Жаңалықтар

КАМАЛ ӘЛПЕЙІСОВА: «Мың бала» жобасы туралы. Жылына кем дегенде түрлі этностардың мың баласы қазақ тілін үйреніп шықса деген ой болған

КАМАЛ ӘЛПЕЙІСОВА: «Мың бала» жобасы туралы. Жылына кем дегенде түрлі этностардың мың баласы қазақ тілін үйреніп шықса деген ой болған
29.11.2018 05:31 2949

Астанада «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды.

2015 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Мың бала» жобасы әртүрлі ұлт өкілдеріне қазақ тілін, қазақ халқының мәдениетін, дәстүрлерін таныта отырып, балалар мен жастарды оқытуға бағытталған.

Жоба жеңімпаздарын марапаттау үш номинация бойынша өтті: «Асыл сөз», «#Еркін сөйле» бейнероликтер эстафетасы және «Тіл мектебі».

Соңғы номинация бойынша жеңімпаздарға марапатты республиканың ең үздік аудармашысы, филология ғылымдарының кандидаты Камал Әлпейісова табыстады.

«Биылғы жылғы жобаның ерекшелігі – «Қазақтанудың» аясында жүргізіліп жатқандығы. Оның үстіне, үш жылдан бері айтулы нәтижелер бар. Ең басында жобаның «Мың бала» аталуының мақсаты – бір жылда кем дегенде түрлі этностардың арасында мың баласы қазақ тілін үйреніп шықса деген ой болған. Бақсақ, біздің қоғамда мемлекеттік тілді үйренуге деген сұраныс көп екен, әсіресе жасөспірімдердің ішінде», - деді Камал Әлпейісова.

Биыл 300 мыңға жуық бала қатысып, соның ішінде 52 959 өзге ұлт өкілдері қазақ тілін тамаша меңгеріп шыққандығын байқатты. Спикердің айтуынша, бұл мемлекеттік тілді меңгерудің ең тиімді жолдарының бірі.

«Көп тілді білу – адамның білімін арттыра түседі, еселей түседі. Қарап отырсам, жеңімпаздарымыз тек қазақ тілінен емес, басқа да пәндерден олимпиада жеңімпаздары екен. Мен осы конкурсқа қатысып, бәйгеде озған жеңімпаздардың ұстаздарына жүлделерін табыстағаныма қуаныштымын, Себебі, «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» дейді. Ұстаз жақсы болған кезде, шәкірт те озады. Бүгін шәкірттері ғана озып қойған жоқ, ұстаздардың да мерейі үстем болды. Еліміздің Тұңғыш Президенті күнінің қарсаңында өтіп жатқан осы жиын дәстүрге айналды. Бұл бүкіл Қазақстан халқының мемлекеттік тілді сүйгендердің бәрінің жеңісі», - деп ағынан жарылды.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға