Жаңалықтар

Қабан жайлы 7 дерек

Қабан адам үшін қауіпті ме?
Қабан жайлы 7 дерек
27.12.2018 17:08 21253

Биыл есігімізден енетін жыл - доңыз жылы. Қазақтар талпақ танау бұл жануарды бұрынырақта қолға ұстамаған. Бірақ, біздің даламызда орманды жерлерді мекендейтін жабайы қабандар жетерлік. Қабан жайлы аздаған дерек келтіруді жөн санап отырмыз. 

Қабан аңшы үшін өте қауіпті жануар

Аңшылар үшін қабан атып алу таптырмас олжа. Дегенмен, сол аңшылардың аузынан талай мәрте - жараланған қабаннан қалай аман құтылғандары жайлы әңгімелерді естіп өскенбіз. Қабан сырт көзге ебедейсіз көрінгенімен, қалтарысы мен бұлтарысы көп орманда жақсы жүгіретін аң. Аңшылық құрып, алда-жалда қабан жаралап алсаңыз оған жақындамауға тырысыңыз. Себебі, терісі қалың бұл аңды сіздің бір оғыңыздың бірден құлатуы неғайбіл. Заман да, аңшының мылтығы да дамып жатыр ғой. Дегенмен, бұл ескертуіміз сіздің миыңыздың бір қуысында сақтала берсін.

Қабанға аңшылық құратын жыртқыш  аңдар

Қазақ даласында қабанды жекелей кездессе жем қылатын аң көп емес. Қабанның сүйектерін өзінің күшімен сығып сындыратын, өткір тырнақтарының және азу тісінің көмегімен жеңіске жететін аңның бірі аю. Дегенмен, қабан да аюға оңай беріле салмайды. Ол да өзінің тұмсығының астындағы мүйізімен аюға әжептеуір қарсылық көрсете алады. Табиғат заңдылығы бойынша бұл екі аңның қақтығысы кезінде жеңіс  көп жағдайда аюға бұйырады екен. 

Қабанға аңға шығатын жыртқыштардың бірі қасқыр. Бірақ, ересек қабанды үйірімен ортаға алып, жан-жақтан шабуылдап жүріп алады.

Сілеусін деген мысық тұқымдас жануар бар. Бұл да қабанның жауы десек қателеспейміз. Бірақ, сілеусін қабанның өзіне емес, торайларына шабуыл жасайды. 

Қабан жараланса да жанкешті жануар.

Белорусь елінде аңшылар 3 жасар қабанды ұстап алған екен. Әлгі қабанның кеудесіне қадалып, әрі қарай жайқалып өскен шырша бұтағының ұзындығы 24 см, ені 3 см болған екен. Шыршаның бұтағы қабанның өкпесін де тесіп өтіпті. 

1984 жылы мойын тұсынан кірген оқ кеуде етінен өтіп, жүрек бұлшық етін тесіп өткен жабайы мегежін ұсталған екен. Шамамен екі жасар бұл мегежінге аңшының оғы қанша уақыт бұрын тигені белгісіз болып қала берген. 

Қабан алу жігіттіктің белгісі

Ертеде кей тайпаларда жас жеткіншекті қабан аулап сынаған екен. Егер, ол жалғыз өзі аңға шығып, қабан ұстай алса, нағыз еркек болды деп есептелген. 

Қабанның көзі нашар көреді

Бірақ, бұл сізге еркінсуге еш себеп емес. Құдай қабанның көзін әлсіз жаратқанымен иіс сезу қабілетін жоғарылатқан. Ол бөгде иісті шамамен 400 қадамдай жерден сезіп қояды. 

Соңына торай ерткен мегежіндері де қауіпті

Адамға жараланған немесе еркек қабандар ғана қауіп төндірмейді. Соңынан торай ерткен мегежіндер кейде шабуылды бірінші бастауы да мүмкін. Бұлардың тұмсық асты мүйізі қысқа болғанымен тұяқтары өте өткір. Орманды мекендерде мегежіннің тұяғына тапталып өлген адамдар да болған. 

Қабан үйірін мегежін басқарады

Қабандар шағын үйірмен, топталып жүретін жануарлар. Бір жастан асқан соң, ересек өмірге аттану үшін еркектері жекелей өмір сүру үшін бөлініп кетеді. Бұл шақта үйірді аналық қабан басқарып қалады. Қабандардың жақындасатын мезгілінде ғана топқа еркек қабандар қосылып, топбасшылығын уақытша қолға алады. Қабандардың жақындасу мезгілі қара күздің аяғы. 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға