Қандастар Ассамблея

«Мәңгілік ел» мәртебесін асырды

03.09.2021 159

Биыл ұлан-байтақ Ұлы Даламызда қарыштап қадам басып, қанатын кеңге жайып келе жатқан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы жаһанды індет жайлаған күрделі жағдайға тап келсе де, карантин талаптарына сай салтанатты түрде атап өтілуде.

Төтенше жағдай төнгенімен, мемлекет мерейін өсірер тап осы тарихи кезең келешегі кемел еліміздің шежіресіне алтын әріппен жазылатын айрықша маңызды белес екені даусыз.


«Мәңгілік ел» мәртебесін асыратын бұл мерейлі мерзім – мемлекет тарихын таразылап, бүгінін бағалайтын, ертеңін саралайтын салмақты кезең. Осы орайда еліміздің өткен өмір өткелдерін бір елеп-екшеп қойған да жөн.

Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ұлан-байтақ Ұлы даламызды қорғаған ата-бабамыздың сан ғасырлық асыл арманы – азаттықтың ақ таңын көру еді. Аллаға шүкір, мыңжылдықтар тоғысар тұста тәуелсіздік таңын көру бақыты бүгінгі қазақстандықтардың пешенесіне жазылды.

Тәуелсіздік бізге ұлттық, аймақтық және жаһандық өлшемде шексіз жауапкершілік жүгін артты. Біз осынау ұлы тағдырды қабыл алып, бірегей бірлігіміз бен табысты тірлігіміз арқылы тарих сынағынан сүрінбей өтіп келеміз. Халқымыз Тәуелсіздіктің берік тұғырын бекітіп, Мәңгілік Ел болуға бет бұрды, бекем бел буды. Сол себепті, Тәуелсіздік күні – күллі қазақстандықтармен қатар тарихи Отанымен табысқан қандастар мен әлемнің әр қиырындағы отандастарымыз үшін де ең ұлы құндылық һәм ұлық мереке екеніне еш шүбәміз жоқ.


Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының табалдырығы іспетті тағдыршешті таңдар болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Сол күні әлем көгінде «Қазақстан Республикасы» атты жаңа жұлдыз жарқырай туды.

Тұтас дәуірлердің куәсі болған халқымыз талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерді. «Арқада күн жылы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, тағдыр тауанымен талай қаракөз қазағымыз шартарапқа тарыдай шашырап, қара қазан, сары бала қамы үшін жан сауғалап, жан-жаққа үдере көшті. Әр алуан дереккөздерге сүйенсек, бүгінде берісі 5 миллион, арысы 7 миллионға жетеқабыл қандасымыз шекараның арғы шебінде, әлемнің әр елінде тұрып жатыр. Еліміз кешегі Кеңестер Одағынан еншісін алып, егемендігін жария еткен кезде атажұртын аңсап алыста жүрген ағайындар ақсарбас атап, Тәңірге тәубесін айтты. Тәу еткен Тәуелсіздік таңының жылы шуағы талай жылғы тоңды жібітіп, сірескен сең бұзылды.


Орайы келген осы тұста кешегі кеңестік кеңістік келмеске кеткен алмағайып кезеңде егеменді елімізді Тәуелсіздік тәуекеліне бастап, тығырықтан алып шыққан сарабдал саясаткер, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін айрықша атап айтуымыз керек.

Қазақстан дербес мемлекет ретінде өз Тәуелсіздігін жария ете сала Тұңғыш Президентіміз әлемнің әр қиырын мекен еткен ұлты қазақтың бәрін тайлы-тұяғымен тарихи Отанына оралуға шақырып, бір шаңырақ астына бірігуге үндеді.


Сол бір сындарлы шақта Елбасы «Алыстағы ағайынға ақ тілек» атты әйгілі хатын жариялағаны белгілі. Қазақ көшін жандандыру мақсатында «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» құрылып, ең алғашқы Құрылтайдың 1992 жылғы 28-қырқүйек пен 3-қазан аралығында Алматы қаласында өткені әлі ел есінде.

Осы құрылтайда сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан! Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының артуына адал қызмет етуге парыздармыз», өйткені «Бар қазақ - бір қазақ!» деген жалынды сөзін айтып, миллиондаған елдің ет-жүрегін елжіретіп, алашқа асқақ рух сыйлаған еді.

Нәтижесінде атажұртты аңсаған ағайындар елге ағыла бастады. Байырғы баба қонысымен қауышқан қандастар өздерімен бірге қазақтың жоғалуға айналған кейбір салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, ұмытыла бастаған көне сөздерін де ала келді десек артық айтқандық емес. Шетелде туып, егемендікпен бірге елімізбен табысқан талай танымал тұлғалар бүгінде мемлекетіміздің мерейін асыра түссе, қандас өнер жұлдыздары мен сахна саңлақтары қазақтың қастерлі атын айдай әлемге әйгілеп жүр. Ал, іскер бауырлар мен кәсіпкер қандастар қазір халыққа қалтқысыз қызмет етуде.  


Тәуелсіздік рухымен қанаттанған қандастардың сол Ұлы көшіне де биыл 30 жыл толып отыр. Елбасы үндеуімен үлкен үйі - Қазақстан атты қара шаңырағымен қайта қауышқан қандастардың қарасы қалыңдап, тап қазіргі таңда елге оралған отандастар саны 1 миллион 100 мыңнан асты.

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!» деген ата-баба аманатына адал боп, атажұртына ат байлаған ағайындар бүгінде қанатын кеңге жайған Қазақстанның қарыштап дамуына сүбелі үлес қосып жүр.

Осы орайда, былтырдан бері жаһанды індет жайлап, адамзат атаулыға қатер төнген қауіпті кезеңде шет елдердегі отандастардың да қарап қалмай, қалың елі - қазағына қайырымдылық жасап, жанашырлық танытқанын да атап өткен абзал. Олар атажұртына медициналық препараттар, керек-жарақтар мен жасанды тыныс алу аппараттары тиелген бірнеше көмек керуенін жөнелтті. Алыстағы ағайынның бұл жақсылығына риясыз ризалық білдіреміз. Дегенмен, жаһанды жайлаған қауіп әлі де сейіле қойған жоқ.

«Күннің ауыры кетер, тәуірі жетер» деген.

Күлліәлемдік күрделі жағдай оңалып, шекаралық шектеулер алынса, барыс-келіс баяғы қалпына келіп, ойдағы-қырдағы отандастармен жүзбе-жүз қауышар күн де алыс емес деп үміттенеміз.


Енді өз саламызға қатысты аз-кем шегініс жасасақ.

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша алыс-жақын шет елдердегі отандастарды және тарихи Отанына оралған этникалық қазақтарды қолдау мақсатында «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының құрылғаны баршаға аян.

2018 жылы өз жұмысын бастаған «Отандастар қоры» әркез Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен ынтымақтаса отырып, ортақ мақсатқа жету жолында жұдырықтай жұмыла жұмыс істеп келеді.

Қордың негізгі қызметі - шетелдердегі отандастар мен Қазақстанға көшіп келген қандастарға мәдени, білім беру және құқық салаларында нақты қолдау көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады.

Түптеп келгенде, шекараның арғы шебіндегі отандастарға және атажұртымен қауышқан қандастарымызға қамқорлық жасау, әдеби-мәдени тұрғыда қолдау көрсетіп, жанашырлық таныту - Қазақстанның қайта жаңғырып жатқан халықтық қазынасына һәм қазақ руханиятына сүбелі үлес қосу деген сөз. Осы тұрғыда «Отандастар қоры» өз мүмкіндігі шеңберінде ұжымға жүктелген міндеттерді мінсіз атқарып, жоспарлы жобаларды кезеңімен жүзеге асырып келеді.


Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Отандастар Қорының» Шетелдегі отандастарды қолдау департаменті жуырда ғана шет елдердегі отандастар мен елге оралған қандастар арасында «Қазақстан – жүрегімде!» атты халықаралық фотобайқау жариялаған болатын. Ағымдағы жылдың 1 маусымы мен 27 тамыз аралығында байқауда бақ сынауға ниет білдіріп, алыс-жақын 14 шет елдегі этникалық қазақтар мен өзге ұлт өкілдері және елімізге оралған қандастар қатарынан ұзынсаны 90 үміткер тіркелді.

Атап айтсақ: Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Қарақалпақстан, Иран, Моңғолия, Қырғызстан, Нидерланды, Украина, Литва, Қытай, Бельгия, Финляндия және Қазақстан. Нақтырақ тоқталсақ, Ресейден - 29, Моңғолиядан - 12, Өзбекстаннан - 14, Ираннан - 6, Беларусь елінен - 5, Литвадан - 1, Қытай, Украина мен Қазақстаннан - үш-үштен, Бельгиядан - 5, Финляндиядан – 2, ұзынасаны 83 фотожұмыс келіп түсті.

Номинациялар бойынша: «Әдемі тұлғалар» - 28; «Менің сүйікті өлкем» - 31; «Тұрмыс және салт-дәстүр» аталымына жолданған 24 еңбекті елеп-екшеген қазылар алқасы әділ бағасын беріп, байқаудың жүлделі орындары бойынша қорытынды шешім шығарды.


Жүзден жүйрік шыққан үздіктердің талабы мен талғамы, шынайы туындысы, шығармашыл ізденісі, ерен еңбегі еленбей қалған жоқ. Өзіндік өрнегі бар өз жұмысын жолдаған барлық үміткерлерге байқауға белсенді қатысқаны үшін сертификат және барлық жеңімпаздарға арнайы дипломдар табысталды.

Жалпы, бәйгеге түскен бәрінің жұдырықтай жүрегінде елі мен жерін, ұлты мен жұртын ұлықтауға, тарихи тамырын ұмытпауға, көнеден жаңаға, бабадан балаға жалғасқан халықтық қалпын, дәстүр мен салтын сақтап қалуға деген ізгі ниеті көрініс беріп, көз сүйсіндіреді, көңіл қуантады. Әсіресе, өздері өсіп-өнген өлкені өрнектеп, ауыл-елі, аймағын, тауы-тасы, жайлауын таспаға басқан талабы, фотоөнердегі қадамы бей-жай қалдырмайды. Содан да болар, атажұртын аңсап, тарихи Отанын танытуға талпынған талапкерлер арасында көркем суреті көз тартып, көш басынан көрінгендер көп болды. Бөле-жармай әділ баға беріп, қара қылды қақ жарған қазылар шешімі бойынша атап айтсақ:

«Әдемі тұлғалар» номинациясы бойынша:

1-орын Меруерт Митенбаева (Науаи, Өзбекстан);

2-орын Гүлдәурен Сайлау (Моңғолия);

3-орын Әсел Ғалиева (Есіл, Ресей).

«Менің сүйікті өлкем» номинациясы бойынша:

1-орын Ақжан Оспан (Моңғолия);

2-орын Жарқынбек Жұмаділұлы (Қытай);

3-орын Сана Ескелді (Горган, Иран).

«Тұрмыс және салт-дәстүр» номинациясы бойынша:

1-орын Балжан Рзахметова (Үшқұдық, Өзбекстан);

2-орын Меңсұлу Қиякова (Орынбор, Ресей);

3-орын Жексенбай Қайыпұлы (Моңғолия).

Ерекше шығармашылық көрініс бойынша жеңімпаздар:

1.        Виктория Мельникова (Алматы, Қазақстан);

2.        Эльвира Ысқақова (Минск, Беларусь);

3.        Ақмарал Қанат (Баян-Өлгей, Моңғолия);

4.        Гаухар Әлімханова (Финляндия) сынды қандастар үзеңгі қағыстыра қатар келген үздіктер арасынан оза шауып, олжа салды. Ашығын айту керек, байқауда бағы жанып, үздік үштікке енген үміткерлердің дені кәсіби маман, суреткер адам болмаса да, әуесқой талапкер ретінде талғамы биіктігін танытты. Әсіресе, әр түрлі ракурста фото түсіруге қызығып, таңсық өнердің қыр-сырын мейлінше меңгеруге талпынғаны көңіл қуантады.   

Қазылар алқасының төрағасы, «Отандастар Қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов байқауға белсене атсалысқан алыс-жақын шет елдердегі этникалық қазақ жастарына риясыз ризалық білдіріп, алдағы уақытта карантиндік талаптар бәсеңсіп, шекаралық шектеулер алынса, жеңіпаздарды ел астанасы - Нұр-Сұлтан қаласына арнайы шақырып, Қазақстандағы киелі жерлерге саяхат жасатуға Қор тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді. Қоғамның баспасөз хатшысы Нұрымжан Жұмағазиев халықаралық байқау барысын ұдайы баяндап, отандық БАҚ мен әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық демеу жасап отырды. Өз кезегінде қазылар алқасының мүшелері «Нұр-Медиа» медиаредакциясының PR-менеджері Маржан Қуандықова мен білікті маман, кәсіпқой фототілші Аманжол Мамаев та талабы таудай талантты қандастардың қадамына сәттілік тілеп, қатысушылардың қанатына жел бітірді. Отаншыл сезімді оятып, ұлттық рухты ұлықтайтын шынайы шығармалар жолдағаны үшін жүлдегерлерге «Алғыс хаттар» жолданды.


Әсілі, ұлтымыздың ұлық мерекесі - Тәуелсіздік мерейтойы аясында өткен халықаралық байқаудың маңызды мақсаты - шетелдегі қазақ қауымын қолдау, отандастарымыздың тарихи атамекені - Қазақстанға деген ынта-ықыласын арттырып, ұлтжандылық сезімін қалыптастыру болатын. Сонымен қатар байқаудағы басты міндет - отансүйгіштік, елге, жерге деген махаббатын және тарихи Отанына құрметпен қарайтын шынайы сезімін тәрбиелеу, мемлекет тарихына мейлінше қызықтыру, қазақ қауымы өкілдерінің көркемдік және шығармашылық әлеуетін дамыту, олардың шығармашылық жағынан өсуі үшін жағдай жасай отырып, отандастарды Қазақстанның әлеуметтік-мәдени өміріне тарту болып табылды.

Қорыта келе, теңіздің тамшыдан, таудың тастан құралатыны сияқты, аталған игі шара иненің жасуындай болса да, ұлтты ұйыстыру жолында жаңашыл қадам жасауға сеп болады деген ойдамыз. Алыста жүрген ағайынның кемі жүзінің жүрегінде отаншыл сезімнің отын тұтатуға түрткі болса, онда байқаудың бағы жанғаны.

Өйткені «Ұшқыннан жалын лаулайды!»

Әлия Әбілдинова

«Отандастар Қоры» КЕАҚ

Шетелдегі отандастарды қолдау

департаментінің басқарушы директоры