Жаңалықтар

Қайрығали Медеттің шығармашылық ерекшелігі

Қаламгердің шығармашылық ізденістері
Қайрығали Медеттің шығармашылық ерекшелігі
24.09.2017 12:14 6387

Журналистика саласында ұзақ жылдар қызмет атқарғанмен, өзіндік із қалыптастырған азаматтарды кездестірудің өзі сирек кездесетін құбылыс.  Кейбір редакция басшылары сол жоғары жақтан, өзінен бір саты биіктеу көрінетін әкімшілік тарапынан айтылған ұсыныстар шеңберінен аса алмай, сол күйінде газеттің әрбір нөмірін «дубляж» жасаумен шығарып, өзінің оқырмандарын жоғалтып алып жататын болса, Қ.Медет керісінше, қайсы бір басылымның бас редакторы болып қызмет атқарсын, ол өзіндік жаңа, соны серпілісті оймен келетін.

Кеңес дәуірінен қалыптасқан үрдіс, басылымның басты бетіне (бірінші беті) мемлекет басшылары мен бірінші хатшылардың суретімен газет шығып жататын. Бұл кейін тәуелсіздік алған Қазақстан басылымдарында да қайта орын ала бастады. Мысалы, үкімет адамы мен облыс әкімінің облыс не қалалық газеттердің бірінші бетіне басылуы өзгеріссіз қалып жатты.  Бір қызығы, бір облыстың әкімі өзінің суретін газеттің әрбір нөмірінен көрмейтін болса, реніш білдіріп, редактордың ішкі ісіне араласуға дейін барғандығын білеміз.  Ал, Қ.Медет болса, Республикалық басылымның басшысы болғаннан алған тәжірибесінің молдығы ма, әлде ішкі болмысы осылай қалыптасқан ба, өзі редакторлық еткен басылымдардың барлығында облыс әкімі, не қала әкімі болсын оларды екінші «планға» жіберетін де, газеттің басты бетіне жақсы, елді елең еткізетін ақпаратты жариялап жіберетін.  Мысалы, осындай үрдісті ол «Оңтүстік Қазақстан» газетінде қызметте жүргенде де қолданды. Содан соң, «Шымкент келбеті - Панорама Шымкента» газетіне бас редактор болып келген кезінде де, қала әкімдері мен оның айналасында жүрген шенеуніктерді газеттің бірінші бетінен түсіріп, ішкі не айқара беттерден орын беретін. Бұған реніш білдірген, не болмаса ескерткісі келген басшылар да болды. Дегенмен, газеттің басшысының мысы басым болғандықтан ба, бұл үрдіс өзгеріссіз қалып қойды.  Газеттің оқырмандары осы қаланың екі газетте үш-төрт мың оқырманнан аспай келсе, Қ.Медет басшылығы кезінде басылымның таралымы бірден он сегіз мыңға дейін көтеріліп кеткеніне оқырмандар таңданыс білдіріп, өздерінің қуаныштарын жеткізіп те жататын. Ең алдымен газет ол «халықтың үні» деген принципті ұстанатын Қ.Медет осылайша, басылымдардың түлеп, өзіндік өрнек салынған жолмен дамытқандығына жұртшылықтың өзі куә болып жататын. 

Қ.Медет өзінің журналистикадағы тәжірибесін оқу-ізденумен ұштастыра білген жастарға дарытуға тырысып бақты. Қ.Медеттің кәсібилігі сонау 1978 жылдардан бастау алғандығына көз жеткізу қиын емес. Содан бірнеше жыл өткеннен кейін ол қоғамда болып жатқан небір жанды мәселелерді тереңнен қозғай бастады. Оның: «Қоғамның дамуы барысында пайда болған жетістіктер мен түйткілдерге дер кезінде үн қатып отыру қаламгерлік те, азаматтық та борыш» деген сөзі көп жайды аңғартады.  Қ.Медеттің публицистикалық еңбектері де бір шоғыр. Кезінде қазақ публицистикасының теориясы мен тәжірибесіне қатысты мәселелелерді алғаш рет бір арнаға түсіріп, публицистиканы дербес пән ретінде қарастырып, оның мазмұны, формасы, әдісі, функциялары туралы ғылыми тұжырымдар жасаған профессор Т.Амандосов болды.  Бұл атақты ғалым Қ.Медеттің «Ғылыми журналистика» атты дипломдық еңбегіне жетекшілік етіп, оны болашақ журналист «өте жақсы» деген бағамен қорғап шықты. Осы жетекші-ғалымның «Публицистика – дәуір үні», «Қазақ совет баспасөзінің жанрлары», «Совет журналистикасының теориясы мен практикасы» атты еңбектерінде публицистика жанрлары публицистік шеберлік мәселелері қозғалды. Т.Амандосовтың «Современная казахская публицистика» атты докторлық диссертациясында публицистиканың кейбір ерекшеліктері көрсетілді». Қ.Медеттің журналистикадағы алғашқы баспалдақ жылдары осы Кеңес дәуірінде өткендігі, сол кезеңдерде оның да ұтымды тұстары болғандығы, әсіресе қолына қалам ұстағандардың публицистикаға жақын тұратынын бағамдауға болады. Қ.Медеттің сол кездерде түрлі ғылыми-көпшілік тақырыптарға мақалалар жазғандығы, оларды тартымды әрі терең зерттеп барып жазғандығы бірден көзге ұрады.  

Журналист, редактор Қ.Медет өзінің «Киелі нәрсені қадірлейік» атты мақаласында: «Дегенмен, біз әлі тәуелді, тәуелсіз газет не телеарна деп бөлуден, бөлінуден арыла алмай келеміз, Бәріміз бір мақсатты көздеген ұлттық басылым не ұлттық құндылықтар мүддесін діттеген газетпіз, деп мақтанышпен кеуде көтере айтуға жете алмай келеміз. Әлдекімнен именетіндей жан-жағымызға қараймыз. Жалтақпыз немесе болған бойымыз осы. Өйткені, байыпты ойлауға интеллектуалды өре жетпей жатыр. Әрі журналистиканың барлық баспалдағынан өткен газет басшылары тым аз. Газет ашамыз да талтаң-талтаң басамыз» – деп жазыпты. Шындығында бүгінгі күні екінің бірі газет ашып алып жатады. Онда ғылыми талдау, не зерттеу жоқ. Публицистика жанрының не екенін де ұқпайтындар бар. Тіптен, ондай жанрлық материалдар газет бетінен жоғалғаны қашан?! Барлық басылымдар бірі-бірінің жазғандарын қайталаумен келеді.  Қ.Медеттің журналистикадағы осы публицистикалық мақалаларының өткір жазылып, оқырмандарды терең ойға шомдыратын тұстары да аз емес. Мысалы, ол өзінің «Иірім алдындағы беймаза сәт» атты мақаласында журналистің нағыз кәсібилігін көрсетеді. Ол «Әрбір адамның ең жақын досы – бала күнінен көрге дейін бірге еретін өмірлік досы, ұзақ досы – кітап болуға тиіс. Бұл нәрлі достық ең әуелі кітапханамен достасудан басталады» (Мұхтар Әуезов). Және де Қытайдың бір саяхатшысы сонау ғасырларда «Отырарды Отырар еткен де шарапханасы мен мейрамханасы емес, кітапханасы еді» деген. Ал, кешегі Кеңес үкіметі құлағаннан кейін, республикамызда кітапхана саны үш есеге қысқарып, 3 миллион кітап сұраусыз, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Бір ғана Оңтүстік Қазақстанда 1996-1997 жылдары 607 кітапхана 433-ке түсіп, 174 кітапхана көзден бұлбұл ұшқан екен. Оның 16-і ауылдық жерлерде орналасқан еді. Мұндай үрдіс Әкежан Қажыгелдиннің жекешелендіру саясатының кесірінен, әсіресе, журналистермен болған әңгімеде оның «кітапханаларды ойлауға мұрша жоқ» деген атақты сөзінен соң-ақ қатты белең алған-ды..».

Қ.Медет өзінің соңына ерген шәкірттеріне әкедей қамқоршы болған басшы да. Оның ізбасарларының барлығы дерлік Республикаға танымал журналистер болып қалыптасты. Мысалы, оның тікелей шәкірттері Бесенбай Тәжібаев («Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметін атқарды), Жандар Көшенов (Республикалық орталық басылымдарда жауапты қызмет атқаруда), Ғалымжан Елшібай («Жас алаш», газеттерінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі), Шадияр Молдабек («Заң», «Қазақ айнасы» газеттерінде) т.б. ерекше атауға болады.  Ал, журналистикаға кештеу келген Асан Сарқұловтың қаламының ұшталуына Қ.Медеттің қосқан үлесін өз аузынан естідім. Сол А. Сарқұлов 1991 жылы өзінің шығармашылық жұмысын Қ.Медет бас редактор болған Республикалық «Мәдениет-Культура» газетінен бастағандығын осы басылымның әрбір нөмірінде жарық көрген мақалаларынан аңғардық. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, уақыт өте келе осы автор бірқатар басылымдарда өзіндік ізін қалдырған мықты журналист ретінде халыққа танылды.  Қ.Медет те өзінің шәкіртіне өзің тілегін былай білдіріпті: «Сарқұловқа неге көңіл ауып, көз түседі. Ол біріншіден иманжүзді, екіншіден адал, үшіншіден қарымды журналист. Төртіншіден, сенімді азамат, бесіншіден өзіндік стилі-тек фактімен сөйлейтіндігі. Бесіншіден, жауапкершілік деген аманатты жерге қалдырмауы».  Қ.Медеттің бұл бір шәкіртінің өзі елде салмағы бар жазушы, саясаткерлерінің бағасын алып жатса, бұл да оның журналисканы дамытуға қосқан үлесі емес пе?!  Қ.Медеттің ендігі бір шәкірті Бейсенбай Тәжібаев еді. Аса дарынды журналистің қанатын кеңге жаюына да редактор Қ.Медеттің үлесі зор болды.  Қ.Медет 2000 жылдары «Шымкент келбеті - Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторлығына тағайындалғанға дейін, Республикалық «Қазақстан теледидары мен радиосы» корпорациясының программалық қызметінде басшы (1997 ж), ОҚО Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының тіл бөлімі бастығы (1998 ж), «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары (1999 ж) қызметтерін атқарып келген болатын. Ол сол кездерде студенттер қатарынан талантты жастарды өзінің басқарып отырған редакциясына қызметке тарта бастады. Олардың қатарында жоғарыда аты аталған Бейсенбай Тәжібаев пен Жандар Көшеновтер жүрді.  Біріншісі қандай да бір тақырыпқа терең бойлай білетін журналист ретінде елге танылды. Ол кейінен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторлығына дейін өскен жас шәкірттердің бірі болды. Ол осы қызметті абыроймен біраз жыл атқарып, кейіннен Астанаға басқа қызметке ауысып кеткен де еді. Б.Тәжібаевтың білімділігі, оның жүріс-тұрысы көпшілдігі жастарға үлгі де болды. Оның жазғандарын үлкеннен кішіге дейін іздеп жүріп оқитын. Тағы бір айта кетерлігі осы екі журналистің дін тақырыбына жазған мақалалары кім-кімді болса да бей-жай қалдырмайтын. Әсіресе, бұл тақырыпты екі тілде бірдей еркін жазуға төселген Жандар Көшенов терең игеріп кетті. Ізденгіш, еңбексүйгіш болып қалыптасан Б.Тәжібаев пен Ж.Көшеновтер бүгінде нағыз кәсіби журналистер. Осында тағы бір ескере кетерлігігі Ж.Көшеновтың орыс және қазақ тілдерінде еркін жаза беретін дарындылығы да бар болып шықты. Редактордың біраз қамшылауынан кейін ол екі тілде көсіле жазды.

Ел ішіндегі жұртқа танымал журналистердің: «Қайырғали Медеттің бізден бір артықшылығы көптеген шәкірт дайындап алғандығы. Қайда барсаң да, Қайрекеңнің шәкіртімін деп мақтанышпен айтып тұрған жас журналистерді кездестірдік. Міне, осынысымен ол ардақты» – деп жатады. Журналистикада өзіндік стиль қалыптастырып үлгерген Қ.Медет Республикалық басылымдардың басшылық қызметінен соң елге оралып, онда да абройлы жұмыс атқарып жүргендігін жоғарыда айттым. Бірқатар кісілер ұзақ жыл Алматы не Астанада орнығып қалғандығын сылтау етіп, ауыл жаққа (туған жерге –Б. М) барғысы келмей, өзіндік сылтау тауып жатады. Қ.Медеттің тағы да бір ұтқан тұсы, ол өзін қызметке шақырғанда, жастық дәурені өткен әсем Алматымен қимай қоштасып, Оңтүстікке қарай ат басын бұрғандығы.   «Шымкент Келбеті» - «Панорама Шымкента» қалалық газетінің бас редакторлығынан 2006 жылы ол Республикалық қоғамдық-газет «Ел мәдениетіне» басшылыққа ауысты. Бұл жерде де Қ.Медет өзінің іскер басшы, қайратты редактор екенін танытты. «Рухани күшпен көптен озасың» деп Игінеки айтқандай Қ.Медет басылымның рухани жағына баса назар аударды. Өзінің туып өскен Оңтүстік өңірдегі жас таланттарын дер кезінде тани білген ол, Ақтолқын Тәжібаева сынды дизайншыны, Айгүл Мамытова мен Камиля Тәліпова секілді елге танылып қалған журналисттерді де осы газеттің баспалдағынан аттауға шақырды. Газеттің бірінші нөмірін халыққа жеткізудің өзі ұтымды шықпаса бұл да сын болатыны сөзсіз еді. Қ.Медет басылымның 1-ші бетіне «Қазақ халқының өнер қайнары» бейнелі суретті басып, оның тарихына қатысты қысқаша «Қасқыр бейнеленген білезік б.д. дейінгі ІІІ ғ.» деген жазумен безендірді.

Осы беттен «бүгінгі санда» атты таныстыру мәтіні қазақтың қасиетті домбырасының бойын ала төмендегі тақырыптарды қамтыпты: «Шоқан – ұлы ғалым екені даусыз», «Жүрек қалауымен қабылдаған дін», «Первый мастер казахского искусства», «Оянған ұлттық рух». Міне, осы тақырыптарға көзі түскен оқырманның газетке деген құштарлығының оянатыны сөзсіз еді.  Бұдан қала берді басылымның соңғы бетінде (16 бет) «Галерея» айдарымен «Истоки казахского народного искусства» атты бейнелі суреттер орналастырылған. Соның бір екеуінің мәтінін келтіре кетейін: «Аяк кап - сумка для посуды. Ткань, вышивка, тамбур» (суреттері бар), «Тюркские воины со знаменами в виде волчьей головы. Петроглиф. Ой-Джайлау» (суретпен берілген), «Шымши-циновки» (суреті берілген), «Кровать. Дерево, кость, метелл, резьба, инкрусация» (бұның да суреті бар) т.б.  Газеттің екінші беті «беташар» айдарымен ашылған. Онда белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың «...Осы сәлемімді жеткізші, інім, Оңтүстік жігіттеріне...» тақырыбымен алынған сұхбат берілген.  Содан соң бұдан 15 жыл бұрынғы үш мақалаға орын беріліпті. Бұлар «Мақаладан митингіге», «Кітaпхана аты өзгерсе дейміз» және «Қайта қауышу». Бірінші мақалада сол кездегі астанамыз Алматыдағы М.Горький атындағы демалыс паркінде митингі болып, оған әдебиет, өнер қайраткерлері қатысып, өздерінің пікір ұсыныстарын білдірген. Осындай өзекжарды мәселелер қорытындысында демалыс паркіне ұлттық сипат беріп, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірі Бекболат Әшекеұлы атына өзгерту туралы ұсыныс енгізген.  «Мәдениет» газетінде жарияланған «Горькийге қарсы» мақалада осы мәселе арнайы көтерілген болатын. Міне, осыған қала басшылықтары терең ой салар деп қорытады газет бетінде жазылған ақпаратта.  Ал «Кітапхана аты өзгерсе дейміз», – атты мақала (авторы А.Сарқұлов) Газеттің №1 санында Дихан Қамзабекұлының «Мәдениеттің бір өлшемі» мақаласына қатысты зерттеуден тұрады. Мұнда орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің Алматыда көшеге, кітапханаға т.б аттарының қойылғандығы, осындағы Пушкин атындағы кітапхананы неге ұлттық кітапхана деп атамасқа деген орынды мәселе көтерілген. Бұл мәселені тектен тек атын шығару үшін Пушкиннің атындағы кітапхананың атын өзгерту мақсатта емес екендігі, әрі осы кітапхананың бұған дейін сан құбылып, бірнеше мәрте өзгергендігінен фактілер келтірілген. Оны мақалада дәлелдеп жазып көрсеткен екен. Мысалы, Алматы-Верный болып тұрғанда қала кітапханасы ретінде бұл 1910 жылы Лев Николаевич Толстойдың атын алған. 1920 жылы Семиреченская («Жетісу») облыстық көпшілік кітапханасы атына өзгертіледі, кейін тағы да өзгеріске ұшырап, бұл Алматы губерниялық кітапханасы болып аталады, бұдан соң 1931 жылы Қаз АКС Мемлекеттік көпшілік кітапханасы деп те аталады.

Осындай сан мәрте өзгеріске түскен кітапхананың атын ұлттық кітапхана деп атауды ұсынған газет ұжымы мен оның бас редакторына осы мақаладан соң хаттар ағылып келе бастаған.  Олардың басым көпшілігі кітапхананың атына лайықты, ұлттық негізде атауды ұсынған. Көп ұзамай Алматыдағы «Пушкинка» (Пушкин атындағы орталық кітапхананы студенттер Кеңес дәуірінде осылай атап кеткен.-Б.М.) кітапханасы Қазақтың ұлттық кітапханасы болып жаңа атауға ие болды. Бұл осы күндері де осы атаумен өзінің оқырмандарына қалтқысыз қызмет етіп келеді.  Өзіміз сөз етіп отырған «Ел мәдениеті» газетінің осы нөміріндегі «Қайта қауышу» атты бас редактор Қ.Медеттің мақаласынан қысқаша үзінді келтіруді де дұрыс деп таптым. Осының алдындағы «Мәдениет» газеті нарық қыспағына қарамастан 15 мың тиражбен халықтың қолына жетіп отырған.  Мәдениеттің үлкен жанашыры қазақтың тұңғыш профессионал режиссері Асқар Тоқпанов ақсақал жартылай жертөледе орналасқан редакцияға арнайы келіп кетіп тұрған. Ол өзінің ақылын айтып кететін кездері де аз болмаған. Осы редакцияға ол өзінің «Іңкәр дүние» атты кітабын тарту да еткен.  Сонда профессионал (тұңғыш кәсіби театр режиссер-Б.М.) театр режиссері А. Тоқпанов төмендегідей автограф-тілек қалдырыпты:  «Қайырғали бастаған «Мәдениеттің» бес бәйтеректерім жақсылықтың рухын сеуіп, нұр шашып, ұлы халқымыздың теңі жоқ сегіз қырлы, бір сырлы мәдениетін тірілтіп өркендете беріңдер! Сендерге сенем, елімнің ХХІ ғасырда да, бүгінгі иелері де сендерсің. Зор сенім, үлкен үміттенуші көкелерің –Асқар Тоқпанұлы!  19 ақпан, 1992 мешін жылы»  Сол кездері рухани қайнарлардың бір бастауы – мешіт құрылыстары қолға алына бастаған. Алматыда да мешіт тұрғызу басталып, қаржы тапшылығынан аяқталуы сиырқұйымшақталған-ды. Оған 500 млн. сом қажет екен.  Мешіт құрылысына көмек ретінде «Мәдениет» газеті «Алладан мейір, адамнан пейіл!» атты акция өткізуге бел шешеді. Бірде бас муфти Рәтбек қажы:  «Қайырғали, егер жұмсаған шығындарың қайтпаса, онда не болады? Мешіттен қайтарым сұрамайсыңдар ма?» деді. «Онда өз көңіліміз өзімізден қалады, Реке,» дедім. Ел жұрттың пейілі түзу екен. Құдай қолдап біз, «Мәдениет» газетінің жігіттері, Республика сарайында өткізген бір кештік акцияда орталық мешіт құрылысына 120 млн. Қаржы түсірдік. Бұл 1993 жыл еді...».

Қандай да басылымға басшылық жасамасын Қ.Медет имандылық мәселесіне үлкен көңіл бөліп отырады. Мысалы, «Ел мәдениеті» газетінің бас редакторы кезінде басылым бетіне ол Ислам дініне қатысты бірнеше мақалаларды, сұхбаттарды басқан. Соның бір-екісіне тоқтала кетелік.  «Ғылым дамыған жерде, Ислам дамиды» атты көлемді мақала-сұхбатта «Шапағат-Нұр» журналының бас редакторы Нұртай Ерназар елімізде кейбір ағымдарды халықты тура жолдан адастыруына қатысты өзінің ой-пікірін білдіріпті. Ол: «...Ислам дінін насихаттау, мектептерде «Имандылық сабақтарын» өткізу, діни басылымдарға көңіл аудару, бұларды тендерлерге қатыстыру, оларға жеңілдіктер жасау, салынып отырған салықтарды алып тастау, халықтар арасына уағызшылар шығару, мешіттегі имамдардың жалақыларын тағайындау, олардың жұмыс істеуіне көмектесу т.б. іске асырғанда иманымыз беки түспек. Сол сияқты барлық мемлекеттік арналарда жұмасына бір рет, ол көп дейтін болса, айына екі рет, тіптен ол да көп делінетін болса, айына бір рет діни басқарма эфир арқылы еліміздегі дінге қатысты болып жатқан жаңалықты жеткізіп отырғандары жөн емес пе? Бұл хабарлар орыс және қазақ тілдерінде жүру керек. Содан кейін, біздің аудандық,  облыстық, үкімет басшылар өздерінің діні мұсылманшылықты дәлелдеп, ұстанымдарын айтып отырса, діннің бірлігіне шақырып тұрса ғанибет емес пе...» деп сұхбатында айтыпты. Осы орайда белгілі ғалым, ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақыптың ақпарат мәселесі жөнінде айтқанынан үзінді келтіре кетейін: «...Шын мәнінде журналистиканың әлеуметтік қызметтің ерекше саласы ретіндегі мәні бұқаралық ақпарат жинақтаумен, өңдеумен, дайындаумен және таратумен айқындалады. Журналистиканың негізгі күші-оның ақпаратты иемденгендігінде...» деп жазады.

Редактор, журналист Қ.Медеттің де ақпаратты жинап жеткізудегі талабының орынды жасалатындығы онымен қызметтес болғандар анық аңғаратын. Ол редакция жоспарын құрғанда да алғашқы бағытты ақпарат алудың соны жолдарына үлкен мән беретін. Содан соң барып, сұхбаттасу, жеке пікірдегі мақалалар мен оқырмандардың хаттарына назар салатын.  Себебі, оқырманды да журналистердің өздерін де ең алдымен қызықтыратыны ол ақпарат кеңістегінде болып жатқан жаңалықтар емес пе?  Батыс болсын, АҚШ-тың БАҚ-ы өкілдері болсын ең алдымен ақпараттың көзіне баса назар аударып жататындығы сондықтан. Тіптен, түріктектес Түркия елінің журналистерінің бірінші кезекте тың ақпарат көзін іздеп жатуы да сондықтан. Мысалы, Түркияда шығатын «Джумхуриет», «Zaman», «Milliyet» газеттерінің ақпараттық жаңалықтарын оқысаңыздар осыған көз жеткізе аламыз. Міне, осының дұрыстығын кезінде А.Байтұрсынұлы да айтып кеткен болатын. «...Қазақ журналистикасының қалыптасып, дамуына іс жүзінде де, сөз жүйесімен де үлес қосқан тұлға Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің 1911 жылғы шыққан алғашқы нөмірінде: «Әуелі газета – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, газета ондай керек. Газетасы жоқ жұрт, басқа жұрттың қасында, көзі жоқ соқыр, құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау секілді. Дүниеде не болып жатқанын көру, есту жоқ, өз пікірін айту жоқ» /Қ.1913, №1/ деп жазыпты.  Сондағы Ахаң айтқан ой-ақпаратты иемденген жұртшылық қана білімді, парасатты,көзі ащық, білікті бола алмақ...».

Қ.Медеттің публицистикалық мақалаларын оқығанда белгілі ғалым Т.Қожекеевтің: «Публицистика нақтылы өмірден орын алып отырған мәнді оқиға-фактілер төңірегіндегі пікірді қозғап, сол туралы дұрыс ұғым қалыптастыруға ықпал жасайды. Яғни, публицистика-фактінің, нақты оқиғаның жанры» дейді.  Осыған қатысты Қ.Медеттің «Қазақ тілінің құны қанша?» атты мақаласынан үзінді келтірейік:  «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры дегендей, Шымкент қаласы әкімі аппаратының жауапты қызметкері Хиуаз Әлішева қызмет бабында «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының орындалуын тексеру мақсатымен 10ақпан күні «Ваня» автоорталығына келеді. Мұнда болған оқиға туралы Панорама Шымкента» (№10, 4.03.1999 г.) газеті «Наглое хамство» және «Шымкент келбеті» (№10,4.03.1999 ж.) газеті «Сендердің заңдарың...» деп секірген Ваня қазақ қызына емес, Қазақстанға тіл тигізеді» атты тақырыптармен Х.Әлішеваның қала әкімі Қ.Ізбасқановтың атына 11-ақпан күні жазған баяндау хаты жарияланды. Бұл құжат қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Қ.Ақтаевтың атына жолданған-ды. Оқырманға түсінікті болуы үшін сол баяндау хаттан аудармасыз, боямасыз үзінділер келтірейік:  «...руководитель был на месте (молодой человек славянской национальности, рабочие к нему обращались «Ваня»)  ....Тогда руководитель центра вспылил, спросил: - На каком это на государственном? - На казахском, – ответила я. - Что? Я еще должен на казахском написать? Еще чего, вы заплатите 3 тыс. долларов, которые я потратил на эту вывеску? - Но это требование закона, я вам только что показывала его. - Да ваши законы несовершенны, и этот не исключение, и я не собираюсь выполнять его. И вообще ходите тут побираетесь, работать не даете!.. Далее он оскорбил меня нецензурной барнью... Пригрозил, что он позвонит куда следует, тогда ни мне, ни Акиму моему не сдобровать, что нас близко не подпустит с проверками по пустякам... Әңгіменің ұзын ырғасы, міне, осыған саяды...». Осы мақалада айтылғандар бойынша тергеу амалдары жүргізіледі. Шымкент қаласы сотының қаулысымен қазақ тілін менсінбеушілерге әкімшілік жаза қолданылады. Дзигалюк Игорь Ивановичке 660 теңге айыппұл салынады. Бұл да ұлттың намысына тиетін шешім еді. Қ.Медет осы мақалада заңды да жетік білетінін жақсы көрсете білген.  Ол Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінде тіл туралы заңды бұзушыларға әкімшілік жауапкершілік көзделмегендігін жазады. Дегенмен, прокуратура органдары заң ережелерін бұзуға жол бергендерді прокурорлық қадағалау әрекеттерімен құқылық тәртіпке шақыруға өкілетті, дейді Қ.Медет.  Прокурардың талабы орындалмаған жағдайда кінәлі адамдарға аталған Кодекстің 185-4-бабы бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін айыппұл салынады, сондай-ақ 15 тәуілікке қамауға алу мүмкіндігі реттелгендігін де Қ.Медет осы мақалада анық көрсетіп жазады. Осының бәріне осалдық танытқан қалалық прокуратураның сырғақтығын сынайды автор. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға