Қандастар Ассамблея

Ұлттық жәдігерімізді ұлықтаған шебер

18.02.2021 76

Ел ішіне ұлттық жәдігерлеріміздің бірі – киіз үй жасап танылған шебер қандасымыз Сарай Хыжабайұлы Моңғолия Халық Республикасында тұрады. Моңғолияда тұратын қазақтар 40 жылдан бері шебердің қолынан шыққан ақшаңқай киіз үйлерді көшпенді тұрмысында қолданып келеді.


Қандасымыз Сарай Хыжабайұлы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Атажұртқа жеткен ақ жолтай хабарды естіп, көңіліміз марқайды. Сарай Хыжабайұлы 1956 жылы Дэлүүн ауданы, Шегіртай ауылында дүниеге келген. Бүгін де 8 бала өсіріп-жеткізген ардақты әке, аяулы жар.

– Киіз үй жасау өнерін бала кезден меңгердім,- дейді кейіпкеріміз. – Моңғолиядағы әр қазақ отбасы менің қолымнан шыққан шаңырағы биік, керегесі кең киіз үйлерді тұрмысында қолданып келеді. Осы өнерімді, адал еңбегімді бағалаған Моңғолия Президентіне алғыс білдіремін. Ендігі мақсатым – атажұртқа барып, осы кәсібімді жалғастыру, ұлттық өнерімізді ұлықтау. Киіз үй жасау шеберлігін Қазақстандағы жастарға үйрету.

                    

«Шебердің қолы ортақ, шешеннің сөзі ортақ» демекші, Ел Президенті Шаған мерекесі қарсаңында 40 жылғы адал еңбегін бағалап, арнайы құттықтауын жіберіпті. Шет мемлекетте тұрса да, қазақ халқының құнды жәдігері киіз үй жасау өнерін жетік меңгерген қандасымызға қандай марапат көрсетсек те жарасады.

Баян-Өлгей аймағында тұратын қазақтардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысатындықтан, Сарай ағаның шебер қолдарынан шыққан киіз үйлер қашан да сұраныста. Тіпті ағамыздың айтуынша, ұлттық құндылығымыз саналатын киіз үйлерге шет елдерден де тапсырыстар жиі түсетін көрінеді. Ата дәстүрімізден қалған киіз үй жасау шеберлігін кейінгі буын жастарға үйретіп, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттап жүрген қандасымызға амандық тілейміз.