Қандастар Ассамблея

«Атамекен антологиясы» жобасы: Гүлманат Әуелханқызы

08.10.2020 136

Қаламгер қандастарымызға шығармашылық қолдау көрсетіп, отандас ақын-жазушылардың төл туындыларының туған елінде кеңінен насихатталуына мүмкіндік жасау мақсатында «Отандастар Қоры» КЕАҚ-ның арнайы жобасы «Атамекен антологиясы» бағдарламасын назарларыңызға ұсынамыз. Шығарылымның бұл санында Қытайдан келген қандасымыз,ақын Гүлманат Әуелханқызының бір топ өлеңдерін ұсынамыз.

Гүлманат Әуелханқызы- 1980 жылы ҚХРдың Тарбағатай аймағы Толы ауданында дүниеге келген. 2004 жылы Атажұртқа оралған. Халықаралық, Республикалық жыр мұшайраларының жеңімпазы. «Жүз өлең» жыр жинағының авторы

Туған жер

Кіндігім қаны төгілген,

Бастағам сенен өмір мен.

Киелі ана жұртым –ай,

Бабамның басы көмілген.

 

Есетін саумал самалы –ай,

Сағымды қуған санам – ай.

Өзіңді аңсап жүрегім,

Сағыныш әнін салады -ай.

 

Тұрмадым сенде тұрақтап,

Қойныңнан кеттім жырақтап.

Балалық қалды бұлдырап,

Көсіліп ойнар қырат бақ.

 

Жырымды саған жиі арнай,

Өзіме –өзім сия алмай.

Ойласам сені егілем,

Қойнына жаттың қия алмай.

 

Сананы жеңді сан күдік,

Сапарға кеткен мәңгілік.

Тұр ма әлі сенде Қара тау,

Атамның үні жаңғырып.

 

Бал елес қалды бұрынғы,

Бойжеттім бүгін бұрымды.

Сайыңа сақта сырымды,

Шағымды сәби тұлымды.

 

Бозінген сынды боздалам,

Мұңымды ащы қозғаман.

Боздаған бота көңілді,

Түсінер бар ма бозбалаң.

 

Біздің ауыл

Боз жусанның исі бұрқыраған,

Қойлы ауылда мен өскем шұрқыраған.

Аңқылдаған қазақтың бір қызымын,

Айырмаған ақ майдан ұртын әмән.

 

Әулиедей қарты бар арқыраған,

Әжелерім жайдарман жарқыраған.

Ол ауылдың жұрты да қымбат маған,

Арзанырақ мен үшін алтын одан.

 

Ибалы өскен қыздары келіндері,

Нық тұратын кеудеде сенімдері.

Қара көздер әркімді табындырған,

Шиедейін қып-қызыл еріндері.

 

Салт дәстүрі десеңде ескілікті,

Бойға берер білімі жеткілікті.

Ол ауылдың оқ жонған ұлдары көп,

Бабалардан дарытқан тектілікті.

 

Ала жібін ешкімнің аттатпаған,

Өнегесін жадымда сақтап қалам.

Сол ауылдың арқалап аманатын,

Тарих қып ертеңге жаттап барам.

 

Әже сені сағындым

Мені сенен алыстатты сағым күн,

Көз жасымнан көзді моншақ тағындым.

Баяны жоқ дүниеге бағындым,

Тас бауыр бұл тас қалаға таңылдым.

 

Апа сені сағындым, көргім келді,

(өзегімді өксіген шер мұң жеңді),

Сол балалық кездердей көк жайлауда,

Етегіңе жармасып ергім келді.

 

Апа, сенің мейіріміңе шөлдедім,

Бұл өмірде жоқтығыңа сенбедім.

Көлдей еді сенің көркем көңілің,

Жүзіңе ерен салған өмір өрнегін.

 

Адамдықтың, адалдықтың қандайын,

Алғаш рет мен өзіңнен көргемін.

Мұңнан соққан мұнарадай сен менің,

Көңілімнің түкпірінен сөнбедің.

Апа сені сағындым...

 

Қоңыр тауларым

Сезімнің силап сұлуын,

Жаныма берген жылуын.

Киелі қоңыр тауларда,

Желбіреп өскен тұлымым.

 

Жұтатын самал саумалын,

Қоңыр ән тербеп аумағын.

Қоңыр күй боздап жататын,

Қойнауы қоңыр тауларым.

 

Мен үшін мәңгі дара шын,

Көк бөрі жортқан даласын.

Мекендеп келген қоңыр аң,

Қоңыр тауымның арасын.

 

Өшірмес жанның жалынын,

Қоңыр тауымның әнімін.

Өнеге етіп келемін,

Қоңыр ауылдың тәлімін.

 

Ізгіліктерді жинаған,

Беретін бақыт сый маған.

Қойдайын қоңыр мінезді,

Қоңыр тау маған сыйлаған.

 

Қайыңға сыр

 

Жыл құсының құлағымда соңғы үні,

Елемейді өмір деген жол мұны.

Тұрсыңба сен ей Аққайый мүсіркеп,

Туған жерден тірі айрылған сорлыны.

 

Келгем асыл арманымды құшақтап,

Деп ойлаймын бір күндері құшат бақ.

Туған жерге алып ұшып тұрады,

Алайда бұл көңілімнің құсы аппақ.

 

Елемесе елемесін ел сені,

Бақытты деп бағалаймын мен сені.

Ей , Аққайың менен рас мықтысың,

Туған жерде бой түзеген еңселі.

 

Нұрын төгіп тұрсадағы таң маған,

Бір сағыныш жүрегімді жаулаған.

Тағдырыңа сенің рас қызығам,

Артта қалған түссе есіме тау далам.

 

Тағыда сағыныш

 

Басынан қара таудың көш келеді,

Санамнан солбір көштің өшпегені.

Адамның көкейінен кетпейді екен,

Кір жуып кіндік кескен өскен елі.

 

Қазақ ек,қара тауды мекендеген,

Мойнымда таудай парыз өтелмеген.

Бір белден бұлдырайды балалығым,

Тай мініп, тайнша мініп тепеңдеген.

 

Санамның сағыныгы ай сарқылмаған,

Бір басымнан,бар пайдам артылмаған.

Туған жер ай туыңды биік етсем,

Аспаныңда жасындай жарқылдаған.

 

...кигенім аяғыма саптама етік,

Көктем қашан келеді ақпан өтіп.

Құсқа айналып ұшсамба ауыл жаққа,

Шегараның үстінен аттап өтіп...

 

...Жұлжыздары жымыңдайтын түнгі азат,

мен туған жер қызық еді ау тым ғажап.

Алыстағы сол ауылды аңсаумен,

Бұл күндері жүр жүйкемді мұң қажап.

 

Жайлауымның табиғаты көркем ет,

Ойлап кетсем ет жүрегім өртенет.

Кеудесіне аташымның бас қойып,

Әжеме кеп аслушы ем еркелеп.

 

Жүгіруші ем әлде неге қызығып,

Құрусал деп шығатын үн үзіліп.

Бие бауда ағам құлын құлақтап,

Жеңгем бие сауатұғын сызылып.

 

Кең құшағын жайған кезде қарсы ала,

Той думанғып жатушы еді ел ән сала.

Ен жайлауға қонған кезде ертемен,

дала гүлін жинаушы едім тамсана.

 

Берекемді бұзып неге бездірдің,

Кезбе қиял мені қайда кездірдің.

Азабыңа аямай ақ салдың да,

Сағыныштың не екенін сездірдің...

 

 

Бейбарыстың мұңы немесе жусан жұпары

                 1

Аспанда бұлттар қалықтап,

Топыраққа жасы тамады.

Қиялы құзға шарықтап,

Сарсаңға салар сананы.

 

Жусанның жұпар иісі,

Қозғайды іште наланы.

Жаңбырдың бөлек құйысы,

Сағыныш әнін салады...

 

Сарқылмас қандай сағыныш,

Жаныңды шоқтай қарыған.

Санада сансыз сабылыс,

Жерітті алтын тағынан.

 

Сағынды асау жайығын,

Сағынды қыпшақ даласын.

Көңілдің есіп қайығын,

Сағынды ол асыл анасын.

 

Көз ілмей өйдан түнімен,

Кетеді ғажап күйге еніп.

Қобыздың қоңыр үнімен,

Төгілді ол мұңлы күй болып.

 

Қол бұлғап тұрды бала шақ,

Көзінде көркем мың елес.

Қиялы қырдан ары асат,

Қызығы ғажап түгемес.

 

Бөрілер жортқан жотасын,

Бозінген сынды боз дала,

Сағынды олда ботасын,

Мұңымды дейме қозғама.

 

Бозала таңды қарсы алып,

Бозторғай үні естілген.

Санасы жатар ән салып,

Жұбаныш таппай ешкімнен.

 

Зарықты көкжал баласы,

Ыстық қой елдің құшағы.

Қыпшақтың байтақ даласы,

Көзінен бұлбұл ұшады.

 

 

Силайды ғажап таң үміт,

Арылмайды ойдан ұзын күн.

Шөлдейді ұзақ сағынып,

Сарайын ашар қымызын...

 

                                 2

Туған жердей киелі жәннатымды,

Түн боп тұрсам дейді ол құшып айын.

Сағынышқа малынған қанатымды,

Сары белден асырып ұшырайын.

 

Мені сүйсең бір іздеп келерсің деп,

Ауыр болды ау бәрінен жаза мына.

Қонақтасам дариға көгершін боп,

Бабалардың байырғы мазарына.

 

Арғымағы көсіліп шабатұғын,

Бір көрінші көзіме боз далам ай.

Жұлдыздары самсыған қара түнім,

Бозінгені жанымның боздағаны ай.

 

Кім ұғынсын жанымды мұнша мұңлы,

Сырымды айтып шағынам көкке мынау.

Бұрқыраған жұпары жусанымды,

Бір керексіз жабайы шөп дедің ау.

 

Әрбір күнін қайғысыз сайран білер,

Мұң сағыныш басынан өтпегендер.

Туған жердің қадірін қайдан білер,

Туған жерден алыстап кетпегендер.

 

Кең сахара сүйінген келбетіне,

Тұлпар текті еді ғой текті елім.

Періні де түсірген жер бетіне,

Бір қаратар өзіне көкті керім.

 

...ғасырлардан ғасырға аттап өтіп,

Сыр шертер -ау бір күні абыз дала,

Ерлігімді ұрпағым мақтан етіп.

Артымда тек айтылар аңыз ғана...