Қазақстанда кальянға қойылған тыйымның жеңілдеуі мүмкін деген ақпарат тарады. Бұл мәселеге Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов түсініктеме берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Әділовтің айтуынша, кальянға қатысты кейбір нормаларды қайта қарау мәселесі талқылау сатысында, алайда әзірге ешқандай нақты шешім қабылданған жоқ.
Иә, талқылау жүріп жатыр. Бұл - жабдықтарды елге әкелуден бастап, ойын-сауық орындарында қолдануға дейінгі ауқымды тақырып. Қоғамдық тыңдаулар да өткізілуі мүмкін, - деді ол Сенаттағы брифингте.
Сонымен бірге министрдің орынбасары вейптерге қатысты саясаттың өзгермейтінін, яғни ешқандай жеңілдік қарастырылмағанын атап өтті.
Вейптерге тыйым бар және жуырда оны сатуға, тасымалдауға қатысты талаптар күшейтілді. Бұл бағыттағы ұстанымымыз өзгермейді - деді Әділов.

