Қандастар Ассамблея

Ирандағы қандастар Наурыз мерекесін атап өтті

25.03.2021 133

22 наурыз күні Қазақстан Республикасының Горган қаласындағы (Иран) Бас консулдығы ғимаратындағы Абай орталығында жергілікті қазақ диаспорасының белсенділері, Қазақстан мен қазақ халқының мәдениеті, әдебиеті, тарихын зерттеушілер және ирандық қазақ өнерпаздарының қатысуымен Наурыз мейрамына арналған мерекелік жиын өткізді.


Мерекелік отырыста сөз алған Бас консул Айтжан Айдашев жиналғандарды Наурыз мекесімен құттықтап, ғасырлар тереңдігінен бастау алған, бүгінде үлкен ауқымды рухани ұлттық мерекеге айналған Наурыздың биылғы жылы Қазақстанның тәуелсіз дамуының 30 жылдығында өтіп отырғанына ерекше тоқталды.


Белгілі аудармашы Қажымұхамет Шатқам, тарих ғылымдарының докторлары Оразмұхамет Сарли мен Бибихамиде Мұхаметниязи, әдебиетші Дұрды Карими, қазақ өнер тобының жетекшісі Махса Бикдер және басқалары Наурыздың шығыс елдері үшін бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланатынын, тарихи, мәдениеті және тілі ортақ түркілер мен парсылар арасында жоғары бағаланатынын, оны жыл сайын тойлап отыруды салт-дәстүрге айландырғанын атап өтті.


Салтанатты жиналыс барысында өткен жылы Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени қатынастарды дамытуға үлес қосқан, Әл Фараби мен Абай мерейтойларын атап өтуде еңбек сіңірген тұлғаларға ҚР Мәдениет және спорт министрі, Қазақстанның Ирандағы Елшісі және Горган қаласындағы Бас консулы атынан құттықтау грамоталары, алғыс хаттар тапсырылды.


Мерекелік жиынның ресми бөлігінің соңында ҚР Бас консулы биыл тойланғалы отырған Қазақстанның 30 жылдығы, Ә.Бөкейханов, Ж.Жабаев, Д.Нұрпейісова, М.Мақатаев, Қ.Мұңайтпасов және басқа көрнекті тұлғалардың мерейтойларына арналған іс-шараларға ирандық мәдениет, ғылым және қоғам қайраткерлерінің белсенді түрде қатысатындарына сенім білдірді.

Іс-шара ұлттық тағамдар қойылған мерекелік дастарханға ұласып, наурыз көже, бауырсақ, қазы-қарта, тағы бірқатар қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды. Сонымен бірге, жергілікті қазақ диаспорасының өнерпаздары арнайы дайындаған концерт қойылды. «Көроғлы», «Ерке сылқым», «Адай» күйлері тыңдалды, қазақ халық әндері шырқалды. 

Ұқсас материалдар