Жаңалықтар

Каллиграфия қандай өнер?

Араб каллиграфиясының көрмесі
Каллиграфия қандай өнер?
23.02.2017 10:40 14154

Мешіт архитектурасының сәні мен келбеті кез келген жанның назарын өзіне аударатыны рас. Әсіресе, ислам сәулет өнерінің бейнелі жазуларына қызықпау мүмкін емес. Бұл жазу өнерін «каллиграфия» деп атайды. Ол грек тілінен аударғанда «көркем жазу» деген мағына береді. Бүгінде каллиграфия өнері ислам мәдениетінің бөлінбес бөлшегіне айналған.

Елімізде бұл бағытты дамытушы мамандар легі енді ғана қалыптасып келеді. Солардың көш басында тұрған каллиграф Асылбек Орынбасаров – осы саланы дамытып, кеңінен насихаттау мақсатында еңбек етіп жүрген азамат. Шебер Қазақстандағы оннан астам мешітті каллиграфия өнері арқылы безендірген.

– Каллиграфия өнері Қазақстанға он бесінші ғасырда, шамамен Әмір Темір билігінің тұсында Самарқанд пен Бұқара арқылы Ираннан келген. Қазір өзіміз жақсы білетін оңтүстік аймақта, Түркістан шаһарында және еліміздің батыс өңірінде сақталған көне нысандар архитектурасынан каллиграфияны байқай аламыз, – дейді ол.

 Қазақстанда каллиграфиямен айналысып, ғимарат безендіруге білек сыбана кіріскен шеберлер аз болғандықтан, жаңа нысандар салу барысында көбінесе шетелдік мамандарды шақыртып жатады. Осыдан-ақ бұл бағыттың еліміздегі сәулет өнері үшін маңыздылығын байқауға болады. Қылқалам мен бояуды өзіне серік еткен Асылбек хаттат (әдемі жазумен айналысатын адам) болса, бұл көркем өнерге университет қабырғасында жүргенде келген екен.

– Мен 2012 жылы Нұр-Мүбәрак университетін тәмәмдадым. Екінші курста осы өнермен таныстым. Бізге Мысырдан ұстаздар арнайы келіп, каллиграфия ілімінен дәріс берген еді. Бұл менің қызығушылығымды тудырып, білімімді шыңдау мақсатында  Мысыр еліне, Каир қаласына жол тарттым. Сол жақта біршама уақыт оқығаннан кейін елге оралып, қызмет қылдым. Оқуымды жетілдіргенді жөн көріп, кейін Түркияның Стамбұл қаласына келіп оқуға түстім. Қазіргі таңда оқуымды аталған елде қашықтықтан оқыту әдісі бойынша жалғастырып жатырмын, – дейді шебер.

Бүгінде Асылбек Байұзақұлы Алматы қаласындағы республикалық «Әбу Ханифа» медресе-колледжінде каллиграфия пәнінен сабақ беріп, жүзге жуық шәкірт тәрбиелеп отыр. Ай басында алматылықтарды және қала қонақтарын ислам өнерінің төл туындысымен таныстыру мақсатында шебердің 30-дан астам жұмысы ұсынылған араб каллиграфиясының көрмесі ашылды. Бұл шара бір айға жуық мерзімге жалғасты.

Көрме туралы Асылбек Орынбасаров былай дейді:

– Тәуелсіздіктің 25 жылында тұңғыш рет каллиграфия өнеріне арналған көрме ұйымдастырылды. Бұл шараға өзімнің көңілімнен шыққан жұмыстарды ұсындым. Солардың біріне тоқтала кетейін. Мен мұнда «Бақара» сүресінің ең ұзын аятын жазып шықтым. Ол аят несімен ерекшеленеді? Жалпы, бұны қарыз аяты дейді. Демек, бұл –мұсылманның мойнындағы өмірлік жауапкершілік туралы аят. Осы жерде маған мына бір үзіндісі ұнайды: «жазу жазғанға зиян келтірмеңдер». Осы аятты намаз уақытында сүйіп оқимын. Сондықтан оны туындыма енгізіп, жазып шықтым.

Біздің заманымыздан 3800 жыл бұрын негізі қаланған каллиграфия өнерінің алғаш қалыптасқан тұста үш жүзге жуық түрі болған. Уақыт өте келе кейбірі қолданыстан шығып, жоғалып жатса, кей елдерде жаңа түрі дүниеге келген. Сондықтан да, бүгінде қанша стиль бар екендігін ешкім нақты айтып бере алмайды. Ал біздің отандық каллиграф өз еңбектерін жер бетіндегі бір жарым миллиард  мұсылман арасында кеңінен тараған белгілі бес-алты стильді қолдана отырып жасаған. Шебер алдағы уақытта мұндай көрмелерді еліміздің өзге де қалаларында өткізіп, каллиграфия өнерін халық арасында насихаттауды көздейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға