Канадада сотта ЖИ деректерін пайдаланған ер адам айыппұл төлейді
Квебек соты 74 жастағы канадалық кәсіпкер Жан Лапрадты ерекше жағдай бойынша шамамен 3 500 АҚШ долларына айыппұл төлеуге міндеттеді. Ол сотта өз әрекетін жасанды интеллект (ЖИ) жасаған жалған дәлелдер арқылы ақтауға тырысқан. Бұл туралы The Guardian-ға сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Бұрын бизнесмен болған Лапрад Гвинея елінде жүрген кезінде бір ұшақ пен үш тікұшақ сатып алған. Алайда келісімшарттағы заңдық қателік салдарынан ол бастапқыда тапсырыс бергеннен әлдеқайда қымбат ұшаққа ие болып қалған. Сатушы ұшақты қайтаруды талап еткенде, Лапрад бас тартқан және әуе кемесін Квебекке әкеліп қойған. Бұл әрекет ұшақты ұрлау деп бағаланып, Интерпол оған іздеу жариялаған.
2021 жылы Париждің арбитраждық палатасы Лапрадты ұшақтың құны ретінде 1,9 миллион доллар төлеуге міндеттеді. Сол кезде ұшақ Шербрук әуежайында тәркіленген болатын. Бірақ канадалық кәсіпкер бұл шешіммен келіспей, Квебек сотында өз талабын жалғастырған. Ол сотқа жасанды интеллекттің көмегімен дайындалған құжаттарды ұсынған. Бұл құжаттарда ойдан шығарылған дәйексөздер мен шындыққа жанаспайтын сот істеріне сілтемелер болған.
Үкім шығарған судья Люк Морен Лапрадтың өмірін «кинодағыдай қызық оқиға» деп сипаттай келе, жасанды интеллект жасаған жалған мәліметтерді пайдалануды қатаң сынға алды.
Сот мырза Лапрадтың өз мүмкіндігінше қорғануға тырысқанын түсінеді. Алайда ол қолданған жалған деректер мен ойдан шығарылған дәйексөздер – нағыз айыпталуға тиіс әрекет. Бұл ұяттың салмағын ол өзі арқалауы тиіс, – деді судья.
Морен сондай-ақ жасанды интеллекттің қарқынды дамуы сот жүйесі үшін үлкен сын-тегеурін екенін және соттар ерекше сақтықпен қарауы қажет екенін атап өтті.

