Қандастар Ассамблея

«АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ «БАУЫРЫМ» ДЕП...»

12.08.2021 799

2021 жылы 10 тамыз «Отандастар қоры» КеАҚ мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты арасында өзара түсіністік және әріптестік туралы меморандум аясында мемлекетіміздің мерейін асырып, ұлтымызды ұлықтай түсетін ұлы Абай күніне арналған «АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ «БАУЫРЫМ» ДЕП...» атты бірлескен дәріс-концерт өткізілді.

 

Аталған іс-шара ұлы ақын-ағартушы, қазақ жазба әдебиеті мен әдеби тілінің негізін қалаушы, философ Абай Құнанбаевтың туған күніне орай ұйымдастырылды.

Шараның басты мақсаты – ақын шығармашылығын зерттеп-зерделеп, оның ғаламдық тұлғасын дәріптейтін «Абай академиясы» алдағы іс-жоспарын алыс-жақын шет елдердегі отандастарымызға кеңінен таныстырып, келешекте алыстағы ағайындармен бірлесе жұмыс атқарумен қатар өресі биік ақынның бірегей өнерін одан әрі ұлықтау.

Мерекелік іс-шараға «Отандастар қорының» вице-президенті Мағауия Қанапияұлы Сарбасов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ басқарма төрағасы-ректор Ерлан Бәттәшұлы Сыдықов, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, философия ғылымдарының кандидаты, доцент, «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір сынды танымал тұлғалар қатысты.


Аталған дәріс-концерт тек Абай мұрасы мен ақын тұлғасын таныту ғана емес, сонымен қатар шеттегі қандас бауырларымыздың Абайды әлемге әйгілеу бағытында атқарған істерін дәріптеуді де көздеді. Осы мақсатқа орай, игі шараға шартараптағы қазақ мәдени орталықтарының өкілдері мен отандастарымыз да белсене қатысып, келелі жиынның кең ауқымда өтуіне өзіндік үлесін қосты. Шараға айрықша атсалысқан қандастар қатарында Deutsch-Kasachische Gesellschaft - Германия-Қазақстан қоғамының жетекшісі Галина Нуртазинова, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар Қорының» Моңғолиядағы бөлімше жетекшісі Омар Хабсатар, Ыстамбұлдағы «Қазақ-түрік білім беру және зерттеулер» ассоциациясы басшысының орынбасары Түркиядан - Ерол Йолжұ, Иран қазақтары мәдени іс-шараларының жетекшісі Асқар Қазақ Иса, Ресейдегі Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Есенғали Ибраев пен Омбы қаласындағы «Омбы қазақтары» өңірлік қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қуаныш Елеутаев сынды ұлтжанды азаматтар бар.

Дәріс-концерт барысында Абай күніне орай Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Абай академиясының» арнайы тартуы ретінде «Абай мерейтойы» тарихи-деректі жинағының тұсаукесері өтті. Бұл бағалы басылымды Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында атқарылған ауқымды шаралардың үздік жинағы деуге әбден болады.

Берері мол, маңызы зор кеште ҚР еңбек сіңген әртісі Кенжеғали Мыржықбаев ақиық ақынның «Желсіз түнде жарық айы» мен «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін әуелете шырқап, әуезді кештің ажарын аша түсті.

Дәстүрлі әнші, халықаралық және республикалық ән байқауларының лауреаты Сырым Мұхамеджанов «Көзімнің қарасы» мен «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнін орындаса, Тәттімбет атындағы күйшілер конкурсының лауреаты Қайрат Айтбаев Тәттімбеттің «Сарыжайлауы» мен Сүгірдің күйі «Шалқыманы» шалқытты. Республикалық байқауларда бағы жанған Ерлан Құжиманов Абайдың «Сегізаяқ» және «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әндерін нақышына келтіре керемет шырқап, кештің сәнін келтірді. Кәкімбек Салықов атындағы республикалық әншілер байқауларының лауреаты, бүгінгінің сегіз қырлы серісі Сейіл Аяғановтың эстрада жанрында орындаған «Өзгеге көңілім тоярсың» және «Қазағым-ай» әндері көптің көңілін көкке көтеріп тастады.


Шарапаты мол шараны Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры Дихан Қамзабекұлы қорытындылап, жиынға қатысушыларға риясыз ризалық білдірді. Ортақ ой-пікірді ортаға салған алқалы жиын аясында дүниежүзіндегі қазақ диаспорасының нақты санын дәлелдеу қажеттігі қаузалып, алдағы уақытта бірлескен жобаларды жандандыра түсу жөнінде мәні зор мәміле жасалды. Баршамыздың мақсатымыз бір, мұратымыз ортақ екендігі айтылып, жасампаз еліміздің жарқын болашағы – жастарымыздың елді, мәдениетті тану арқылы ортақ мәдениет пен ұлттық құндылықтарды ұлықтауы, тарихи тамырымызды танып-білуі тартымды тақырыпқа тамызық болды. Білімнің биік ордасындағы бағалы бастаманы үлгілі үрдіске айналдыру жайы да тілге тиек етілді. Әр елдің тілі мен ділі, мәдениеті мен әдебиеті әр алуан болғанымен адами құндылықтарға құрметпен қарай отырып, ұлттық руханиятты ұлықтауға байланысты өзара пікір алысу, тәжірибе алмасу бағытында қандай қажеттіліктер барын бағамдау туралы да сөз қозғалды. Қай тұлғаны дәріптеп, қандай әдебиетті насихаттау мәселесін елеп-екшеп, шеттегі ағайындар арасында көркем әдеби шығармаларға сұраныс деңгейін анықтау және осындай ауқымды істерді «Абай академиясы» және жастар ұйымдары арқылы жүзеге асырып, бір жүйеге келтіру керектігі келісілді. «Адамзаттың Абайы» атанған ұлтымыздың ұлы ақыны – ғаламдық тұлға болғандықтан Абайды айшықтай отырып, иісі қазақты күллі әлемге әйгілеу жаһандық білім-ғылым көкжиегі арқылы насихатталуы тиіс. Осы орайда «Отандастар қоры» мен отандық оқу ордасы – ЕҰУ бірлесе өткізген осы өнегелі шара керемет кешке келгендердің рухани өрісін кеңейтіп, жарқын ойлар мен жаңашыл қадамдарға жетелей түсті.

«Отандастар қоры» КеАҚ