Камал Әлпейісова Табылды Досымов атындағы республикалық қоғамдық қордың алғысына бөленді
Қазақстан халқы Ассамблеясының (Қоғамдық келісім) қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, аудармашы Камал Әлпейісова руханият жанашыры ретінде Табылды Досымов атындағы Республикалық қоғамдық қордың Алғыс хатымен марапатталды.
Камал Әбілқасымқызы биыл сәуірде Мәскеу қаласында өткен қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың шығармашылық кешіне қолдау көрсетіп, қазақ бардының өмірі мен өнер жолы туралы деректі фильмнің қазақ жұртынан бөлек, басқа да аудиторияға жетуі үшін, орыс тіліне тәржімалаған болатын. Ресей астанасында зор табыспен өткен концертінен кейін жазушы әрі аудармашының осынау жанашырлығына дән риза болған асылдың тұяғы, марқұмның ұлы Абыл арнайы келіп Алғыс хат табыстады.
Абыл Камал апасына әкесінің және өзінің жеке өлеңдер жинағын сыйға тартты.
Камал Әлпейісова еліміздегі ілеспе аударма жасауды меңгерген алғашқы білікті маманның бірі, республикалық «Үздік аудармашы» байқауының тұңғыш жеңімпазы, ұзақ жылдар бойы ҚР Парламенті Сенатының аппаратында, Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарған. Бірнеше кітаптың, оқу-әдістемелік құралдардың авторы.
1980-1990 жылдары студенттік өмірге аяқ басқан жастар ақын әрі сазгер Табылдының әндерін сүйсіне тыңдайтын. Табылды Досымов «Жанарымның жарқылы», «Ұнатамын мен сені» жыр жинақтарының, «Жайықтың толқындары» және «Табылдың әні» атты өлеңдер мен ән мәтіндері жинақтарының авторы. Оның «Сәйгүлік», «Өмірзая», «Мен қазақпын», «Ақ дидарың-ай» секілді жеке туындылары әлі күнге дейін көптің жадында. Көзі тірісінде жанына гитараны серік еткен бард ақын жайлы замандастары мен қаламгерлердің естеліктері аз емес.