Қандастар Ассамблея

Қазақтар шоғырланған шалғай ауданға Президент кеңесшілері іссапармен келді

12.05.2021 1020

Науаи облысының Кенимех ауданы – көп ұлтты аудан. Қалашықтағы 15 ауылдықтың азаматтары қазақ, қарақалпақ пен өзбек ұлты өкілдерімен қатар 20-ға жуық ұлыс өкілдері бейбіт, тату тәтті, ынтымақ туы астында өмір сүріп келеді. Аудандағы 37 мектептің 28 қазақ, 3 қарақалпақ, 2 орыс, 4 өзбек тілінде балаларға білім береді. 38 мыңға жуық халықтың дені қазақ халқының дәстүрін ұстап, шаруашылықта төрт түлік мал бағумен айналысады.


Ауыл аймақтардағы (Қарақата, Мәдениет, Сарыжал, Жаңақазған, Баймұрат, Үштөбе, Көкше, Соркөл өңірлеріндегі) жайылымдарда қаракөлшілік пен қоса ірі қара, түйе, жылқы бағу дамыған. 600000 мыңға жуық ірілі-ұсақ малдарды 250-ден астам шаруашылылықтар мен фермерлер бағып, ауданның экономикалық әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосып жүр.

Құт дарыған Кенимех ауданының қарқынды дамуына үлес қосып жүрген жастар баршылық. Бүгінде Кенимех ауданында 30 жасқа дейін 18920 тұрғын белсенділік танытуда. Өзбекстан республикасында «2021 жыл – Жастарды қолдау және тұрғындар денсаулығын нығайту жылы» болып жарияланған соң, шалғай аудандарда өмір сүру сапасын арттыруда мемлекет тарапынан бірқатар жұмыс атқарылғаны баршаға мәлім. Алға қойылған міндеттерді тиімді орындау мақсатында жыл басында аудан әкімдігінің мемлекеттік бағдарламасы мен арнайы жол картасы әзірленіп, жастарға қатысты саясат іс жүзінде оң шешімін тауып келеді.


7 мамыр күні карантин ережелерін қатаң сақтай отырып, аудан орталығындағы «Жастар алаңында» фестиваль өтті.

Фестиваль барысында Республикадан келген Жастар істері Агенттігі директоры А. Садуллаев, Республика Президентінің Жастар мәселесі бойынша кеңесшісі Қ. Құранбаев пен АРГОС басшысы О. Хасанов қатысты. Кез келген жасқа көрсетілген сенім мен назар оның мақсатын, өмірін өзгерте алады. Әсіресе, алыс ауылдарда тұратын жастарымыз оған деген қажеттілікті көбірек сезінеді. Республикалық жұмыс тобының мүшелері фестиваль аясында қазақ халқының дәстүрін паш ететін киіз үйге кіріп, ұлттық салт дәстүрдегі көрмелерді, сахналық қойылымдарды тамашалап, спорттық сайыстар мен марафондарда белсенділік танытты. Іс-шарада «Жастар кітабына» енгізілген 110 жұмыссыз жас жігіттер мен қыздарға өзін-өзі жұмыспен қамту үшін бірқатар тұрмыстық жабдықтар таратылды. Енді олар кәсіптен несібесін тауып, дәнекерлеушілік, тігін тігу, кондитер өнімдерін пісіру арқылы жұмыс істейтін болады.

«Екі қолға бір күрек» іздеген жастарға барынша қолайлы жағдай жасалынып, коммерциялық банктер жағынан ұсақ мал бағу, бал ара мен тауық, түйетауық өсіру, интенсивті әдістер арқылы коллекторларда, ауылдағы арнайы көлшіктерде балық асырауға бағытталған жеңілдетілген несиелер бөлінді. Бұдан бөлек, «Әйелдер дәптеріне» енген жұмыссыз қыз-келіншектерге кәсіпкерлік негіздерді үйренуі үшін 200 жуық қыз-келіншектерге арнайы сертификат берілді. Тігін тігуге арналған оқуға субсидия негізінде стипендия алып, оқуға мүмкіндік алды.

Ресей мен Қазақстанда жалдамалы жұмысшы болып нәпақасын тауып жүрген жастардың жаңа бизнес-жобаларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік қолдау жасалынатын болады. Жастарға арналған спорт клубтарын дамыту бойынша да бірқатар шаруа атқарылғаны республикалық жұмысшы топ жағынан ескерілді. Басшылар ауданда жаңадан ашылған фитнес-клубқа жасалынған мүмкіндікті тамашалады. Жігерлі жастардың шарасы концерттік бағдарламаға ұласты.

Гүлдана Нарынбетова,

Өзбекстан Республикасы

Науаи облысы

«Кенимех таңы» газетінің бас редакторы