Жаңалықтар

Қаламгер мақалаларының жанрлық сипаты

Дәуір үні
Қаламгер мақалаларының жанрлық сипаты
03.09.2017 11:47 4520

Қазақ мерзімді баспасөзінде Қ. Абдуллин, қолда бар деректерге қарағанда, 1918 жылы көріне бастаған. Мысалы, Жетісу уалаяты мұсылман істері бөлімінің «Көмек» атты газетінде оның «Бір қазақ қызының атасына айтқан сөзі» («Көмек» газеті, 8.10.18ж) атты өлеңі жарияланған. Ал 1921 жылдың өзінде «Кедей еркі» газетінде «Кеңес үкіметі және қазақ-қырғыз кеңесі» («Кедей еркі», 12.04.21ж.), «1 май мейрамы, тарихы һәм қазақ-қырғыз кедейлерінің міндеті» (Бұл да сонда – 1.05.21ж.), «Қазақ-қырғыз кедейінің тұрмысынан» (Сонда – 6.05.21ж), «Қазақ – қырғыз жалшысы» (Сонда – 1.06.21ж), «Азыр ақиқат алымы туралы» (Сонда – 9.08.11 ж.), «Қазақ-қырғыз ішінде тап айырымы» (Сонда – 28.08.21ж), «Кеңес үкіметі һәм жарлы-жалшылар» (Сонда – 12.09.21ж), «Бүгінгі ертеңге ескі» (Сонда – 1.10.21ж), «Ұмытып барамыз» (Сонда – 8.10.21ж) атты материалдарын жариялаған. Бұған қарап Қалдыбайдың еңбекқор журналист екендігін аңғарамыз. Оның ұшқыр ойлы мақалаларымен көпшілік санасына сілкініс жасап, көкірегіне білім нәрін, жаңалық дәнін, тәлімдік сәулесін дарытқан автор болғанын байқау қиын емес. Материалдардың біразында өз уақыты үшін үлкен-үлкен проблемалық тақырыптар қозғаған. Сонымен қатар дәуір үнін танытып, мемлекеттік идеологияны дәріптеуге ден қойған насихаттық материалдары да баршылық. Әр журналист, әр қаламгер өз кезеңінің «көзі, құлағы», жебеушісі, сараптал сыншысы дейтін болсақ, Қ. Абдуллиннің материалдарынан осы қасиеттерді кезіктіре аламыз. Ол бұл жазғандарымен де туған халқына қызмет етті. Озық ойын, ақыл-парасатын, алған білімін де журналистік еңбегі арқылы халық игілігіне жұмсады.

Ол 1923-1926 жылдар аралығында Алматыда шығып, Жетісу облыстық атком және обком партия органы болған, қазақ-қырғыз тіліндегі «Тілші» газетінде қызмет атқарған. Бұл газетте де Қалдыбай Абдуллиннің көптеген материалдары жарық көргендігінен хабардар болып отырмыз. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар мен басылымдар қорында сақталған «Тілші» газетінен көп еңбектің нәтижесінде оның бірнеше мақаласын таптық. Әрине, кейбір материалдары бүркеншік атпен берілген. Оны анықтап білуде бізге Т. Қожакеевтің «1919-1924 жылдары Алматы қаласында шығып тұрған газеттердің сарғайған сандарын аударыстырып отырсаңыз, көптеген материалдардың соңына Қалдыбай Абдуллин, Қ. Абдоллаұлы, Қалдыбай, Қасқарау, «К» деп қол қойған авторды жиі кездестіреміз» («Жас алаш» 22.10.1992 ж ), деп жазғаны көп септігін тигізді. «Тілші» газетінде Қ. Абдуллиннің «Милицияның 5 жылдық мейрамы» («Тілші» 28.01.23 ж), «14 март – компария негіз салған күн» (Сонда – 14.11.23ж.), «Кеңестер сьезі» (Сонда – 2.12.23 ж.), «Қазақстанға ауып келгендер туралы» (Сонда – 7.12.23ж.), «12 Кеңестер сьезі» (Сонда – 20.02.24ж.), «Шу қазақтарының тіршіліктері» (Сонда – 3.12.24ж.), «Ұлпан Қарияұлы» (Сонда – 18.03.24ж.), «Пішпекте жерге орналастыру жұмысы» (Сонда – 21.06.24ж.), «Аз ұлттар тобы» (Сонда – 25.08.25ж.), «Қазақстан бес мүшелден өтті» (Сонда – 4.10.25ж), «Жуан жұдырық бас көтеріп келеді»(Сонда – 25.04.25ж.), тағы басқа да материалдары басылған.

Осы материалдардың қай-қайсысын оқып отырсаңыз да, ел, жер, тарихынан, халықтың күнделікті таныс-тіршілігінен, қуаныш-күйінішті сәттерінен, мерекелі де берекелі кезендерінен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен мол хабардар боласың. Кейбір мақалаға бүгінгі күн тұрғысынан баға беріп, сыни тұрғыда қараған күнде де, кейбір материалдардағы ойлы да нәрлі, мағыналы да мазмұнды пікірлер, салиқалы тұжырымдар қазіргі көзқараспен біте қайнасатынына қайран қаласың. Бұған дәлел ретінде «Тілші» газетінде жарияланған «Ұлпан Қарияұлы» аты мақаласынан үзінді келтіре кетсем.

«Ұлпан өзінің жері Піспек уезі, Қасық болысында (Қасық 1861-ші жылы жер өзгерісі уақытында 63 түтін жуан жұдырықтар көшіріліп, батырақтарға арналған бір село) алты болыс елдің басын біріктірген. Бостандыққа ғылым-білім арқасында ғана қол жеткізуге болатындығын түсіндіріп, көңілдерін тапқан соң, халық жұмыла іске кіріскен. Шығынды мойындарына алып, 1923-ші жылдың күзінде алты бөлмелі мектеп құрылысын бітірген. Оқулықта, т.б жұмсалатын қорды да елден жинатып, оқу-ағарту ісіне қатты кіріскен еді»- деп Қалдыбай жүрек тебірентерлік толғаныспен жазады.

Одан әрі автор Ұлпанның кім екендігіне тоқталады. Оқырманға жан-жақты таныстыру ниетінде былайша шешіле сыр шертеді. «Ұлпанның екінші көрнекті қызметі 1923 жылдың басында Піспек қосшы ұйымында жүргенде жанданды. «Дала» атты қауымдастық жасап, оның төңірегіне 36-дан аса мүше жинап, халықтың тозып бара жатқан шаруасына дәнекер болу ниетін көздеп, мүшелерден жиналған малды Ташкенге апарып сатып, қайтар жолда суық тигізіп, ақыры содан қаза тауып отыр». Міне, осы бір сөйлемдерді оқыған сәтте Қалдыбайдың журналистік еңбегін бағалаумен қатар, асыл адамгершілік қасиетін, кең пейіл, қамқор көңілін сезінеміз. «Өзімде ғана болса, өзім ғана билікке жетсем» дейтін пендешілік ойдың онда атымен жоқтығына сенесіз. Қалдыбайдың үлгі тұтарлық ер мінезі, ақ жүрегімен істелген көңілге ұялауға тұрарлық іс-әрекеті осындайда анық аңғарылады. Бұған осы мақаладағы мына бір сөздері де дәлел бола алады: «Еңбекшілерге сіңірген қызметін еске алып, Қасықтағы аудандық жеті жылдық мектепі Ұлпан мектебі деп атауын ұсынам. Піспек уездік қосшы үйін, Ұлпанның жәрдемінсіз қалған бала-шағасына тиесілі мөлшерде еңбекақысы берілу тиістігін ескерем» деп екінің бірінің қолынан келе бермес жақсылыққа үндейді. Ұлпан Қарияұлының еңбегін орынды бағалап, халық үшін жанын аямағанын баспасөз бетінде насихаттап, оның отбасына игілік жасап, тарихта қаларын ол кезде Қалдыбайдың өзі де білмеген де, оған пәлендей мән бермеген де шығар. «Қош сүйікті бауырым!-дейді Қ. Абдуллин жүрегі езіле қам көңілмен,- өзің өлсең де, сенің жүрген жолың, сіңірген еңбегің, бізге ұмыттырмас! Жүрегіміздің түкпірінде сақталарсың!» («Тілші» 18.03.24 ж). Қалдыбайдың осы мақаласы өз кезегінде нәтижесін берген. Оған қатты қуанған журналист тағы да «Қасық болысы Ұлпан атына аударылды» («Тілші» 4.09.24 ж.) деп хабарлап, қуанышын көпшілікпен бөлісуге асықты.

Қ. Абдуллиннің газет тапсырмасымен жиі-жиі сапарда болып, сондай-ақ, облыс көлемінде өткізген сьезден, жиын, кештерден, конференциядан есеп, хабар-ошар, талдамалы корреспонденция, т.б. жазғандарын байқаймыз. Әсіресе, жылт еткен жаңалықты тез аңғарғыштығын білгендейміз. Журналистке тән оперативтік, дәлдік, тұжырымды қорытынды, яки әр нәрсеге көп мән беріп, халық игілігіне айналар уақиғаны қалт жібермей дөп басып, жұртқа қуана-қуана тез жеткізу кез-келгеннен кездесе бермейді. Осы қасиеттер Қалдыбайдың бойынан табылады. Оның «8 март һәм қазақ-қырғыз әйелдері» (Сонда – 8.03.24ж.), «12 Кеңестер сьезі» (Сонда – 20.02.24ж), т.б материалдарында әрбір тарихи күнге аса мән беріп, қандай қуаныш, мереке болсын, қалың бұқарамен бірге қарсы алысып, мән-мағынасын ашып көрсетеді. Мәселен «Милицияның 5 жылдық мейрамы» («Тілші»  28.01.23ж) атты мақаласында Кеңес өкіметін орнатысып, тап жауларға қарсы белсене күрескен батыр ұрпақ жайында кеңінен әңгіме тиетін ағытады. Олардың қаһарман ерліктерін сүйсіне де шабыттана жазғанына іштей тәнті болуға болады. Автор «Соңғы уақытта қаһарлы қызыл әскерлердің ызғарына шыдамай қарсы шығушылар құрыды. «Жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бел астында» дегендей, қала, далада, ауыл, қыстақтарда ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, түрлі хикаяттар көбейді. Бұлармен күресу, бұлармен арпалысу, тәртіп орнату милициялардың мойындарына жүктелді. Кемшіліктер, мұқтаждыққа қарамастан барлық күш, барлық байлықты жөнеліп жатқан күндерде суыққа тоңып, аштыққа көніп, аш-жалаңаш ауырпалықтармен милициялар рақымсыз күресумен болды»,- деп шындықты ашық жазады. Мұны оқығанда сол бір ауыр кезеңнің сұрапыл сәттері көз алдымызға келеді. Милиция мерекесіне орай жазылған, даталы күнге арналған мақала соны ықыласпен, мерекелік леппен жазылып, ащы шындықтан ауытқып кетпей, ел басына түскен ауыртпалықты көтеруге ұмтылып отырған жасақшыларға қол ұшын беруге үндейді. Мақаланың ерекшелігі сол – көбіне оңай орнатыла салғандай көрінетін, тіпті, қазір кейбіреулер айтып жүргендей «бекер орнатылған кедейлер мемлекетінің қаз-қаз тұрып кетуі аса қиынға соққанына жас буын, өскелең ұрпақтың көзін жеткізеді. Сонысымен құнды. Бұл еңбектерді тарих беттерінен сыр шертетін Қалдыбай қазынасының бір тарамы деуге тұрарлықтай. Оның «Тілші» газетіндегі «Кеңестер сьезі» атты мақаласына да бей-жай қарайтындай емес. Рас, бүгінгі күні демократиялық леппен, жаңаша көзқараспен сьездер жөнінде сөз қозғай да бермейміз. Бірақ, ең бастысы, тарихтың аты – тарих. Осы кезге дейін жүріп өткен жолымыз, біздің бостандыққа жетуімізге кедергі келтірген оқиғалар әсте ескерусіз қалмауы тиіс. Сондықтан да жоғарыдағы материалға сын көзбен қарап шыққанда ұққанымыз – журналист кеңестер сьезінен есеп жазып қалдырғандары – біздің өткенімізге үңіліп, өшкенімізді тануға мүмкіндік бергені. Бұл – сол уақыттағы жәйттарды аңғартатын айна.   Бұл мақалада облыстық сьезге халықтың біртуар азаматтары Рысқұлов, Қожанов, Жандосовтардың қатысып, шаруа мәселелерін шешу жағдаятын қарастырғандығы баяндалады. Сонымен бірге өз шаруасын күйттеген қарапайым ауыл адамдарының тыныс-тіршілігін аңғарып, саясатпен ісі жоқ бойкүйездігін де айта келіп, халықты оқу-ағарту ісіне көбірек тартуды ұсынады. Саясат саласында кенжелеп, білім деңгейлері төмендеп отырған шаруалардың басын біріктіріп, екпінді істерге жұмылдыру керектігіне тоқталады. Бойларында серпіліс бар еңбекшілерді үлгі тұтады. «Бұл уақытқа дейін шаруа тіршілігіне көз қырын салмай келушілікті» орынды сынайды. Мұндай тосын шырғалаңнан шығу жолдарын көрсетіп, бағдар сілтеп отыратын материалдарды Қ.Абдуллиннің мұрасынан көп кездестіруге болады». Журналистік лабораториясына үңілген сайын, Қалдыбайдың сан қырлы қабілетіне тәнті боламыз. Біріншіден, ол халық даналығына сүйенген, мақал-мәтел, қанатты сөздерді, нақылды көп пайдаланған. Мысалы, «Жау жоқ деме – жер астында, бөрі жоқ деме – бел астында», «Газет – елдің көзі, құлағы, саяси, шаруашылық жолбасшысы», т.б. Екіншіден, үлкен ой түйген, тәлімдік-тәрбиесі зор материалдарын өлең шумақтарымен де бастайтын болған. Мысалы, «Ұлпан Қарияұлы» атты мақаласы:

«Кеше жүрген бүгін жоқ,

Ұлпан біздің орада. 

Оты үнемге жанған жоқ,   

 Айзы қалды артында»,- деп басталады.

Үшіншіден, халықтық мерекені атаусыз қалдырмай, баспасөзде мақала жариялап, халықты құлағдар етуге ынтазар болған. Ел қуанышына қосыла қуанып, ел мұңына қосыла мұңайған. Төртіншіден, сықақ жанрына да қалам тартқан. Жан –жақты дарындылығын, білімділігін байқатқан. Жақсы істі жаны жадырай жеткізумен бірге, кемшілікке де күйіне отырып, сын айтқан. Мысалы, «Бір қазақ қызының атасына айтқан сөзі» деген өлеңінде балиғат жасына да толмаған қызын дүниеге айырбастаған арсыз әкені сын тезіне алады. Бесіншіден, өмірде болып жатқан алуан-алуан құбылыстардан, өндіріс пен шаруашылықтың әр саласынан, оқу-ағарту ісінен, баспасөз туралы, мәдениет және әдебиеттен, ел тарихынан т.б. мәселелерден үзбей, толғақты материалдар жазып отырған. Мысалы, «Шу қазақтарының тіршіліктері», «Жетісу шойын жолының Пішпекке жеткен күні» («Тілші» газеті – 31.08.24 ж) «Февраль төңкерісінің тарихы» (Сонда – 12.03.24 ж) «Қазақ-қырғыз арасында кооперация» (Сонда – 2.03.24 ж), «Қазақ-қырғыз кедейінің тұрмысынан» («Кедей еркі», – 6.05.21 ж), т.б. Алтыншыдан, сьезден, пленумнан, конференциядан, т.б. жазған есептерінде күн тәртібінде қаралған мәселелердің жайымен оқырманды таныстырып, тіпті, кейбір жәйтті баяндап қана қоймай, кең тұрғыда талдау жасап түсіндірген, берілген бағыт, бағдарды аңғарып отырған. Жетіншіден, кез-келген материалын жазғанда шынайы фактіге негізделгеніне, тұжырымды пікір білдіре алғанына, қарабайыр көсемсіп кетпегеніне көз жеткізесіз. Алдымен фактіні жинай білу, орынды қолдану, жанр ерекшелігін сақтау, сөзбұйдаға салынбау, өзге де журналистке тән қасиеттер Қ. Абдуллин публицистикасынан айқын көрінеді. Бұл жайында, Қалдыбайға жоғары баға бере келіп, профессор Т. Қожакеев былай дейді: «Өз кезінің көрнекті журналисі газеттерге қатысып қана қоймаған, жалпы баспасөз туралы ойлар да айтқан, «жұрт,-деп жазды бірде ол,-баспасөз маңызын түсінбейді. Сондықтан оған жазушы да, оны алдырушы да аз. Қазір «Тілші» газеті халі нашар болып, дағдарып тұр. Енді қаражат жағын күшейтуге қамданып, амал табу керек... Газет – елдің көзі, құлағы, саяси, шаруашылық тіршілігінің жолбасшысы. Матбұғат жұмысын өркендетіп, ілгері жіберуге тырысу – баршамыздың бірінші міндетіміз».

Осылайша журналистік парызын терең сезінген ол шын мәнінде халық жанашыры бола білді. Рас, сол кездегі идеологияға сәйкес ұран іспетті сөз, сөйлемдер кездесіп қалатыны жасырын емес. Кейбір насихаттық мақалаларынан кеңестік дәуірдің лебі, үні еседі. Сөйтсе де қоғамдық пікір қалыпастырушысы, халықтың жоғын жоқтаушы журналист ретінде Қалдыбай Абдуллин қазақ журналистикасы тарихынан өзіндік орын алуға тиіс. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға