Кабулда 2030 жылға қарай су таусылады – зерттеу
Ауғанстан астанасы Кабул аса ауыр дағдарыстың алдында тұр. Қаладағы су қоры азайып барады. Бұл жағдай 4 миллионнан астам тұрғынға қауіп төндіріп, Кабулды судан тапшылық көрген алғашқы заманауи астанаға айналдыруы мүмкін, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Су тапшылығының себептері
Гуманитарлық «Mercy Corps» ұйымының есебіне сәйкес, Кабулдағы су дағдарысына бірнеше фактор әсер еткен:
- климаттың өзгеруі,
- халық санының тым жылдам өсуі,
- су ресурстарын тиімсіз басқару.
Ұйым сарапшылары бұл мәселе соңғы онжылдықтар бойы ушығып келе жатқанын айтады. Әсіресе 2021 жылдың тамызынан бастап Ауғанстанға гуманитарлық қаржының қысқаруы жағдайды одан сайын қиындатқан.
Егер су ресурстарын басқару жүйесінде түбегейлі өзгерістер жасалмаса, алдағы он жылдықта, тіпті одан ертерек Кабулды бұрын-соңды болмаған гуманитарлық апат күтіп тұр, - делінген есепте.
Бұл зерттеу БҰҰ деректеріне негізделген. Сарапшылардың айтуынша, 2030 жылға қарай Кабулдағы жерасты су қоры толық сарқылуы мүмкін, өйткені қазірдің өзінде құдықтардың жартысына жуығы құрғап қалған.
Бүгінде қала халқы пайдаланатын судың жылдық көлемі табиғи қордың қайта толысуынан шамамен 44 млн текше метрге артық. Кейбір отбасылар кірісінің 30%-ына дейін тек суды сатып алуға жұмсап отыр.

