Калифорнияда құс тұмауына байланысты төтенше жағдай жарияланды
АҚШ-тың Калифорния штатында ферма жұмысшыларының арасында құс тұмауы таралып, төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап.
Ауру жұқтырған Луизиана тұрғыны өз үйінің ауласындағы құстармен байланыста болғаннан кейін ауыр жағдайға түсіп, ауруханаға жатқызылды. Бұл жағдай вирустың жеке аулада жұғуының алғашқы оқиғасы болғандықтан, адамдардың денсаулығына қауіптің артқанын көрсетеді. Дегенмен, АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC) құс тұмауы халық үшін айтарлықтай қауіп төндірмейтінін мәлімдеді.
Федералдық және штат билігі аурудың таралуын тежеуде қиындықтарға тап болып отыр, себебі кейбір фермерлер вирусты анықтау тестілері мен алдын алу шараларын қолданудан бас тартып жатыр. Биыл алғаш рет құс тұмауы сиырларға да жұқты.
Сәуір айынан бастап елде құс тұмауын жұқтырған адамдардың 61 оқиғасы тіркелді. Көбіне бұл жағдайлар фермаларда жұмыс істейтіндер мен ауру жұқтырған құстарды союмен айналысатындар арасында байқалған. Наурыз айынан бері 16 штатта 860-тан астам сиыр табынына вирус жұққан. 2022 жылғы індет басталғалы 123 миллионнан астам үй құсы қырылды.
Сүт өндірісі бойынша АҚШ-та көшбасшы болып саналатын Калифорнияда тамыз айының соңынан бері 649 табын сиырға вирус жұққан, бұл штаттағы жалпы мал басының шамамен 60%-ын құрайды.
Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсомның айтуынша, вирус штаттың оңтүстігінде тіркелген, ал бұған дейін ол Орталық алқапта анықталған еді. Ол бұл жағдайды «аймақтық деңгейдегі шаралардан бүкіл штат көлемінде мониторинг пен әрекет етуге көшу қажеттігін көрсетеді» деп бағалады.