Жаңалықтар

Көздің көруін жақсарту үшін не істеу керек?

11 жылдық тәжірибесі бар көз дәрігерінен пайдалы кеңестер
Көздің көруін жақсарту үшін не істеу керек?
Фото: © El.kz 29.03.2021 11:13 39257

 

Адам баласы ақпараттың ең негізгі бөлігін көзбен көру арқылы қабылдайды. Қуанышты сәттерді, айналамыздағы құбылыстарды көруде және жақсы мен жаманды айыра білуде, пайдалы мен зиянды дүниелерді ажыратуда көздің атқаратын рөлі өте зор. Сондай-ақ көру арқылы миымыз барлық ақпаратты қорытады. «EL.KZ» порталының тілшісі көз дәрігері Алексей Лиммен көз күтімі жайында сұхбаттасқан болатын.

 

Көздің көруін жақсарту үшін не істеу керек?  

 

–Алексей Лим, қазіргі кезде адамдардың көзінің көру қабілеті қандай?

 

– Бүгінгі таңда көздің көруі нашарлап барады. Былтыр қашықтан оқыту жүйесі енгізілгеннен бері әсіресе мектеп оқушыларының көзінің көру қабілеті төмендей бастады. Сондай-ақ мектеп табалдырығын аттаған балалардың көру жүйесінде түрлі бұзылыстар байқалады. Оның ішінде кең тарағаны – миопия, астигматизм. Көз ауруының бұл түрін ғалымдар 21 ғасырдың эпидемиясы дейді. Бұл эпидемия цифрлы технологияның адам денсаулығына әсерінің көрінісі. Сондай-ақ көздің көру функциясының нашарлауы басқа ағзаларға да кері әсерін тигізетінін естен шығармаған жөн.

 

– Көздің көруін жақсарту үшін не істеу керек?

 

– Көздің нашар көруін миопия дерті деп атайды. Ол уақыт өте келе пайда болуы мүмкін. Адамдардың көзінің нашарлауының басты себептерінің бірі – артық салмақ түсуінде. Олардың қатарына монитор алдында ұзақ отыру, телефон-гаджеттерге телміру, бөлме жарығының дұрыс болмауы және т.б. жатқызуға болады. Дерттің алғашқы белгілерін байқаған уақытта бірден уақыт жоғалтпай емделген дұрыс. Күнделікті жұмыс уақытында сағатына бір рет үзіліс жасап, көз жаттығуларын жасаған дұрыс. Қазіргі кезде ғаламтор беттерінде көзге арналған жаттығулардың түр-түрі бар. Бір ерекше атап өтерлігі, олардың барлығы кез-келген адамның көзіне арналмаған. Оларды да дұрыс таңдау керек. Әрбір адам өзінің көзіне күтіммен қараса, көруі жақсаруы мүмкін. Мәселен, келесідей жаттығулар жасауға болады. Көзіңізді солдан-оңға қарай және керісінше бағытта бірнеше рет айналдырыңыз. Басыңызды қозғалтпай көзіңізді жоғары көтеріп, содан соң төмен түсіріңіз. Бұл әрекетті де бірнеше рет қайталау керек. Бұдан кейін оң және сол жаққа көзіңіздің қиығымен қараңыз. Қолыңызға қарындаш алып, оны жақындатып, ұшына қараңыз. Біртіндеп оны алыстатыңыз. Ал жанарыңыз қарындаштың ұшында болсын. Осындай қарапайым жаттығуларды адамдар күнделікті жасауды әдетке айналдырса, жанарының бұлшық еттері демалып, көруі жақсарады.

Көздің көруін жақсарту үшін не істеу керек?

 

 

 

– Көзілдірік таққан дұрыс па? Әлде линза пайдалы ма?

 

– Егер көзілдірік пен линзаның біреуін таңдау керек болса, біріншісін таңдауға кеңес берер едім. Өйткені көзәйнектің өзіңдік басымдығы бар. Ол көзге ешқандай инфекция жұқтырмайды. Мәселен, линзаны лас қолыңызбен пайдаланатын болсаңыз, соңы жақсылыққа апармауы мүмкін. Тіпті оны кей адамдар таңертең тағып, кешке шешуді ұмытып, келесі күні ғана шешіп жатады. Ал көзілдірікті көзіңіз шаршаған уақытта шешіп, көру жүйесін кез келген уақытта тынықтыруға болады. Сонымен қатар көзәйнекті пайдалану қаржылық тұрғыда өте тиімді. Ұқыптап ұстасаңыз, көзілдірік бірнеше жылға дейін шыдас береді. Көзәйнектің тағы бір артықшылығы ол линза секілді көп күтімді талап етпейді. Тек сүлгісі мен қорабы болса жеткілікті.

 

– Көзге қандай жеміс-жидектер мен тағамдар пайдалы?

 

– Сәбіз өте пайдалы. Ол түрлі дәрумендердің қайнар көзі. Мұндағы А дәруменінің арқасында көздің көру қабілетін жақсартуға болады. Аптасына шамамен үш-төрт мәрте сәбіз салатын жеу керек. Жидектерден әсіресе қаражидекті тұтынған жөн. Мұның құрамында В1 және С дәрумендері бар. Мұндағы лютейн көздің көру қабілетін жақсартып, көздің шаршауын басады. Сол себепті күнделікті өмірде қаражидектен әзірленген тосапты көбірек жеуге кеңес беремін.

 

– Көзге спорттың қандай түрлері пайдалы?

 

– Суда жүзу – өте пайдалы. Бірақ та міндетті түрде суда жүзу кезінде киетін көзілдірік болуы қажет. Сондай-ақ суда жүзуден бұрын және кейін көзге арналған жаттығуларды орындаған жөн. Үстел теннисімен айналысу да көзге өте пайдалы екендігін айта кеткім келеді.

 

– Сіз көзіңізге қандай күтім жасайсыз?

 

– Мен күн сайын жатар уақытта және таңертеңгілік көзімді алақаныммен жауып жылытамын. Сондай-ақ күні бойы көзге қатты ауыртпалық түсетін болса, сол уақытта да осы жаттығуды жасап тұрамын. Сондай-ақ біз кәрістер сәбізді өте жиі тұтынамыз. Бастысы күн сайын көзге түсетін ауыртпалықты азайтқан жөн.

 

– Сұхбатыңызға рақмет.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға