Қандастар Ассамблея

Бітімі бөлек, тұғыры биік –Тәуелсіздік тұлғасы

04.02.2021 795

Биыл тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, егемендік бастауы «желтоқсан оқиғасының» 35 жылдығы секілді еліміздің әр саласында атаулы іс-шаралар, айтулы мерекелер  тойлануда. Міне осындай мерекелерге сыртта қалған қазақ жерінде туып, тәуелсіз отанына ту ғылымның туын тіккен биолог-эколог ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультетінің деканы Болатхан Қазыханұлы Заяданның 60-жылдық мерейтойы да тұспа-тұс келуде. Болатхан Қазыханұлының тәуелсіздікке тартуы елге оралған 1997-жылдан бастап ғылым мен білім, әкімшілік және қоғамдық салаларда аянбай тер төгуі еді. 

                       

                                                                 Фото: Академик Болатхан Қазыханұлы.

«Болмасаңда ұқсап бақ» деп Ұлы Абай айтқандай, Болатхан Қазыханұлы секілді білім мен ғылымда өз орынын тауып қаланған кіріпш болу үшін, мықты рух, қажырлы еңбек, қарапайым адамдық болмыс, жүректе қайрат керек екені анық. Болатхан Қазыханұлы еліміздің биотехнолгия саласын қазақша сөйлетіп жүрген санаулы ғалымдардың бірі. Осы күнге дейін 20-дан астам оқу құралдары мен оқулықтары баспадан шықты. Олардың қатарында «Тағам биотехнологиясы», «Экологиялық биотехнология», «Су тоғандарының микрофлорасы», «Биотехнология негіздері», «Микробалдырлардың таза дақылдарын бөліп алу және оларды белесенді өсіру тәсілдері», «Биология талапкерлерге дәнекер», «Фототрофты микроорганизмдердің биотехнологиясы бойынша зертханалық практикум» атты оқу-құралдары, «Каталог коллекции культур микроводорослей и цианобактерий» оқу-әдістемелік құралыдары бар. Сондай-ақ орыс тіліндегі «Биомониторинг водных экосистем на основе микроводорослей», «Фототорфты микроорганизмдер биотехнологиясы», «Экологическая биотехнология фототрофных микроорганизмов» атты монографиялары, «Биотехнология фототрофных микроорганизмов» атты оқу-құралы, «Каталог коллекции культур микроводорослей и цианобактерий» оқу-әдістемелік құралдары жарық көрген. 

Қазақстандық ғылым әлемдік ғылымның бір бөлігі және қазақ ғылымын халықаралық деңгейге көтеру үшін ағылшын тіліндегі ғылыми еңбектерді оқып-біліумен қоймай, өз еңбектерін ағылшын тілінде жариялай да білу еліміз ғалымдарының алдында тұрған міндеттің бірі. Болатхан Қазыханұлының 2000-жылы Үндістанның Хайдарабад, Дели қалаларында  Ғылыми-практикалық орталығында және 2009 жылы Ұлы Британияның Лондондық университет колледжінде (UCL) тәжірибе-жинақтаушысы болып тағылмдамадан өтуі оған ағылшын тілін еркін меңгеріп, әлемнің ғылыми әдебиеттерімен танысуға жол ашты. Ол ағылшын тіліндегі «Basics of Biotechnology» оқулығын, «Environmental biotechnology» оқу құралымен бірге 80-нен астам мақалалары Web of Science, Scopus базасында жарық көрді. Осының арқасында,  2017-жылы Web of Science Core Collection деректері бойынша 2012-2016 жылдар аралығында «Жасыл энергетика» саласындағы қазақстандық ғалымдар арасында жоғары дәйексөз келтіргені үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің дипломымен және осы жылы Springer Nature баспасының журналдарында жарияланым белсенділігінің жоғары көрсеткіштері үшін Springer Nature халықаралық сертификатының иегері болды. 2019-жылы  «Top researcher in Engineering and technologies» номинациясы бойынша Scopus Award-2019 дипломының иегері атанды.

Студенттік жылдары Ұлан-Батыр  қаласындағы Моңғол мемлекеттік университетінің жаратылыстану факультетіне өткен Болатхан Қазыханұлы  биофизика және биология мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алып, үздік оқығандығы үшін, сол кездегі университет басшыларының қолдауында  1983 жылы ғылыми-өндірістік тәжірибеден өту үшін оны М. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетіне және А. Жданов атындағы Ленинград Мемлекеттік университетіне жіберіледі.

Болатхан Қазыханұлының ғұлама ғалым болып қалыптасуына 1989-1990 жылдар аралығында КСРО Ғылым Академиясының К.А. Тимирязев атындағы «Өсімдіктер физиологиясы институтында» әйгілі альголог мен биотехнолог мамандар б.ғ.д., профессор В.Е. Семененко, Л.Н. Цоглин және М.Г. Владимированың жетекшілігімен зерттеуші-тәжірибе жинақтаушы болып жұмыс істеуі болды. Әсіресе, 1990-жылдың соңынан Ленинград мемлекеттік университетінің биотехнологиялық орталығында КСРО-ға әйгілі б.ғ.д., профессор, КСРО ҒА академигі С.Г. Инге-Вечтомов, б.ғ.д., профессор К.В. Квитко, б.ғ.д., профессор Б. В. Громов, б.ғ.к., профессор А.С. Чунаев сияқты ғалымдардан 2 жылдық тәлім алуы оның микробиология саласында жаңа ізденіс жасауына алып келді. 1993-жылы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің генетика және селекция кафедрасына аспирантураға қабылданғаннан кейін, ол гербицидке төзімді Chlamydomonas reinhardtii-дің мутантты штамдарын алу бойынша жұмыс жасап,  1996-жылы «Норфулорозанға төзімді Chlamydomonas reinhardtii мутантты штамдарының генетикалық талдауы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Ресей жерінде жүріп сол кездегі қазақстандық жас ғалымдар М.Сапарбаев, С.Мұхамбетжанов, С.Джокебаева, А.Маненкомен тынысып жақын араласуы, қанына сіңген отаншылдық рухы Болатхан Қазыханұлының 1997- жылы ата жұртқа бір жолата ат басын бұруына себепші болады. Елге оралған соң ол еңбек жолын Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің экология кафедрасында доцент қызметінен бастайды. 2001-жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық унниверситетіне ауысып күні бүгінге дейін қызмет істеп келеді. 

Айта кетерлігі «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей тәуелсіз отанға оралған Болатхан Қазыханұлының ғылыми жетекшісі еліміздің биология саласына елеулі еңбек сіңірген, б.ғ.д., профессор, Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Ажар Ахметқызы Жұбанова болды. Сол кездегі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология факультетінің деканы Ажар Ахметқызының қолдаумен Б.Қ. Заядан 2006 жылы 03.00.16 – «Экология» және 03.00.07 – «Микробиология» мамандықтары бойынша «Су экожүйелерінің мониторинг, функциясы және ремидиациясындағы фототрофты микрооганизмдердің рөлі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Араға екі жыл салып ҚР БҒМ білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің 2008 жылғы 30 мамырындағы шешімімен «профессор» ғылыми атағын алды (№0000442). Ал 2017-жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент - мүшесі болып сайланып, 2020-жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі болды.

                      

Фото: «ЭКСПО-2017 аясында биодизель өндірісі үшін фотобиореакторларда микробалдырларды жаппай өсіру» халықаралық жоба жетекшісі проф. Заядан Б.Қ  Астана, 2017 ж.

Академик Болатхан Қазыханұлының бастамашылығымен  өнеркәсіптік биотехнология үшін болашағы мол 13 туыс және 25 түрден тұратын микробалдырлардың 90-ға жуық табиғи және мутантты штамдарынан тұратын әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің микробалдырлар мен цианобактериялар коллекциясы құрастырылды (CCMKazNU-Culture Collection of microalgae, Al-Faraby Kazakh National university). 2017-жылы Б.К. Заядан Астанада өткен «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналған EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысты, онда энергия үнемдеудің үздік әлемдік технологиялары, қолданыстағы баламалы энергия көздерін пайдаланудың жаңа әзірлемелері мен технологиялары ұсынылды. - Ол шетелдік Adunic АГ (Австрия) және EcologicStudio (Лондон) компанияларымен бірлесіп «ЭКСПО 2017 шеңберінде фотобиореакторларда биодизель алу үшін микробалдырларды жаппай дақылдау және мониторингілеу» жобасын басқарды. Қазірге дейін 15-тен астам халықаралық және отандық ғылыми-зерттеу жобаларының жетекшісі болған Академик  Болатхан Қазыханұлы отандық және шетелдік 20-дан астам (Азия, Еуропа елдері және АҚШ) халықаралық конференцияларға қатысып баяндама жасады. Сонымен бірге, АҚШ, ҚХР, Польша, Ресей, Чехия, Жапония және Ұлыбританияның ірі ғылыми орталықтарымен бірлескен зерттеулерін белсенді жүргізіуде.

Болатхан Қазыханұлының тағы бір қыры оның ғылыми-педагогикалық қызметпен бірге басшылық және қоғамдық жұмыстарды қоса атқаруы. Ол 2011-2015жж. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биотехнология кафедрасының меңгерушісі болды. 2015- қазіргі күнге дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология және биотехнология факультетінің деканы болып қызмет істейді. Осы кезеңде университет рейтингінің индикативтік жоспары бойынша факультет жетекші орындарға ие болды, 16 жаңа білім беру бағдарламасы, 4 қос дипломды білім беру бағдарламасы енгізілді, 4 жаппай онлайн курстар әзірленді. Осы уақыт ішінде факультетте студенттер контингентінің өсуі байқалды. Сонымен қатар, факультет түлектері 100% жұмыспен қамтылды.

Қазіргі уақытта академик Болатхан Қазыханұлы «Биоотын өндірісі үшін цианобактериялардың перспективалы штамдары негізінде биосутегі алу технологиясын әзірлеу» жаңа бағытымен айналысады. Биологиялық отындардың әр түрлерінің ішінде биосутегі ең таза және құнды түрі және болашақтың экологиялық таза және жаңартылатын энергия тасымалдаушысы ретінде ең перспективалы энергия көзі бола алады. 

Академик Болатхан Қазыханұлының ең алғаш б.ғ.д., профессор, Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, қазіргі уақытта РМК «Микробиология және вирусология институты» бас директоры А.К. Садановтың үлкен адами қолдауымен алғашқы кандидаттық диссертация қорғатқаннан (Шорабаев Е.Ж., 2000 ж.) күні бүгінге дейін жетекшілігімен 6 кандидаттық, 9 PhD докторанттық, бірнеше ондаған магистрлік диссертация қорғатты. Ғылымға тамырын терең тартып, жапырақ жайған ғалымның шәкірттері Алтай, Арқа мен Атырау арасында әр салада қызмет атқаруда, тіпті шетел асып онда өз еңбектерімен мойындатқандары да жетерлік.

                         

Фото: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Биология және биотехнология проблемалары ҒЗИ Биотехнология лабораториясы ұжымы. Алматы, 2021 ж.

Осындай тынымсыз еңбектерінің арқасында Академик Болатхан Қазыханұлы 2008 және 2018 жылдары «Қазақстан Республикасының ЖОО үздік оқытушысы» атағымен, 2014-жылы «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-не 80 жыл» мерейтой медалімен марапатталған. 2014-жылы ҚР ғылым мен техниканың дамуына үлес қосқан ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия иегері. 2016-жылы педагогикалық қызметіндегі жетістіктері үшін ҚР БҒМ «Ы. Алтынсарин» төс белгісімен марапатталған. 2018-жылы ҚР БҒМ «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен 2019-жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, 2019-жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Ерең еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

                            

Фото: ҚР Білім және Ғылым министрі А.К. Аймағамбетовтің «Scopus-Award-2019» дипломымен марапатталу сәті Нұр-Сұлтан, 2019 ж.

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп дана бабаларымыз бекер айтпаған ғой. Болатхан Қазыханұлының арғы атасы 18-ғасырда өмір сүрген батыр Қожаберген жырау болса, өз әкесі Қазыхан Заяданұлы Моңғол Халық Республикасында ұзақ жылдар бойы Қобда орта мектебінің химия және биология пәндерінің оқытушысы, оқу ісінің меңгерушісі және директор болған. «Әке көрген оқ жонар» дегендей Болатхан Қазыханұлы жастайынан қамқор әке, аяулы ананың баулуында білімге құштар болып өсті. Бұған тағы бір жағынан туған жері тұмса табиғаты көз сүріндірер, тұнық ауа, бал бұлақты Бай өлкенің де қасиетті топырағы әсер еткені сөзсіз. Болатхан Қазыханұлы 1969 жылдан 1979 жылға дейін Қобда аймағы орта мектептерінде оқып жүрген кезінде-ақ тірі табиғатқа әуестеніп, айналасындағы биологиялық құбылстарды зерттей бастаған. Сонымен бірге, мектеп өміріндегі әртүрлі қоғамдық, әлеуметтік жұмыстарға белсене араласып отырған.

«Табысқа жеткен еркектің артында ақылды жары тұрады» демекші, құдай қосқан қосағы  Сәуле Білалқызы Болатхан Қазыханұлымен бірге өмірдің ащы-тұщысын бірге татып, көп уақытын ғылыми зертханаларда, әкімшілік жұмыстарда, ғылыми іссапарларда өткізетін отағасының жолын күтіп, жоқтығын білдірмей, балалары мен немерелерінің де отағасының да рухани тірегі, аналық жылуы болып келеді. «Балапан ұяда нені көрсе ұшқанда соны алады» дегендей әке тәрбиесі мен тәлімін көріп өскен балалары да білім мен ғылым жолын қуған азаматтар. Академик Болатхан Қазыханұлының ұлы Мұхтар Халықаралық қатынастар саласынан PhD докторлық қорғаған. Қызы Кенжегүл Болатханқызы биотехнология бойынша PhD. докторлық қорғап, қазір постдокторантурада ғылыми зерттеулерін жалғастыруда. Кіші ұлы Олжас Экономика мамандығы бойынша докторантурада оқыса, келіні Марал Математика ғылымдарының PhD докторы.

                       

Фото: Академик Болатхан Қазыханұлы отбасымен.

Қазіргі уақытта академик Б.Қ. Заядан қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуда. Ол ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің биологиялық ғылымдар бойынша Сараптамалық кеңесі төрағасының орынбасары қызыметінде  атқарды. Сондай-ақ, Заядан Б.Қ. биотехнология мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мамандандырылған докторлық Кеңесінің мүшесі, ҚазҰУ хабаршысы журналының бас ғылыми редакторы («Экология» сериясы), International Journal Biology and Chemistry және ҚР ҰҒА Хабаршы журналының биологиялық және медициналық сериясының редакциялық алқасының мүшесі болып табылады. Сондай-ақ Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің биология мамандығы бойынша комиссия төрағасы,  АҚ «Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығының» сарапшысы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінің Ғылыми кеңесінің төрағасы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңесінің мүшесі. Биылғы жылдан бастап Болатхан Қазыханұлы Ұлттық Ғылыми Кеңестің мүшесі болып сайланды. Және де  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мүшесі ретінде қоғамдық қызметпен белсенді айналысады. 

Академик Болатхан Қазыханұлы елімізге оралған қандастардың арасында бірден-бір Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі болып табылады. Бұл егемендіктен кейін Елбасы өз бастаған қазақ көшінің жемісінің айғағы.

Біз алпыстың асуынан асып жатқан Академик Болатхан Қазыханұлының деніне сауылық, істеріне береке тілей отырып, бергенінен берері мол осы ғұлама ғалымның қазақ елі ғылымының бір уығы болып шаншылып қалуына, шәкірттеріның көп, шығар шыңының бұдан да биік болуына тілектеспіз.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым  Академиясының корреспондент-мүшесі,  биология ғылымдарының докторы,  профессор Төлеуханов Сұлтан Төлеуханұлы, Биомедицна ғылыми-зерттеу орталығының директоры PhD., Әлібек Ыдырысұлы.