Қандастар Ассамблея

Дипломатиялық кездесу

12.03.2021 75

«Отандастар қоры» Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлерімен онлайн кездесу өткізді.

Кездесу барысында «Отандастар қоры» вице-президенті Мағауия Сарбасов Қоғамның мақсат-міндеттеріне және қызметіне тоқталып, алдағы уақытта шетелдік мәдени-гуманитарлық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайту жолындағы жоспарлармен бөлісті.


Іс-шара аясында ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен орыс және қазақ тілдерінде жарық көрген «Диаспоралық қоғамдастықтардың өзара іс-қимылы мен оларды қолдаудың халықаралық тәжірибесі» атты кітап-ақпараттық анықтамалықтың таныстырылымы өтті.

Кітапта көші-қон және халықтың қоныстануы мәселелерімен айналысатын халықаралық, өңірлік халықаралық ұйымдардың негізгі құрылымдары мен қызметі туралы ақпарат ұсынылған. Диаспоралық саясаттың халықаралық тәжірибесі, этникалық, мәдени және көшіп келушілердің ұйымдармен ынтымақтастығы қарастырылады, олардың ресми мекен-жайлары, байланыстары көрсетіледі.

Анықтамалыққа білім беру саласындағы ұлттық, этникалық, діни және тілдік азшылықтардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша халықаралық заңнамалық, нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ көші-қон және көші-қон саясаты, этникалық қазақтарды тарихи отанына қайтару және т. б. мәселелері бойынша ҚР нормативтік-құқықтық актілері енгізілді.

Анықтамалық мемлекеттік қызметшілерге, дипломаттарға, студенттерге, зерттеушілерге, сондай-ақ халықаралық қатынастар, сыртқы және диаспоралық саясат мәселелеріне қызығушылық танытқан барлық оқырмандарға арналған.

Ақпарат үшін:

«Отандастар қоры» КЕАҚ (Коммерциялық емес акционерлік қоғам) 2017 жылы өткен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының V құрылтайының қорытындысы бойынша Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылды.      

Қоғам қызметі «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» республикалық қоғамдық ұйымымен бірге екі бағытта жүргізіліп келеді: қазақ диаспорасының ұлттық-мәдени орталықтарымен ынтымақтастықтықты нығайту және шетелден келген қандастарға қазақстандық қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету.

«Отандастар қоры» құрылтайшылары – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. 

Ұқсас материалдар