятқаны сөзсіз. Бұл шаруаның да өзіндік қиыншылығы аз болмады. Менің өз атам, әкем, анам барлық ағайын туыстарым өткен жылы 1991 жылдың мамыр айында осы көшті бастап Қазақстанға жетіп, Алматы облысы өңіріне орналасып алған еді.

Көп адамдар келіп менен «Сендердің барған ағайындарың жағдайы қалай, біз барсақ өмір сүре аламыз ба?» деген сияқты толғаныспен ақылдасқандар да аз болмады.

Әлде біреулер Қ. Мерейхан өз әке-шеше ағайындарын көшіріп жіберіп елді көшуге үгіттеп жүр деген сөз де болды. Осымен елдің де қазақ еліне деген ынтасы мен бет-бұрысы күнен-күнге арта түсті. Қазақстаннан күніне 10-12 АН-24 ұшағы келеді. Бұған кемінде 500-600 адам дайын болып тұру керек. Құжат әзірлеу барысында көптеген қиыншылықтар болды. Жотаның басында, мал соңында жүрген адамда не жетіскен құжат бар дейсің. Біреуінікі жоғалған, барларының суреті түсіп қалған, жарты беті жоқ, кейбіреулер жазу жазып тастаған деген сияқты. Мұның барлығын азғантай уақытта жөнге келтіру мүмкін емес. Мұндай жағдайда тәуекелге бел буып жолаушыларды жолынан қалдырмай боларлық жағдайлармен еш бөгетсіз барлығын ретке келтіріп іс атқардық.

Мұнда полиция, шекара қызметкерлері, жұмыспен қамтамасыз ету ұжымының бастығы Барбол ағалардың еңбегі зор болды. Заң бойынша қызмет атқарсақ, күніне 600 адам тұрмақ 300 адам жіберетін жағдай жоқ еді. Ташант Россия, Моңғолия шекарасында үй артып келіп кезек күтіп жатқан «камаз» машиналардан жер қайысады.

Адамдар шатырын тігіп қаншама күн түнеп жатыр. Осы кезде шатырмен жатқан адамдардың алты айлық кішкентай баласы шетінеп кетті. Бұған да біраз тексерулер жүргізіп, болған жағдайлардың мән-жайын анықтап, адамдардың жағдайын жасап, денсаулығын бақылап көмек көрсетуге екі дәргер мен медбикелерді әкеп орналастырдық.

«Өзі шыққалы тұрған көзді онан ары шығарды» дегендей бұл да біраз айғай- шу болып басылды. Шекарадан үй артып шығып жатқан кейбір «камаздар» мал, шекарадан шығуға ұрықсатталмаған табарларды артып алған деген сияқты әр қайсының өзіндік қиыншылықтар туындап шекара кеден ұжымдарына байланысты дау-дамайдың шешімін табу да оңайға түспеді. Міне, осындай көші-қонның да әр адам біле бермейтін өзіндік қиыншылықтары мол болды.

Осы кезде орталық газеттердің біріне Моңғолияның батыс шекара Ташанты есігін айқара ашып Моңғолияның бар байлығы суша ағып жатар, деген тақырыппен Батыс шекара әскер двизия бастығы полковник Самдандовжид мырзаның мақаласы шығып, әр адамға үрей туғызумен қатар Қазақ, Моңғол азаматтары арасына сенімсіздік тудырып жағдайды біраз ауырлатып жіберді.

Әкім К. Мизамхан: «Мына мақала ұлттар арасына сенімсіздік тудырып арандатқан жаман нәрсе болайын деп тұр, бұл мына көшке де өзіндік зиян келтіретін түрі бар, қалай не жасаймыз жігіттер?» деп ақыл салды. Бұл Самдандовжид деген кім? екен деп сұрастыра келе бұл мырзаның да таза адам емес екені анықталды.

Ногонур өлкесінде соғыс мылтықтары мен жабайы қабан аулап жүріп бір офицердің аяғынан атып тастаған қылмысы әшкереленіп қылмыстық іске тартылды.

Осымен Самдандовжид мырза өзінің барлық кемшіліктерін мойындап, қазақ халқынан радио арқылы кешірім сұрап лауазымынан өз еркімен босап Ұланбатырға қайтты.


Орнына полковник Намжит мырза келді. Полковник Намжит мырза қазақтарға сенім жүктеп жақсы араласып жағдай біршама жақсарып көші-қон мәселесі де оңтайлана бастады.

Міне, осылай бұл көш бірнеше жыл жалғасты. Әр шаруаның өзіндік қиыншылықтары болады ғой. Бір елден екінші елге келіп орналасу оңай емес. Бұл көште қанша қиындықтар болса да әр адамның ұлттық рухани күш-қуаты, елім-жерім, ұлтым, ұрпақ тағдыры деген бойына сіңген қайраттылықтың арқасында бәрін жеңді. Оның сыртында осы шаруаның басы-қасында қызмет істеп жүрген азаматтар, казақ елінен келген комиссия мүшелері атам қазақ айтқандай «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ынтымақ-бірлігі жарасқанының нәтижесінде бұл шаруаның ойдағыдай өтуне өз ықпалын тигізгенін атап айтқан жөн.

Бірде тоқсан жастағы әже «Барлық балаларым шалым мен ағайын-туыстарым кететін болды менің төлқұжатымның суреті түсіп қалыпты ұшақтан қалатын болдым!» деп зар жылайды. Ұшаққа келсек адамдар отырып қойған ұшуға дайын, кемпірдің шалының бір дана суретінен басқа еш сурет тападық. Жігіттерге айттым «Шалының суретін жапсырып шекарадан өткізе салыңдар, Өскеменге барса сонда Марат Тоқсанбай жүр өзі бір амалын табар» деп өткізіп жібердім.

Ертеңгісі Марат хабарласып: «Апамызды зорға шығарып алып Қостанайға жібердім, сендер кемпір мен шалды айырмай қалғансыңдар ма? Абайлаңдар мұндай жағдай қайталанбасын?!» дегені әлі есімде.

Ұшақ ұшқалы тұр есігінің алдында айғай-шу болып кетті. Барсам бір азамат кигіз үйінің шаңырағын көтеріп алған. Шекара қызметкерлері «Есің дұрыс па? Бұл шаңырақ ұшақ есігінен сыймайды «камазбен» неге жібермейісің!» десе ол «Мынау менің бесінші атамның қасиеті қара шаңырағы. Камазға салмаймын жоғалып кетсе қайдан табам. Өзіммен бірге алып жүрем. Егер, шаңырақты салмасаңдар менде бармаймын!» дейді.

Байқасам шаңырақсыз ұшаққа отыратын түрі жоқ. Шаңырағын құшақтап әуежайда жатса да өкінгелі тұрған жоқ. Жігіттерді әрең дегенде шаңырақтың қоспасынан ашып ұшақтың артқы жүк салғышына салып жіберуге келістіріп шаңырақты да, жігітті де ұшаққа жайғастырдық.

Міне, мұнан қазақ халқы ата-бабадан жалғасқан қара шаңырағын қандай керемет қастерлеп, құрметтейтінің белгісі. Осындай дәстүр салтымызды қадірлеп құрметтейтін ұрпағымыз көп болса игі деп өз басым риза болдым.

Осы сияқты Жапон соғысында атасының мылтығын ұстап соғысып жаны қалған. Мұралыққа қалдырып кеткен мылтығын шекарадан алып өту заңға қайшы. Бірақ өткіздік. Соңында көшіп келген көптеген адамдарға кезіккен де, сіз солай-солай көмектесіп едіңіз, - деп айтқан рахметтерін талай естіп жүрдім.

Осылай адам өмір тағдырымен ұштасып жатқан талай күрделі мәселелердің орнын келтіріп, шешім қабылдап халқыма қызмет істеп өткен қиын да қызықты кездерді еске алғанда өзіме-өзім риза болғандай сезінемін.

Бір жылдары қараша айының басында Ресей, Моңғолия шекарасын жаяу асып келген Оңдыбай, Серік, Ханат есімді үш азаматты Моңғолия шекара қызметкерлері ұстады. Қолдарында ешбір құжат жоқ. Біреуінің беті, біреуінің аяғы үсінген. Жөн сұрасақ Қазақстан Республикасы Алматы облысы Үшарал ауданынанбыз дейді.

Айтқан сөздері мынау: «Моңғолиядан көшіп барған Жапархан деген азамат бізге Моңғолияға қайта көшкелі отырған он жан ұя бар, сендер өз машиналарыңмен осы үйдерді көшіріп барсаңдар жол қаражатын төлетіп аласыңдар. Сендердің ЗИЛ-130 машиналарыңды мен апарып онда қымбат бағаға сатып берем деген соң біз келістік. Біз шекерадан қалай өтеміз шетелдік төлқұжат жоқ қой дегенде әлгі кісі, онда біздің мықты ағайындар бар өздері шекарадан өткізіп алады, оған уайымдамаңдар, барлығын өзім қатарам деген соң келісім бердік» дейді.


Моңғолиядан көшіп барған ауылдарды біз өз жеке машиналарымызға тиеп, адамдарын отырғызып Ресей шекарасының Ташанты бекетіне келдік. Біз үшеуімізді құжат жоқ деп ЗИЛ-130 машинамыз бен шекарадан өткізбей қойды.

Қаншама адам неше күн сандалып жаттық. Тамақ таусылды қарт адамдар, балалар бар әйел адамдардың да жағдайы кете бастады. Бізбен келісім жасап осы адамдарды бастап көшіріп жүрген Жапархан мырза біздің ЗИЛ-130 маркалы үш машинаны моңғол азаматтарына айдатып шекарадан өтіп, Моңғолияға барып 10 күн ішінде машиналарды сатып ақшасын әкеп беруге уәде берді. Біз Ташанты да тосып жатуға сөз байластық. Көшіп келе жатқан адамдар барлығы шекара асып кетті де, біз Ташантыдағы кеденде қалдық. Бір ай күттік еш хабар жоқ. Бірге келген екі азамат шатырда ыстық суға күйіп қалып зорға Қазақстанға қайтардық. Күн суық киер киім де жоқ. Осы кезде Қазақстаннан Моңғолияға бара жатқан кішкентай баласы бар жігіт пен келіншек құжаты дұрыс болмай шекарадан өте алмай бізбен бірге жатты. Әлгі азамат біз жолды жақсы білеміз. Шекарадан жаяу өтеміз, сендер де жүресіңдер ме? деген соң біз келісіп баласын арқамызға байлап алып екі күн жүріп шекара асып осы жігіттердің таныс бір үйіне келдік. Келісімен қатты шаршағаннан, қатты ұйықтап кетіппіз. Біреулер оятады, тұрсақ мылтық асынған шекара әскерлері келіп тұр екен. Біз ұйықтап жатқанда хабар беріп қойыпты.

Қолымызға кісен салып алып жүретін болды. Бізбен бірге келген жігіт пен келіншекті баласымен сол үйде қалдырды. «Біз бұл жігітке балаңды мойнымызға байлап жүріп аман-есен алып келгенде көрсеткен жақсылығың осы ма?» деп кете бердік. Осымен үшеуіміз жаяу өтіп келіп машиналарымызды алып қайтуға бел байлап Ресейдің Моңғолия шекарасынан жаяу өтіп келіп Моңғоия шекара әскерлеріне ұсталдық. Оңай емес екен екі күн жүрдік біраз үсіп те кеттік әйтеу аман жеттік енді не жасасаңыздар да дайынбыз, бізге көмектесулеріңізді өтінеміз деді. Тексеру барысында айтылған барлық жағдай расталды. Жапархан мырзаны тауып әкелдік. ЗИЛ-130 машиналарды сатып жіберген. Жапарханды біреудің дүние-мүлкін алдап пайдаланған қылмыстық іс бойынша қамауға алдық. Бұл кезде екі ел арасында Елшілік орнамаған, консуль да жоқ еді.

Маған көші-қонға жауапты болып жүрген Қазақстандық азаматтар Ғазез, Марат Тоқсанбай мырзалар келіп бұл қазақстандық азаматтарға байланысты жағдайды біліп, бұл азаматтарға көмектесуді өтінді. Мен де барлық болған жағдайды түсіндіре келе, біздің азаматтардың терістігінен осындай жағдай туындаған. Бірақ, шекара бұзып өту де қылмыстық жағдай. Сондықтан, мынандай көші-қон кезінде екі ел азаматтар арасында наразылық тудырмай шешім қабылдауды ойластырып отырғанымды айттым.

Осылай үш айда тергеу жұмыстарын аяқтап сатылған машиналардың ақшасын Оңдыбай, Серік, Қанаттарға қайтарып беріп ұшаққа отырғызып қайтардық. Міне, біз көші- қонмен бірге мұндай талай-талай мәселелерді шешіп, көші-қон комиссиялары кей жағдайда Елшілік, Консульдық қызметті де атқарған кездер болғанын тілге тиек етіуді жөн көріп осы мәселені қысқаша баяндап отырмын.

Қазақстанға көшіп барған азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету, балаларды мектептерге қабылдау, зейнеттегі адамдардың ақшасын қалай есептеп беру туралы екі елдің Еңбек министрлері арасында шарт жасау керек болды.

Аймақ әкімі осы шарттың негізгі жобасын ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып жасауды маған тапсырды. Осыған байланысты орталықтан Еңбек министрінің Аға кеңесшісі заңгер Батсайхан мырза келіп отыр екен. Халыққа қызмет көрсету бөлімінің бастығы Әкірас мырза үшеуің Қазақстанның да кейбір заңдарына таныса отырып осы жобаны әзірлеуді де қоса тапсырған еді.

Осымен біз бұл алғашқы негізгі жобаны 14 күнде әзірледік. Оны Еңбек министрлігіне тапсырдық. Осы жоба аясында қаншама іс қаралып Қазақстан мен Моңғолия Еңбек минстирлігі арасында алғаш рет келісімшарт қабылданды. Бұл шарттың қабылдануына аймақ әкімі Мизамхан, бөлім бастығы Әкірас, Министірліктегі тұрақты өкіл Сағат Зақанқызы, Қазақстандағы көші-қон қызметкерлері Памир, Ғазез, Марат Тоқсанбайлардың еңбегі зор екенін атап айтқан жөн. Осы шарт аясында қаншама адамдар жылдар бойы зейнет ақшасын алып, күн көріс жасап, қаншама қазақ жастары Қазақстаның жоғарғы оқу орындарына қабылданып өмір жолын тапқанын ұмытпаған абзал.

Осылай атамекенге жол тарытқан үлкен көштің соңына дейін бар күшін салып қазақтың қамын ойлап, елім деп елеңдеген, халықтың батасын алып ризашылығына бөленген, халық арасында моңғол Марат атанып, Баян-Өлгей аймағының ардақты азаматы мәртебесіне ие болған Марат Тоқсанбай ағамызды еске алу да адамгершілік іс дер едім. Бұл ағамызға да халық разы. Әр елге тараған қазақтардың өз тарихи отанына оралуына бар мүмкіншілік жасап қолдау жасаған Қалдарбек Найманбай ағамызды құрметпен еске аламыз. Ағамыздың асыл бейнесі әр қандас қазақтың жүрегінен өзіндік орын алғанына сенімдімін.

Бірде мені Алматы қаласындағы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына шақырып қабылдап, әр елдегі қазақтардың атажұрытқа оралуы сол елдегі көптеген азаматтардың қолдауы мен жақсы іске асып жатқанын мақтанышпен жеткізді. Менің қолыма қауымдастықтың ескерткіш сағатын тарту еткенін әр кез мақтанышпен еске аламын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының I, II, III құралтайына қатыстым. Осы алқалы жиында көптеген өзекті мәселелер шешіліп халық игілігне жарағанына куә болдым. Бұл осы ағаларымыздың халқына деген сүйспеншілігінің куәсі деп білеміз. Осылай Моңғолиядан басталған үлкен көштің қиындығы мен қуанышын бірге көріп халық арасында жүргендіктен сол кездегі болған жағдайларды біреуге сабақ, біреуге ой салар деген тұрғыда қысқаша баяндап жазып отырмын. Моңғолиядан бастама алған көштің басында жүріп бастаушы болған көптеген зиялы қауым ел ағасы болған ағалар, осы істі өз қолдарымен атқарған апайымыз Сағат Заханқызы, Аятхан Тұрысбекұлы ағаларымызды ұлы көштің 30 жылдық мерей тойымен құттықтай келе зор денсаулық баянды бақыт тілейміз. Бұл да бір өзіндік құндылығы бар тарих болып қалуы сөзсіз.

                      

  Моңғолия мемлекетінің «Алтын жұлдыз»,

«Қызыл ту» ордендерінің иегері,

«Моңғолияға еңбек сіңірген заңгер»,

көші-қон салсының ардагері

                                                                                      Мерейхан Қабдылұлы

Ұқсас материалдар