Бабамыздың базынасы қарыз болып қалмасын

18.09.2020 53

1993 жылдың жаймашуақ жазы болатын. Жылына бір рет берілетін еңбек демалысымды алып, туған жерге барып қайту мақсатымен Павлодардан Зайсанды бетке алып жекеменшік көлігіммен жолға шықтым. Көлік салонында жұбайым мен екі балам ғана.

Ол кездерде дәл бүгінгідей бел асқан сайын кел-кел деп тұратын дәмхана, шайхана деген дүниелер жоқтың қасы. Барар жеріміз ұзақ болғандықтан Көкпекті мен Георгиевканың арасындағы таулы алқаптардың біріне тоқтап, ас-суымызды ішіп, біраз тынығып алуды ұйғардық.

Қолдың оң қапталындағы тау етегін ала жайқалып өскен тал-терекке жақынырақ келіп тоқтап жатырмыз. Айналасы кілем төсеп қойғандай көк майса. Жанында сылқылдай аққан мөлдір бұлағы бар мұндай табиғаты ғажап орын сирек кездеседі.

Үйден ала шыққан ас-суымызды ішіп бола бергенде, қарсы беттегі белден бір отар қой көрінді. Атынан түскен қарт бақташы, шылбырын тобылғының түбіне байлап, сол жерге біраз аялдайтын сыңай танытты. Балалар дем алғанша біраз уақыт оздыруды ойлап, ақсақалға барып амандасуды жөн санадым.

Сол кездерде жас шамасы жетпісті еркін аралап қалған Кәрім ақсақал кешегі қазақ даласына қолдан жасалған аштықты да, 37-жылғы қуғын-сүргінді де, одан берідегі Ұлы Отан соғысы мен тың игеру науқаны дейсіз бе, қысқасы Кремльдің қазақ халқына жасаған қиянаты мен қияпатының біразын басынан өткерген әңгімешіл адам екен.

Шамалы әңгімелесіп, енді қайтуға ыңғайланғанымды байқаған ақсақал: «Балам мына төңіректің өзге жерлерге ұқсамайтын өзіндік тылсымы бар. Асығыс болмасаң тыңдап кет. Бәлкім болашақта бір қажетіңе жарар. Осыдан соң екеуіміздің қайтып жолықпасымыз анық» деді, созылып жатқан сай аңғарынан көзін алмай.

Мен ақсақалдың сөзіне елең ете қалдым да: «Асығыс емеспін ақсақал. Ол қандай тылсым, нендей оқиғамен байланысты?» дедім қызығушылығымды жасыра алмай.

Тағдырдың қатал сындарына сыр алдырып сынбаған шежіре қария сәл үнсіздіктен соң әңгімесін бастап кетті.

- Ілгеріде осы төңіректе Байбура деген атақты би болыпты. Билігіне жүгіне келген халықты «Бай-жарлы, төре-қара» деп бөлмей, қара қылды қақ жаратын әділ әрі шоқ тілді шешен адам болған көрінеді. Оның осындай турашылдығын естіген жұрт Семей, Шығыс өңірін айтпағанда, сонау арқадағы Қарқаралы, Ерейментау, Баянауыл баурайынан ат сабылтып іздеп келген дейді. Күндердің күні жасы жүзге жақындаған шағында Байбура дүниеден өтеді. Досына абыройлы, қасына айбарлы бидің қазасына егілмеген жан қалмапты. Осы өңірдегі игі-жақсылар ақылдаса келе «Өткен-кеткен жолаушылар дұға оқып, жарықтықты естеріне ала жүрсін» деген оймен биді күре жолдың бойына, арлы-берлі жүрген жүргіншілерге көрнекті жерге жерлепті.

Содан күндердің күнінде, жылдардың жылында «Кеңес» деген үкімет пайда болды. Жарықтық кеңес үкіметінің халыққа пайдасы да, зауалы да мол еді. Оның бәрін жіпке тізгендей тәптіштеудің қажеті болмас. Сөздің қысқасы, бертініректе сол кеңес үкіметі жаңадан жол құрылысын қолға алады. Олардың жазылып-сызылып, жоғары жақпен бекітілген жобалары бойынша жаңа жолдың бір тұсы тура Байбура бидің бейітінің үстінен өтетін болса керек. Алайда Құдайдан қорықпайтын кеңес үкіметінің «құдайсыз атеистері» жергілікті халықтың наразылығына қарамастан бидің бейітін шынжыр табан трактормен ысырып тастап, өз дегендерін істеді. Сол оқиғадан соң осы өңірдің ауа райы күрт өзгерді. Байбураның тұсынан өткен көліктер ел-аман, жұрт- тынышта, күн демей, түн демей жиі-жиі апатқа ұшырап, кісі өлімі көбейді. Қыстың күндері бұл жер ақ түтек бораннан көз ашпай, қаншама көліктер жолда қалып, қаншама жолаушылар үсіп өлді.

Бір ғажабы, өзге аймақтарда күннің көзі шайдай ашық тұрса да, Байбура асуы булығып, буырқанып жатады. Шамасы би бабамыздың аруағы кешегі кер заманның көксоққандарының қорлығына, соны көріп-біле тұра олқылықтың орнын толтыруға жарамаған, ықылассыз бүгінгі ұрпағына наразы-ау деймін» деп Кәрім ақсақал әңгімесін аяқтады.

Ойламаған жерде жолығып, таңғажайып әңгіме айтып берген көнекөз ақсақалмен қош айтысып жүріп кетсем де, Байбура оқиғасы көпке дейін ойымнан шықпай қойды...

...Сол кездесуден соң араға он бір жыл салып мен Керекуден Өскеменге көшіп келдім. Әсіресе қыс айларында берілетін жергілікті жаңалықтардан «Байбурада пәлен машина апатқа түсіп, осыншама адам қаза болыпты. Байбураның ақ түтек боранына жүз пәленбай көлік қамалып, біраз адам үсіп қалыпты» деген суыт хабарларды естіген сайын баяғы Кәрім ақсақалдың әңгімесі ойыма орала берді... Ақыры біраз толғаныстан соң төмендегі реквием дүниеге келген еді.

    

                     БАЙБУРА АСУЫ 

                         І

Туған далам қымбат маған әр төбең,

Биік болсын – деп тілеймін мәртебең.

Өткеніңнің шежіресін шертеді,

Жар басында жалғыз қалған қарт емен.

 

Тауың қымбат, бауың қымбат мен үшін,

Сенсің менің сарқылмайтын кенішім.

Ата-бабам ат үстінде аттандап,

Жан алысып, жан беріскен сен үшін.

 

Еңіреген ерлер аз ба ел үшін,

Шайқастарда шаһид болған жер үшін.

Солар жайлы небір аңыз-әңгіме,

Ертегідей елітеді ел ішін...

 

Сол күндердің куәсіндей нуларым,

Сай-саланы сайрандаған суларым.

Ұрпаққа айтар аманаты бар жандай,

Бірің шулап, бірің неге туладың?

 

                               ІІ

Ескі күннің елесіндей кешегі,

Ерке желің ертелі-кеш еседі.

Ертеректе Байбурадай бабамыз,

Осы өңірде билік айтқан деседі.

 

Сөйлеп кетсе сандуғаштай сайрапты,

Айтысқанның қызыл тілін байлапты.

Көкпекті мен Қалбатаудың* арасын,

Ата қоныс жайлауым – деп жайлапты.

 

Сөз киесі бақ құсы боп қонғасын,

Көпке қалай абыройлы болмасын.

Белдеуінен ат кетпепті күн-түні,

Елестетіп ханның Алтын Ордасын.

Билігіне разы болған бегілер,

Сыйға тартып кетеді екен жорғасын.

 

Талай бейбақ тіршіліктен түңілген,

Байбураның билігіне жүгінген.

Жетім менен жесір дауын, жер дауын,

Би бабамыз шешкен екен біліммен.

 

Бұл жалғаннан ез де өтті, ер де өтті,

Туған дала перзенттерін тербетті.

Елім-деген есілдерге еліктеп,

Жерім-деген жетелі ұрпақ ер жетті.

 

Байбурадай тура биді ел көрмепті,

Байтақ елді бай-бағлан деп бөлмепті.

Көз жұмғанда көне көздер кеңесіп,

Жер іздепті көзге түсер көрнекті.

«Жолаушы жұрт дұға оқи жүрсін» деп,

Күре жолдың күнгейіне жерлепті.

 

                       ІІІ

Естігендер есіне алып жүреді,

Естімеген езу тартып күледі.

Байбураның алай-дүлей боранын,

Осы өңірдің кәрі-жасы біледі.

 

Желтоқсанда, қаңтар менен ақпанда,

Ақ күмістен Алтай алқа таққанда.

Байбураның булығады бораны,

Өзге өңір жайбарақат жатқанда.

 

Бұл ғажаптың сырын білер бар ма адам?

Құпия боп мәңгі ештеңе қалмаған.

Тәуекелге белін буған талайды.

Байбураның ақ бораны жалмаған.

Құпияның аша алмайды құлыбын,

Өткен күннің байыбына бармаған.

 

Десек дағы өткен күнде жоқ белгі,

Өлеңіме өзек еттім өткенді.

Кеңес дейтін кер заманның кезінде,

Жол салыпты көктей өтіп көк белді.

 

«Аңқау халық» естіп мұндай ақпарды,

Қуаныштан жарылуға шақ қалды.

Жарқын күнге жеткізердей жаңа жол,

Ағыл-тегіл ақ тілегін ақтарды.

Амал қанша бабасының бейіті,

Трактордың табанында тапталды.

 

Пенде деген, пәни-бақтың қонағы,

Естісі де, есері де болады.

Осындай бір оқиғаға орынсыз,

Куә бопты тоғыз жолдың торабы.

Ұрпағына наразы ма кім білсін?

Байбураның булығады бораны.

«Ақ түтекте адасқандар жоқ па» деп,

Қарт бақташы жолдың бойын шолады.

 

Ей, жолаушым! Қара жолдың бойында,

Өмір – өлім қатар жүрсін ойыңда.

Алды – сайран, арты – ойран дүние,

Мәңгі жолдас болмайтынын мойында.

Қатпар-қатпар қабаты мол қара жер,

Кімді болсын құндақтайды қойынға.

Кәлимаға келтіре жүр тіліңді,

Бабаң жатыр қара жолдың бойында...

 

                *      *      *

Өмір-өзен өткізбейді өткелі,

Күрсінеді Көкпектінің көк белі.

Қара жолдың табанына тапталып,

Бабам жатыр ұрпағына өкпелі...

Белгі қойып би бабамның басына,

Бас көтерер намысты ұлдар жоқ па еді?..

Азған елдің аза бойын, қаза ғып,

Көкке қарап ұлып отыр көк бөрі...

 

Оқырманым, ой астарын аңдасын,

Байыбы жоқ байбаламға бармасын.

«Тарих» атты таразыны талқылап,

Ұлағаттың ұлы жолын таңдасын.

Байбураның басын көп боп көтеріп,

Келешектің көкжиегін жалғасын.

Бақидағы базынасы бабамның,

Ұрпағына қарыз болып қалмасын!                        

Талапбек Тынысбекұлы, 

ақын, «Отандастар» қорының қызметкері

Ұқсас материалдар