Қайырымды қылқалам шеберлері
Суретте: Лаура Байшоқанова – «Arts Help KZ» жобасының жетекшісі
– Лаура, алдымен өзіңіз туралы айта кетсеңіз? Сурет өнеріне қалай келдіңіз?
–Мен Теміртау қаласында дүниеге келдім. Мамандығым – бағдарламашы, яғни компьютер маманы. Кәсіби суретшілік білімім жоқ. Осыған дейін әртүрлі салаларда қызмет еттім, соңғы 5 жылда жүк көліктерін жөндеу орнында менеджер болып еңбек еттім. Сурет салуды 3 жыл бұрын ғана бастадым, Бұл өнерге деген қызығушылым аяқ астынан оянды. Бірде таныс суретші досым менің портретімді салып, сыйға тартты. Содан кейін мен де қағаз, қарындаш сатып алып, интернеттегі түрлі видеоларға қарап, өз бетіммен сурет салуды үйреніп алдым. Маған әсіресе портрет жанры, оның ішінде реализм қатты ұнайды. Міне осылайша сурет салуға бет бұрдым, қазір Астанадағы тату салонында қызмет етемін.
– Сурет салуды бастағаннан бері өміріңіз қалай өзгерді?
–Өмірім түбегейлі өзгерді деп айтсам болады. Тұрғылықты жерімнен бастап, киіну стилім, қоршаған ортам, өзімнің көзқарасым барлығы да өзгерді. Сурет салумен айналысуым жаңа мүмкіндіктер ашты, жаңа таныстар, жаңа достар пайда болды. Өзімнің қалаған, жаным сүйетін нәрсемен айналысып жатқаныма қатты қуанамын.
Суретте: Лаура Байшоқанованың реализм жанрындағы суреттері
Суретте: Әйгілі боксшы Геннадий Головкинге портрет табыстау сәті.
– Ал " Arts Help KZ" жобасын құру идеясы ойыңызға қалай келді? Жоба қалай басталды?
–Мен қайырымдылықпен айналысу туралы бұрыннан, тіпті сурет салуды бастамай тұрғаннан бері ойланатынмын. Ол кезде неден бастарымды білмей жүрдім. Бірде Алматыдағы мейрамханалардың бірінде еліміздің кино, өнер, эстрада жұлдыздары қайырымдылық шарасын өткізді. Олар кеш бойы даяшы ретінде қызмет көрсетіп, жиналған 1 миллион теңге ақшаны Аружан Саинның «Дом милосердия» ұйымына аударды. Сол уақытта неге осылайша қайырымдылық арқылы суретшілердің басын қоспасқа деген ой келді. Мен мұндай шараның бір реттік емес, ұзақ мерзімді болғанын қаладым. Осы ойдың жетегімен көп ұзамай интернетке тапсырысқа сурет салатынымды, оның белгілі бір бөлігі қайырымдылыққа аударылатынын айтып үндеу жарияладым. Біртіндеп менің идеямды қолдаушылар жинала бастады, алғашқы айда біз 7 суретші болатынбыз. Бүгінгі күні еліміздің 17 қаласынан жобаға ат салысып жүрген 72 суретші бар. Осы уақыт ішінде шамамен 3 миллион теңгеден астам қаржыны қайырымдылық қорларына аудардық.
– Жоба аясында тағы қандай шаралар ұйымдастырасыздар?
–Біз тапсырыстан түскен ақшаның бір бөлігін қорға аударып қана қоймай, одан бөлек түрлі шаралар ұйымдастырып келеміз. Мысалы жақында ғана, Астана қаласындағы балалар онкологиялық аурулар орталығының қабырғасына сурет салып, безендірдік. Сонымен қатар, 3 жыл қатарынан Алматыда өтетін "Өмір сүргім келеді" қайырымдылық аукционына қатысып, қолдау көрсетіп жүрміз. Біз қатерлі ісіктен емделіп шыққан балалармен бірге сурет салып, суреттерді аукционға қоямыз. Аукционнан түскен қаржы қатерлі ісікке шалдыққан басқа балақайлардың еміне жұмсалады.
«Arts Help KZ» жобасының тағы бір мақсаты бұл отандық жас суретшілерді таныту, оларды бір шаңырақ астына біріктіру. Қазақстанда талантты өнер иелері өте көп болғанымен, өкінішке қарай танымал емес.
– «Arts Help KZ» жобасының мүшелері туралы толығырақ айтып берсеңіз?
–Бұл жобаға бүгінгі күні 72 суретші қатысып жатыр. Барлығы да талантты жандар, өз ісінің нағыз шеберлері. Көбісінің кәсіби білімі болмаса да, өнерге деген құлшыныстары өте жоғары. Мысалы, біздің жобаның белді мүшелерінің бірі – Қанат Нұртазин. Ол сурет салу барысында жапырақ, кофе, тұз, тіпті магнитафон кассетасының лентасы сияқты түрлі материалдарды пайдаланады. Қанат сурет салудың 100-ге жуық техникасын меңгерген.
Суретте: Қанат Нұртазиннің салған суреті.
Тағы бір суретшіміз Виталия Бирюлина өте талантты, еңбекқор жан. Виталия қарындашпен реализм жанрында суреттер салады.
Суретте: Виталия Бирюлинаның салған портреті.
Сонымен қатар, елімізде енді дамып келе жатқан fashion иллюстрация жанрында сурет салатын қатысушымыз Гүлдана Бөрібаеваны да айтуға болады. Оның өзіндік қолтаңбасы бар, салған суреттері ешкімге ұқсамайды.
Суретте: Гүлдана Бөрібаеваның иллюстрациясы.
Ерекше дарын иелерінің бірі – Роза Жақыпова. Ол қабырғаға сурет салумен шұғылданады. Оның жұмыстары қазір Алматыдағы жер асты өткелдеріне сән беріп тұр.
Суретте: Роза Жақыпованың қабырғаға салған суреті.
– Гиннестің рекордтар кітабына ұсынылған жобаңыз туралы толығырақ айтып берсеңіз.
–Бұл жобамыз да ойда жоқта басталды, суретшілер болып жиналып отырып ауқымды бір жоба бастағымыз келді. Интернет арқылы зерттеп, бір суретті бірнеше жанрда салатын ең үлкен коллаж жасауды ұйғардық. Осыған дейін мұндай коллажды ешкім жасамағанын анықтадық. Интернет дауыс беру жолымен модель, актриса Айя Шалқардың портреті таңдалды. Жобаға қызығушылық танытқан суретшілер өте көп болды. 8 ай бойы салынған жұмыстар жинақталып, әлемнің 9 мемлекетінен жалпы саны 148 суретші өз суреттерін ұсынды. Коллажда әр суретші әртүрлі стиль қолданды. Осылай салынған суреттерді жинап, Гиннестің рекордтар кітабына ұсыныс жібердік. Олар біздің жіберген өтінімізді тексеріп, ұзақ уақыттан соң әлемдегі ең үлкен коллаж ретінде растады. Бұл Қазақстанның атынан тіркелген өнер саласындағы алғашқы рекорд саналады, бұған дейін тек біздің спортшылар ғана рекордтар кітабына енген екен. Ендігі мәселе, рекордтың расталғаны туралы сертификатты алу. Себебі оны алу үшін АҚШ-қа немесе Ресейге барып, барлық растаушы құжаттарды, суреттерді қайта тапсыру керек. Өкінішке қарай, қаржының жоқтығы қолбайлау болып отыр.
Суретте: Гиннестің рекордтар кітабына енген коллаж.
–Жоба қатысушыларымен тағы қандай шаралар ұйымдастырып жүрсіздер?
– «Arts Help KZ» жобасы мүшелерімен бейресми кездесулерді көп өткізіп тұрамыз, олардың көбісі қазір Астанада тұрады, осында қызмет етеді. Біздің негізгі мақсатымыз елордадағы өнер ортасын қалыптастыру, бір көзқарастағы жандардың жиірек кездесуіне жол ашу. Жақыннан бері суретшілердің тәжірибе алмасуы, бір-бірімен еркін ой бөлісуі үшін ашық аспан астында плэнерге шығып жүрміз. Бұл жобамыз «Sketch Walker» деп аталады. Сонымен қатар, әр жексенбі сайын отандық және шетелдік суретшілердің шығармашылығымен танысу, олардың туындыларын талқылау мақсатында Астанадағы сурет галереялары мен музейлеріне саяхат ұйымдастырып бастадық.
Алдағы уақытта одан да басқа бірнеше үлкен жобаларды жоспарлап отырмыз. Жүзеге асқан кезде сіздермен міндетті түрде бөлісетін боламын.
–Жас суретшілерге қандай кеңес бересіз?
–Ең алдымен өзіңе деген сенімді жоғалтпау керек. Әрдайым ізденуден шаршамау керек. Және мүмкіндік болса шетелге шығуға, жас кезінен түрлі байқауларға қатысуға тырысқан жөн.
–Сұхбатыңызға көп рақмет!
Дайындаған: Базарбек Қамысбаев