Report

Камчаткада 600 жылдан кейін алғаш рет жанартау атқылады

Камчатка түбегінде 600 жыл бойы ұйқыда жатқан Крашенинников жанартауы қайта атқылай бастады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы Report агенттігіне сілтеме жасап.

Ресей Ғылым академиясы Қиыр Шығыс бөлімшесінің Вулканология және сейсмология институтының жанындағы Камчаткадағы жанартаулық атқылауларға әрекет ету тобының (KVERT) мәліметінше, бұл – аталған жанартаудың алғаш рет тіркелген тарихи атқылауы.

Қазіргі уақытта жанартаудың баурайында жарық пайда болып, лавалық күмбез қалыптасып жатыр. Процесс қарқынды бу мен газдың бөлінуімен қатар жүруде. Сонымен қатар, жанартаудың солтүстік кратері үстінде қуатты күл бағаны көтеріліп тұр, ал күл шлейфі шығыс бағытқа таралып жатыр, — деді топ жетекшісі Ольга Гирина РИА Новости тілшісіне берген сұхбатында.

Ғалымның айтуынша, жанартаудың оянуына шілде айының соңында тіркелген 8,8 магнитудалы жойқын жер сілкінісі себеп болуы мүмкін.