Қандастар Ассамблея

Домбырашылар дәріптелген дәстүрлі байқау

24.02.2021 572

Қазақтың қара домбырасының үнінен – күмбірлі күйі, жыраулық пен жыршылық өнері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ұлтымыздың рухани қазынасына айналды. Домбыра тілі қос ішектің шанағынан сыр ақтарып, әлемге асыл дәстүрімізді көрсетеді.


21 ақпан күні Тамды ауданында он бес ауылдан жиналған 400-ге жуық жас домбырашы аудандық мәдениет үйінде «Өнерлі домбырашы жастар» байқауына қатысты. Сайыста ата-бабалардан ұрпаққа мұра болып жеткен күй мен жыршылық өнер, домбыра тарту шеберлігі сынға түсті. Сайыскерлер оркестрдің сүйемелдеуімен қазақ әндерін әуелете шырқады. Байқау тамдылық талантты жастардың шығармашылық қабілетін шыңдап, өскелең ұрпақты ұлттық аспапты құрметтеуге үйретті. Өнер бәйгесінің мақсаты – ауыл жастары арасында қазақ ұлттық аспаптарының орындалуын, ән және күйшілік өнерді өнерсүйер жұртшылыққа кеңінен насихаттау, жас таланттар мен шебер орындаушыларды табу, дарынды өнерпаздардың кәсіби шеберліктерін арттыруға бағытталды.


Биылғы жылы алтыншы мәрте өткізіліп отырған байқау талантты өнерпаздарды анықтап, халқымыздың төл мәдениетін, дәстүрлі терме, жыраулық және оркестр орындауындағы ән-күй мәдениетін өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында өткізіліп отыр. Өнер сайысын Тамды ауданы әкімдігі, аудандық мәдениет бөлімі, аудандық халыққа білім беру бөлімі, аймақтық Жастар ісі агенттігі және Өзбекстан жастар Одағы Тамды аудандық бөлімі ұйымдастырды. Дәстүрлі байқаудың көрігін қыздырып, өнер аламанының сәтті өтуіне үлес қосқан ұйымдастырушылардың бірі Нұрлан Бекназаровты айырықша атап өтуге болады. Ол 2015-2016 жылдары Жастар Одағының басшысы қызметінде жүріп, аудандық халыққа білім беру бөлімі мен аудандық мәдениет қызметкерлеріне өнерлі жастар байқауын ұйымдастырып, ұлттық өнерімізді жас ұрпаққа дәріптеу бастамасын көтерген еді. Аталған ұсыныс алқалы жұрттың алғысына бөленіп, мәдениет қызметкерлері мен ауыл мектептерінің оқушыларынан қолдау тапты. Бүгінде байқау жыл сайын көрермендер мен тамдылық жалынды жастар асыға күтетін өнер сайысына айналып, қатысу шарттары да жыл сайын күрделеніп, өзгеріп отырады. Байқауға қатысқан балалар домбырадан басқа сазсырнай, қобыз, баян, шылдырмақ сынды ұлттық аспаптарда ойнайды.

   Жастарды жұмылдырған өнер бәйгесі

Байқаудың талабына сай жас домбырашылар таныстыру, оркестрдің сүйемелдеуімен орындалатын топтық ән, ұлттық би, топтық хор, ұлттық фольклор бойынша ән-терме орындау арқылы өнерлерін ортаға салды.


Қатысушылар қазақ тарихының өнер әлеміне тылсымнан тербеп күй төккен Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл, Тәттімбет, Махамбет, Дина, Сүгір, Қазанғап сынды күйшелердің шығармаларын орындап, композитор Тәуелбайдың туындылары тамдылық көрерменнің ықыласына бөленді.

Шараға Тамды ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Бекназаров, Тамды ауданы халыққа білім беру бөлімі меңгерушісі Мэлс Базарбаев, аудандық мәдениет бөлімі меңгерушісі Жұлдыз Өтемұратова мен тамдылық жырау Жалғас Жүсіпов, зейнеткер әнші-сазгер Нәписа Балабаев, Үшқұдық қаласы мәдениет бөлімінің меңгерушісі Жани Алпамысов қатарлы қазылар алқасы өнерпаз балалардың лайықты бағасын берді.


Байқау нәтижесіне қарай жүлделі ІІІ орынды Көнетамдыда орналасқан №21 мектебі мен Керегетау ауылының №9 мектебі, жүлделі ІІ орынды Тамдыбұлақ ауылдық №1 мектебі мен Рахат ауылының №18 мектебі өнерпаздары, Жаңашаруа елді мекенінен келген №7 мектептің оркестр тобы жүлделі І орынды иеледі. Жырық ауылынан келген №13 мектептің дарынды домбырашылары «Бас жүлдеге» лайық деп табылып, байқауда орындаушылық шеберлігі, оркестр орындаған ән-күйінің көркемдік деңгейі және сахналық мәдениеті мен ұлттық киім үлгісі, дарыны арқылы қатарластарынан оза шауып, биіктен көрінді.

Ұстаздан шәкірт озар

Мақсат Қалбаев Жырық ауылының оқушыларын домбыра шертіп, күй орындауға үйретіп жүрген, ұлағатты ұстаз.Ұстанымын өзінің өмірлік позициясына айналдырған Мақсат 1988 жылы Тамды ауданында туған. Екі жасында нағашысы Алдияр Досмұратов қолына домбыра ұстатып, ұлттық өнерге деген махаббаты оянады. Майлықожа, Құрманқазы, Естайдың күйлерін шертіп, ақын жазушылардың 100-ге жуық әнін тамылжыта орындап үйренеді. 2012 жылы №13 мектепке балалар жетекшісі және музыка пәні мұғалімі болып орналасты. 2016 жылдан бері домбыра байқауына бала тәрбиелеп, «Үкілі домбыра» тобын құрған Мақсат Ғалиұлы баян аспабында да шебер ойнайды. Ол домбыра аспабын ауыл балаларына тартуды үйрете отырып, әр баланың көзіндегі ұшқын мен өнерге деген ықыласын бағалай білді. Өнерлі жырауға мектеп директоры Ерлан Рабаев көмек қолын созып, балалардың ұлттық киіммен қамтамасыз етілуіне бір кісідей атсалысады. 

 

Бүгінде өнегелі ұстаз Мақсат Ғалиұлының жүзден аса өнерпаз шәкірттері бар. Шәкірттерінің алды Науаи мемлекеттік педагогикалық институтында білім алып жатыр. Жас жыраудың еселі еңбегі бағаланып 2020 жылы 27 тамыз Ел Президентінің Жарлығымен «Шухрат» медалімен марапатталды.


2016-2019 жылдары өнер сайыстарында жүлделі І-ІІ орындарды иелеп, облыстық, республикалық байқауларға жолдама алған жырықтық дарынды оқушылар «Үкілі домбыра» тобы осы жылы бас жүлдеге лайық деп танылып, ауылдастар абыройын асқақтатты.

Дарынды домбырашылар марапатталды

Күні бойы Тамдыбұлақ елді мекенін күйге бөлеген байқау кеше мен бүгіннің үні іспетті қайта жаңғырып, тамаша қорытындыланды. Әрбір қатысушының шығармашылық ынта-жігерін дамытқан, ән-күй байқауы ауыл балаларының болашақта талантты музыкант, композиртор, өнерлі биші, дарынды иесі болуына негіз қалады. Марапаттау салтанаты гала-кон­цертке ұласып, жеңімпаздарға диплом және бағалы сыйлықтар берілді.

Гүлдана Нарынбетова,

Өзбекстан Республикасы

«Нұрлы жол» газеті Науаи облыстық тілшісі.