Жаңалықтар

Қайрат Нұртастың өмірлік ұстанымдары

"Менің бар жетістігім анамның арқасы"
Қайрат Нұртастың өмірлік ұстанымдары
09.06.2017 15:42 13470

Ғаламторда ең көп ізделетін Қазақстанның эстрада жұлдызы Қайрат Нұртастың өмірлік ұстанымдарын назарларыңызға ұсынамыз.

  • Арман бітті деген сөз – тоқтады деген сөз. Арман бітпеу керек. Армандай беру керек, қиялдай беру керек. Алда арманым көп. Тек қана байлық, шоу-бизнесте емес. Мәселе отбасымда, өзімде. Бұл өмір деген алдамшы өмір. Арманым отбасымды иманға келтіріп, ата-анамды Меккеге апару. Сондай рухани, әдемі армандар. Қалған армандарымның біразы, Құдайға шүкір, орындалды.

  • Менің арманым – азан шақыру. 15 жыл тоқтамай азан шақырсаң жәннатқа кіресің дейді. Алла нәсіп етсін. Өзімнің арманым – Астананың «Әзірет Сұлтан» мешітінде таң намазын оқып, азан шақырғым келеді.

  • Қағбаны көрген адам екінші рет тағы да барғысы келіп тұратындай, ерекше сезіммен оралады екен. Меніңше, нағыз рухани демалыс – Меккеде. Бір жағынан парызыңды өтейсің, екінші жағынан адам тәубеге келіп қалады екен…

  • Осы өмірде мен түсінген бір нәрсе, жігіт адамның барға – тасымағаны, жоққа – жасымағаны жақсы.

  • Қымбат бренд киімді де кидік, соңғы үлгідегі көлікті де міндік – бірақ өзімнің сонау бір жылдардағы қиындықтарымды – қақаған аязда барахолкада қалам сатқан қиын күндерімді, автобусқа ақша таппайтын ашқұрсақ студент кезімді, күңгірт, көңілсіз кафелерде өлең айтып бастаған жылдарды ешқашан ұмытпаймын.

  • Қанша атақты әнші болсақ та, кісі көзінше шалқып отыруды жаным сүймейді. Өйткені, кеше кім болғанымды, қазір кім екенімді және қайда беттеп бара жатқанымды жақсы ұғынамын.

  • Шығармашылық тұрғыдағы қанағат ұғымына тоқталай кетейін, сахнаға алғаш шығып жүрген кезімде-ақ өзіме көңілім толмайтын. Әлі солай. Мұны қанағатсыздық емес, ізденіс деп айту керек шығар.

  • «Арман, адастырмай мені қоя тұр» деп алғаш сахнаға шығып едім. Аллаға шүкір, арманым мені адастырмай келеді. Қажылықта жүргенімде, Алладан елге оралған соң мешіт салып, халықтың игіліне жарайтын Алланың үйінің қабырғасын көтеруді нәсіп етуін сұрап, дұға етіп едім.

  • Меніңше, өнер адамдары жастарды имандылыққа шақырса, онда тұрған ешқандай әбестік жоқ. Имандылықтан біз ұтылмаймыз. Елге тигізер бір пайдамыз болса, біз өзімізден кейінгі жастарды дұрыс жолға бағыттауға үлес қоса алсақ, соған әсер ете алсақ, соның өзі үлкен қуаныш.

  • Біздің жастарды мемлекет «саған жағдай жасасын, бәрін реттесін» деген ойдан аулақ ұстауымыз қажет. Керісінше, «сен өз мемлекетің үшін не жасай аласың?» – деп тәрбиелеу керек. Мемлекет ештеңе жасамай жатыр деп айта алмаймыз: «Болашақ» бағдарламасымен жастарды шетелге жіберіп, оқытып жатыр. Одан басқа да игі шаралар жетерлік. Тек біздің жастарымыз жалқауланбай, жұмыстың көзін таба білсе, біздің елде бәрі бар.

  • Қайырымдылық жасау– әркімнің жеке шаруасы деп ойлаймын. Бұл мәселені талқылап, жария ете бергенді де көп ұнатпаймын.

  • Шоу-бизнес – көпшілік ойлағандай оңай жол емес. Көптің көңілінен шығу үшін талмай талаптанып, ерінбей еңбек ету керек. Аяқтан шалатындар да, тасада тұрып тас ататындар да көп. 

  • Жалпы сыртқа сыр ашпайтын жанмын. Қандай өкініш болса да ішімде тұншығады.

  • Өнер адамдарының көпшілігіне тән мінез – айналадағының бәрін жүрекпен қабылдаймыз. Сәл нәрсеге жүрегім ауырып, көңілім алаңдайды. Әндерімнің көбі мұңлы – жаныммен үндес сияқты. Ақын өлеңін жазып берсе, бір шумағын өзімнің жанымнан қосамын. Мағынасына көп мән беремін. Тыңдарман әніме ғана назар аударып, өзімді қоя берсінші...

  • Халық қалаулысы болған күннің өзінде де өнерден алыстамаймын. Елімнің, тыңдармандарымның ортасында боламын.

  • Менің арманым біреу-ақ – қазақ халқын әлемге танытқым келеді. Қазақтың тамаша әндері, талантты әншілері бар екенін өзге жұрт білсе деймін. Маған Қазақстанда PR-дың да, жарнаманың да керегі жоқ. Оның үстіне мұндай жолмен танымал болмай-ақ қояйын.

  • Менің бар жетістігім анамның арқасы.

  • Қазақстанда концерт бермеген жерім кемде-кем. Бәзбіреулер ақшасына клип түсіріп, оны телевидениеге беріп жатқанда мен ауылдарды аралап жүрдім. Себеп – клип түсіретін қаржы-қаражатым болмады. Бірақ мен халықтың алдына шығып, етене араласқаныма өкінбеймін. Өйткені, халық теледидардан көргенін бір-ақ айда ұмытып қалады. Ал ауылға келіп өнер көрсеткен адамды ешқашан ұмытпайды.

  • Ең алғашқы табысым – 300 доллар шамасында. Алматыдағы «Каспий» мейрамханасында өнер көрсетіп, ақша алған едім. Шынымды айтсам, төбем көкке бір елі жетпеді. Айтқан әнімді бағалап, ақша төлегендеріне қуандым.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға