Қандастар Ассамблея

Қаламгерді еске алды

22.02.2021 111

«Адамгершілік кімде болса, соны ер деп есепте» деп Ахмет Югнаки айтпақшы нағыз ер, адамгершілігі мол, еліміздегі бар қазаққа танымал белгілі ақын әрі жазушы Боран Қыдыров еді. Оның шығармашылығы бір төбе болса, адамгершілігі де бір төбе азамат болатын. Ақын ағамен қанша рет тілдессек те, жөнсіз мінезін байқамаппыз. Ағамыздың әр сөзі салмақты ой салады. Әркез жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, жөн сілтейтін. Замандастары мен өзге де шығармашылық жандардан оны ерекшелеп тұратын осы қасиеті болатын. Ақын жер-жерлерде өтетін мәдени шаралардан қалмайтын. Мен белгілі адаммын, ақынмын деп ешқашан кеудесін керген емес. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, адамзатты алаламай бәрімен бірдей тіл табыса алатын өте жақсы қасиетімен дараланып тұратын. Боран Қыдыровтың есімі халықтың жадында осындай адами асыл қасиеттерімен, құнды еңбектерімен қалды.

Жуырда өзі туып-өскен Ташкент облысының Жоғарышыршық ауданындағы Ұлттар достығы мәдениет үйінде ақынды еске алу кеші өтті. Кешті Өзбекстан Қазақ ұлттық мәдени орталығының облыстық бөлімі, аудан әкімдігі және аудан кәсіпкерлері өзара ынтымақтастықта ұйымдастырды. Еске алу кешіне аудан әкімінің орынбасарлары Дилшад Асқаров пен Абдулла Тастанбеков, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы елшілігінің кеңесшісі Рашид Ошақбаев, Өзбекстан Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Серік Үсенов және аудандық бөлімдерінің басшылары мен белсенділері, аудандық Халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі Гүлстан Айтекова, Өзбекстан журналистер одағының мүшесі, ардагер журналист Инағам Халтұрсынов, айтыскер ақын Құлмахан Дүйсенов, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.

                                   

Еске алу кешінде еліміздің белгілі азаматтары Тұрсымат Қалбаев, Боран Қыдыровтың ұстазы Мырзалы Момынқұлов, танымал ақын жазушылар Мехмонқұл Исламқұлов пен Мекембай Омаров, журналист әрі мықты аудармашы Ақан Ташметов, тағы басқалар сөз сөйлеп, жақсы естеліктерімен бөлісті.

Ұстазы Мырзалы Момынқұлов шәкіртінің өнегелі өмір жолын әңгімелеп, бірқатар естеліктерімен бөлісті. Айтуынша ол Боран аға бала кезінен шығармашылыққа жаны құмар, ойы ұшқыр, кітапқұмар болған. Болашағынан зор үміт күттіретін осы қасиеттерді аңғарған ұстазы жоғары оқу орнына өзі дайындағанын мақтанышпен тілге тиек етті. Ұстазының сенімін ақтаған шәкірті алғашқы еңбек жолын аудандағы №5 мектепте бастаған. Білім беру мекемесінде ұстаздық етіп жүргенде Болат Қыдыров сабақтан тыс уақытта оқушыларды қоғамдық жұмыстарға баулып, оларды еңбексүйгіштік қасиетке үйретті. Ауылда жазғыз қалған қариялардың үйдегі тұрмысына қолқабыс етуді ұйымдастырып, жас буынды қайырымдылыққа, адамгершілікке тәрбиеледі. Ақын, педагог, көркем аудармашыдан білім алған шәкірттері сол кезде түрлі пән республикалық олимпиадалардан жүлделі орындар иеленетін. Бүгін де сол Болат ағаның тәрбиесін көрген ұл-қыздар түрлі салаларда еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне салмақты үлес қосып жатқанын атап айтты.

Мектепте жастар жетекшісі болған ақын ағамыз директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, ана тілімізде жарық көрген аудандық «Суръат-Қарқын» газетінде бөлім меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Оның «Замандас», «Біздің жол», «Мәдени өмір», «Заман» және «Қостағандар» атты еңбектері Өзбекстанда, ал «Жыр-дәурен» атты кітабы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қолдауымен Қазақстанда жарық көрді.

Мехмонқұл Исламқұлов жазушы мен оның «Заман» романы туралы өз пікірін білдірді.

«Ол ғажайып ақын, сөз шебері, прозаик, қазақ пен өзбек халықтарының арасында шығармашылық арқылы достық көпірін орнатқан және артында өшпес із қалдырған тұлға»,- деді Мехмонқұл Исламқұлов.

Бұдан бір ғасыр бұрын болған ашаршылық жылдары туралы сыр шертетін «Заман» романын өзбек тіліне аудару жоспарлағанын айтты. Аталмыш романның желісімен фильм түсіру туралы ұсынысын білдірді.

— Боран ағамыздың бірнеше кітаптары жарық көрді. Солардың ішінен менің есімде жатталып қалғаны — «Біздің жол» атты тарихи-публистикалық хикаяты. Өзбекстанда тұратын қазақтардың тәуелсіздік жылдарындағы мәдени өмірін қамтыған тың еңбек. Бұл шығарма қазіргі әдебиетіміздің тарихынан ойып тұрып орын алды. Себебі бұл кітапта Өзбекстан Қазақ ұлттық мәдени орталығы, республикада жұмыс істеп тұрған бұқаралық ақпарат құралдары, еліміздегі қазақ әдебиеті мен ғылым-білім, Өзбекстан Жазушылар одағы жанындағы қазақ әдебиеті кеңесі жөнінде толғақты мәселелер көтерілген, - деді журналист Ақан Ташметов.

Журналистің айтуынша, Болат ағаның бұдан кейін де бірнеше кітабы жарық көрген. Бәрі де кезінде оқырман қауымнан лайықты бағасын алған. Қаламы жүйірік қаламгер, ақын, публицист, ең бастысы, мәдениет пен білімнің жанашыры бола білген ұлтжанды азаматтың бергенінен берері әлі де көп болатын. Сұм ажал есіл ерді мезгілінен бұрын ортамыздан алып кетті. Десек те, елі үшін еңіреп туған, жүрегі асыл мұраттар мен асқақ армандарға толы Борандай асыл ағамыздың есімі ешқашан өшпейді, ол біздің жадымызда, естеліктерімізде мәңгі сақталып қалады.

Еске алу кешіне жиналған қауым шығармашыл жанның жақсы қасиеттерін жарыса айтты. Ал оқушылар ақын аталарының өлеңдерін жатқа айтып, жиналған жұрттың алғысын алды. Бар қазаққа танымал айтыскер ақын Құлмахан Дүйсенов Боран Қыдыров туралы арнау айтқан еді. Осы арнаумен мақаланы түйіндегіміз келді.

Жоғарышыршық ауданының шынары еді Борекең,

Тастоғызақ елінің тұмары еді Борекең,

Ұл-қызынан тараған немерелердің, құмары еді Борекең.

Бесінші мектептің ұраны еді Борекең,

Орындалмаған «Арайдың» бір әні еді Борекең,

Мекембайдай ұстаздың, сыңары еді Борекең.

 

 

Айгүл Тешебаева, 

Республикалық «Нұрлы жол» газетінің тілшісі

 Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласы.