Жаңалықтар

Қайраттың қайырымды істері

Қайырымдылық туралы игілік жасаған адам емес, көрген адам айтсын.  Сенека
Қайраттың қайырымды істері
25.08.2018 11:39 7381

Адам қол жеткізген басты құндылық ғылыми-техникалық революция немесе инновациялық жетістіктер емес, адамгершілік дер едім. Әл Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» туралы трактатында айтқандай, адам кемелдікке жету үшін бірқатар дүние қажет. Себебі ол бар қажетті өзі жалғыз жасай алмайды. Сондықтан да адам қоғамда өмір сүруі қажет. Сонда ғана ол нағыз бақытқа жете алады. Бірақ қоғам шарты өзіңнің ғана қажетіңді іздеу емес, өзгенің де жоғын толтыру, көмек беру. Осылайша қоғамдастықта адамдар бір бірімен әрекеттесіп, мұратына жетеді. Қоғамның озық идеялары біз өмір сүріп жатқан мемлекеттің бағдарламаларымен тұспа-тұс келуі қуантады. Өз басыма Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында баса айтылған «Туған жер» бағдарламасы өте жақын. Қай жерде жүрсек те, кімнің қайдан келгенін сұрап жүреміз. Бұл жершілдікке салыну емес, туған жерге сағыныштан туындаса керек. Туған жерге сағыныш сезімі, тып өскен жерге, елге тағзымға жетелейді. Ел азаматтарының ішінде өңіріне көмектесіп, қайырымды істерін естігенде бұл тізбекті реакция тудыратын сияқты. Мәселен, 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы «20 игі іс» әлеуметтік акциясын бастаған еді. Бұл акцияны әр өңір қолдап, нәтижесінде 90 198 адам 5 млрд. 623 млн. 911 мың теңгеге көмек алды. Ал осы акцияға қатысушылардың саны 2 586 469 адамды құраған екен. Сондықтан да, менің туып-өскен өңірімдегі арда азаматтың игі істері туралы айтсам деп едім.  

Туған жерге қызмет етудің бірегей жолы адал қызмет ету деп түсінетін абыройлы азаматтың бірі – меценат, «Мақсат» шаруа қожалығының басшысы Көпбаев Қайрат Советұлы. Қожалық Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылдық округінде орналасқан. 

Қайрат елдік мәселелерге төрелік айтып, әділдігімен қара қылды қақ жарған Мама бидің ұрпағы. Әкесі Совет Көпбайұлы жоғары білімді ұстаз, мектеп директоры, кейін ауылдың әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан ауыл шаруашылық саласының қызметкері. Қазір құрметті демалыстағы абыройлы ақсақал Түгіскен ақсақалдар кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, іргелі істердің ұйытқысы болып жүреді. Жақсы қасиет әке-шешеден берілмей ме. Қайраттың анасы Сара апамыз елге сыйлы, ұлағатты ана. Осы көпбалалы, ұлағатты отбасының тұңғышы Қайрат жастайынан елдің жағдайын көріп, мұң-мұқтажына назарда ұстаған. Өзге құрдастары мектеп бітіріп, қалаға ағылғанда, оның ойы ауылда еді. Қанаты қатайған соң да ауылынан ат ұзатпай, еңбек жолын  шопан болып бастаған ауыл ағасы адал еңбектің арқасында бүгінде «Мақсат» ШҚ басшысы болып отыр. «Мал баққанға бітеді» демекші алғашында Шопан атаның түлігі қой бағудан бастаған Қайрат кейін Қамбар атаның түлігі жылқыға құрық салады.

Бүгінде «Мақсат» қожалығы қазақтың асыл тұқымды «ақ бас сиырын» өсіруімен айналысады. Бұл тұқым қазақ және қалмақ сиырларын ағылшындардың герефорд бұқасымен будандастыру арқылы 1932-1950 жылдары Қазақстан мен Ресейде алынған. Еліміздің далалық және шөлейт жерлерінің табиғи жағдайына бейімделген. Тез жетілетін етті мал. Кеудесі кең, аяқтары қысқа, берік. Бұқасы орта есеппен 800-1300 кг аралығында салмақ тартса, сиыры 450-580 кг, жеті-сегіз айлық еркек танасы 200-220, ал ұрғашы танасы 180-200 кг шамасында ет береді. Еркек тайынша 15-18 айлығында тәулігіне 1 кг, ұрғашы тайынша 700-800 гр салмақ қосады.

Қожалық бұдан басқа жүздеген жылқы, мыңдаған қой өсіріп отыр. Еселі еңбектің, тынымсыз тірліктің арқасында Қайраттың дастарханынан асы, сабасынан қымызы, қорасынан төрт түлік үзілмейді. Еңбегімен мұратына жеткен өсіп-өнген, ордалы отбасы. Бауырларын біріктіріп, ынтымағын ыдыратпай, кәсіпкерлік көшін де дөңгелеткен ел ағасы қайырымдылық жасауды да әсте естен шығармайды. Ел іші Қайраттың адамгершілігін, кәсіпкерлігін жақсы біледі. Ол ауыл шаруашылығы саласындағы еңбегі және қайырымдылық істері үшін облыстық шаруа қожалықтарының «Ең үздігі» туымен, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған медалімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Сурет egemen.kz сайтынан алынды. 

Қазақ халқы ежелден жомарттығымен, қайырымдылығымен ерекшеленген. Сондықтан да қазақ қоғамында жетімдер мен жесірлер болмаған. Жаттың өзін бауырына басып, қымбатын қонағына берген қазақтың қонақжайлылығы мен қайырымдылығы мақтауға тұрарлық. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген аталы сөзді берік ұстанған, еңбегімен ел таныған кәсіпкер бүгінде қайырымды істерімен халықтың батасы мен ақжарма алғысына бөленіп жүрген жан.

Қайырымдылық пен азаматтық туралы Шағырай шешен былай деген екен:

Өзін ғана ойлаған,
Жамандықтың белгісі.
Өзгені де ойлаған,
Адамдықтың белгісі.
Үлгілі сөз білмеген,
Надандықтың белгісі.
Бар-жоғына қарамас,
Анық жомарт, ер кісі.

Қайырымдылық – ізгіліктің, имандылықтың шарайнасы.  Адамның ең асыл қасиеттерін паш ететін қайырлы іс. Батыс елдерінде материалдық өмірмен етене байланысып, рухани тоқырауға ұшырағандарға психологтар жаңа ем ретінде мұқтаж адамдарға көмек көрсетуді ұсынады екен. Неліктен Қайратты меценат дейміз?  Түптеп келгенде Қазақстан Республикасының «Қайырымдылық туралы» Заңында меценат ғылымды, білімді, мәдениетті, өнерді, спорттық шеберлікті дамытуға, қоғам мен мемлекеттің тарихи және этномәдени игілігін сақтауға өзінің ізгілік еркі негізінде қайырымдылық көмек көрсетмен айналысатын тұлға демей ме? Ендеше Қайраттың осы ырына тоқталайық. Қайраттың өзі жасаған жақсылығын жар салмай, үнсіз жасауды жөн көреді. Ол қолдау мен қаражат қажетсінген ұйымдар мен жекелеген ұлттық, өнер, спорт жанашырларына үнемі демеуші болуға тырысады. Мүмкіндігіне қарай, қайырымдылық іс-шараларынан қалыс қалмайды, тың бастамаларды қолдайды.

«Алып та, талант та ауылда туады» деген ұстанымдағы кәсіпкер ауыл жастарының заман талаптарына сай жоғары білімді, дені сау, жаңа технологияларды меңгерген талапты болғанын қалайды. Әрбір тасы мен жусанын қымбат көретін туған ауылының әлеуметтік әл-ауқатының артқанын, әр тұрғынының тұрмысы жақсарғанын армандайды. Арманға қол жеткізуге қиялды емес, іскерлік пен табандылықты серік еткен кәсіпкер оны әрдайым іспен паш етеді. Осы ерен істерге ел бастайтын, қажет болса қол бастайтын қайратты, елуді еңсерген шағында кәсіпкер тағы да бір өнегелі ісімен барша халықты тәнті етті. Туған ауылы Түгіскен орталығына заманауи жабдықталған спорт кешенін тарту етіп, ауылының еңсесін көтеріп тастады. Елдің елдігін айшықтайтын еңселі спорт кешенін салуға кәсіпкер өз қаражатынан 110 млн теңге бөлді. Спортқа құштар ауыл балаларын түрлі спорт түрлеріне жаттықтыратын спорт кешені ауыл тұрғындарының қуанышын еселетіп, шаттыққа бөледі. Бұл спорт кешенінде түгіскендіктер волейбол, баскетбол, шағын футбол және күреспен шұғылдана алады. Жаттығу залы заманауи спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Салауатты өмір салтын ұстанып, дені де, тәні де сау ұрпақ тәрбиелеудің басты шарты – жастарды спортқа баулу, оған жағдай жасау. Ендеше қыруар қаржысын ел игілігіне жұмсаған кәсіпкердің бұл игі ісі ұрпаққа ұлағатты болуды, жалпыға шапағатты болуды үндейді. Келелі істің келешек ұрпақтың бойына ізгілікті, қайырымдылықты және елжандылықты сіңіретіні сөзсіз.

Қазір спорт кешенінде КСРО спорт шебері Қалкен Әбеновтің жетекшілігімен бозбалалардың біреуі бозкілемде белдессе, шымырлары ауыр кір көтеріп шыдамдылығын шыңдауда. Ауыл балаларының аулада алыспай, спортпен шұғылданып, жетістіктерге ұмтылуы көз сүйсіндіріп, көңіл марқайтады. Болашақ әлем чемпиондарының осы спорт кешенде құлдыраңдап жүгірген қарадомалақтардың арасынан шықпасына кім кепіл? Сондықтан, бұл кешенге келетін әр бала мен ауыл тұрғындарының кәсіпкерге айтар алғысы шексіз. Қожалықтағы жұмыскерлерді қоспағанда, спорт кешенінің ашылуымен жаңа жұмыс орындарының пайда болуы да ауыл тұрғандары үшін қуантарлық жаңалық. Елдің елдігі мен ердің ерлігі ісінен көрінсе керек. Ендеше, кәсіпкердің келелі істерінен жеке басының пайдасын емес, тұтас қоғамның дамуын, ауылдың көркеюін және халықтың өсіп-өркендеуін, сол арқылы әрбір баланың бақытты болашағын көздеген көрегендікті көруге болады. Бұл мақалада ауыл кәсіпкері, халық азаматы Қайрат Советұлының алдыңғы буын –  ағалары сүйсінетін, кейінгі буын – інілері үлгі тұтатын игі істерінің бір парасын ғана сөз еттік. Ендеше, ауыл спортын жандандырып, серпін беріп серпілткен, болашаққа баспалдақ салған ардақты ағамыздың ісіне береке, толайым табыс тілейік! Ел азаматының еліне бергені көп болғанмен, берері одан да ұшан-теңіз деген сенімдеміз.

Авторы: Перизат Сәдуақас

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға