Қандастар Ассамблея

Ирандағы «Абай және Әл-Фараби» мәдени орталығы

09.06.2021 253

Иран қазақтары негізінде Гүлстан облысында тұрады. Нақты саны 6-7 мың шамасында болады. Соған қарамастан білім, спорт және өнер саласында талантты жастарымыз республика деңгейінде қазақтың атағын шығарып жүр. Мысалы, Иранның ұлттық бокс командасында былғары қолғап шеберлеріміз өнер көрсетеді. Қазақтар облыстың Горган, Бендер Түрікмен және Гүнбад қалаларында шоғырланған. Қазақтардың ресми тіркеуден өткен қоғамы жоқ. Жуырда Горгандағы ҚР бас консулдығы жанында «Абай және Әл-Фараби» мәдени орталығы ашылды. 


Әзірше бір тұрақты мекенжай берілгенше осы бас консулдықта басқосу жиындар өткізілуде. Қазақтар бас консулдықпен тығыз қарым-қатынаста. Бас консул Айтжан Айдашев әртүрлі жағдайларға байланысты қазақ белсенділерінің басын қосып, ақылдасып, түрлі мәдени шаралар өткізуге қамқорлық жасап тұрады. Соңғы кездері алғаш рет Горганда Қазақстан мен Иранның мәдени кеші өтті. Екі ел қайраткерлерінің шешімімен осы шара бұдан былай мәдени апталық көлемінде екі жақтың Маңғыстау және Гүлстан облыстарында жыл сайын алма кезек өткізілетін болды. Биыл алғаш рет Наурыз мейрамын «Абай және Әл-Фараби» мәдени орталығында атап өттік. Иран қазақтары, әсіресе жастар арасында ана тілін үйренуге деген қызығушылық зор. Қазақ тілінен өтетін онлайн сабақтарға балалар ата-аналарымен бірге қатысуда. 


«Отандастар Қоры» КЕАҚ және ДҚҚ мен байланыс жоғары деңгейде. Осындағы қандастарымыз жоғары оқу орындарына студенттер қабылдау және түрлі олимпиадаларға қатысу туралы мәліметтерді алып, сайыстарға қатысып тұрады. Қандастарымызға арналып ұйымдастырылатын қазақ тілі сабағының техникалық жетекшісі Асқар Қазақ деген азамат. Ол түрлі мәдени шаралар туралы қажетті ақпаратты осындағы қандастарға дер кезінде парсы тіліне аударып жеткізіп тұрады. Бендер Түрікмен қаласынан Шахире Қазақ ханым «Отандастар Қоры» КЕАҚ жанынан құрылған «Жас қазақ» жастар клубының мүшесі. Атажұртта өтіп жатқан онлайн домбыра үйрету сабағына қатысушылар да аз емес. Иран елінде де домбыра сабағын үйрететін «Болашақ» атты өнер тобын құрған Махса Бектұр есімді қарындасымыз қазақтың ұлттық өнерін насихаттау мен дамытуға өз үлесін қосып жүр.

Жафар Шадкам, Ирандағы ардагер қазақ журналисті,

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мүшесі. 

Ұқсас материалдар