Жаңалықтар

Кәукен Кенжетаев – сахна сәні

Өнер
27.04.2016 08:31 8766

Биыл Қазақстанның халық әртісі Кәукен Кенжетаевтың туғанына – 100 жыл толды. Ол – әнші, актер, Қазақ ССР-нің халық артисі, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, СССР Кинематографистер Одағының мүшесі, режиссер, драматург, аудармашы.  

Кәукен Кенжетаев – алыптар тобынан қалған әлеуетті тұлға. Арқалы артист, ардақты әнші, Ардагер өнер иесі. Халық әндерінің бағын ашып, көрермен құлағының құрышын қандырған атақты баритон.

Кәукен Кенжетаев – сахна сәні

Әнші Кәукен Кенжетайұлы ағамыздың ән айту манері, даусының қойылу тәсілі ешкімге ұқсамас өзіндік бояумен өрнектелген. Қою дыбысты дөңгелете зәулім залға лықсытқан кезде театр түңлігі төбеңде діріл қаққандай еді. Әншілік һәм режиссура өнерлерін қатар иемденген Кәукен ағамыздың жазушылық, ұстаздық қасиеттеріне тоқталмау – шығармашылық адамының жан-дүниесімен толық санаспау. Операларға жазылған либреттолары, классикалық әлемдік туындыларды төл тілімізге тәржімелеуі оны әдеби салаға да жақын ете түсті. «Алпамыс», «Алдар Көсенің айласы» сынды әдеби либреттоларымен ел-жұрт таныс, ал, «Қалқаман-Мамыр», «Сапар», «Баян жүрек», «Хұсни-Хорлан», «Кемпір мен шал» деп аталатын либреттолары композиторларымыздың мойнын бұрар мезетін күтіп жатқаны жасырын емес. Елуден астам ән, романс, ариялардың мазмұнын өзге тілден өз тілімізге аудару – қыруар бейнетті талап етеді.

Кәукен Кенжетайұлы – ұстаз, музыкалық комедия актерлерін дайындайтын кафедраның тұңғыш ұйымдастырушысы, көп жыл меңгерушісі, беделді профессоры болды.

Үлкен өнер иесінің кино саласындағы еңбектері де мүлдем қомақты. Отыз шақты көркемтаспаларға түскен киноактер Кенжетаевтың рухани тұлғасы қашан да асқақ. «Боранды бекет» фильмінде Қазаңғап ролін сәтті шығарған актер Кәукен Кенжетаевқа Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлық берілді. Оның әншілік, режиссерлік, ұстаздық қасиеттері жазушылық дарынға ұласты.

«Институттың жанынан көр­кем­өнерпаздар клубы сахнасындағы «Көзіл­дірік», «Бір шалбар» секілді қойы­лымдарға қатысып, шағын рөл­дер­мен көрінеді. Осы кезде респуб­ликаның түкпір-түкпірінен талантты жастар іздестіріліп, Мәскеу консерваториясы жанындағы қазақ опера студиясына талапкерлерді қабылдау туралы хабарландырулар ілінеді. Ізде­генге сұраған демекші, Кәукенге бұл хабар жыл құсындай жылы жаңа­лық болатын. Өлердегі сөзін айтып түскен оқуын қалай тастап кетпек… Қа­былдау комиссиясының төра­ғасы, актер Қалибек Қуанышбаев, мүше­лері ленинградтық жас композитор Евгений Брусиловский болатын. Бойын­дағы табиғи таланты мен музы­каға қабілеті Кәукенді студияға қабыл­дауға жетіп-артылатын. Жас жігіт­тің құлаққа жағымды естілетін табиғи бари­тон дауысы Ақан серінің «Қара торғай» әнін орындағаннан кейін комис­сия мүшелерінің көңілінен шығып, ол Мәскеу консерваториясы жанын­дағы қазақ опера студиясына қабыл­данғандар тізіміне ілінеді» – деп жазады М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі Аманкелді Мұқан «Егемен Қазақстан» газетіне жазған «Сегіз қырлы, бір сырлы» атты мақаласында.

Кәукен Кенжетаев – сахна сәні 

Автор мақаласында: «Кәукен ағамыз өзінің кітабында: «Маған қазір «өміріңдегі ең қызықты күндеріңді айт» десе, мен онда еш ойланбастан Москвада оқыған күндерімді атар едім. Неге десеңіз: мен Москваны бірінші рет көрдім. Өмір мектебінің де, өнер мектебінің де тылсым сырлы есігін алғаш ашып, сол өнер шыңына да тұңғыш рет сонда жүргенде қол создым» – дейді. Атақты опера әншілері Нежданова, Обухова, Лемешев, Козловский, Барсова, Максакова, Пирогов, Норцов, Ханаев, Алексей және Андрей Иванов, т.б. өнерін көріп, тыңдап өскен қазақ жастарының «болмаса да ұқсап бағуға» тырысқаны анық. Осындай ортада жас Кәукеннің әншілік өнердің қыр-сырын үйренуге деген құлшынысы артып, бар мүмкіндікті пайдаланып жақсы оқуға талпынды. Көптеген ұлттардың өкілдерімен қатар білім алған Рамазан Елебаев, Әли Базанов, Мұқан Төлебаев, Мағауия Көшкінбаев бастаған 30-дан аса қазақ жастары табандылық танытып, елдегі ағаларының үмітін ақтауға барын салады. Студия келесі жылдары Байғали Досымжанов, Шабал Бейсекова, Бекен Жылысбаев секілді талантты студенттермен толығады. Өзгелер секілді жас әнші Кәукеннің күні мен түні оқу-үйренумен өтеді» – деген естелік келтіреді.

Кәукен Кенжетаевтың опера сахнасында орындаған партиялары негізінен орыс, қазақ опера труппасының репертуарына қойылған опералардан жасақталған. Әнші алғашқы күннен бастап ұлттық репертуарға емін-еркін кірісіп кетсе, орыс, Еуропа композиторларының классикалық репертуарынан да сүйекті образдар қатарын сомдады. Ол Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғынындағы» – Тарғын, «Қыз Жібегіндегі» – Бекежан, «Жалбырындағы» – Жалбыр, «Дударайындағы» – Семен, М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасын­дағы» – Жанбота, Ж.Бизенің «Карменіндегі» – Эскамильо, А.П.Бородин­нің, А.Г. Рубинштейннің «Демонын­дағы» – Демон, С.В.Рахманинов­тың «Алекосындағы» – Алеко, Дж.Верди­дің «Аидасында» – Амонасро, М.Глин­каның «Руслан мен Людмиласындағы» – Русланның партиялары болатын. Бұл партиялар орындаушының дауыс диапазоны мен музыкалық дайындығының көркемдік деңгейін көтерген, толыққанды орындаушылық шеберлігімен көзге түскен әншінің сүбелі жұмыстары болып саналады.

Белгілі сыншы Әшірбек Сығайдың «Кәукен Кенжетаев классикамыз бен әлемдік інжу-маржандарды халқымызға өз деңгейінде таныта білген сахнагер» – деген пікірі бар. Қаукен ағаның театрда режиссерлік қызмет атқарып жүріп, шоқтығы биік өнер туындыларын сахналады. Шығармашылық ізденіс, байқампаздық сынды асыл қасиеттер режиссердің талантын шыңдап, қабілетін таныта түсті.  Мәселен Е.Брусиловскийдің «Амангелді», «Қыз Жібек», «Ер Тар­ғын», «Жалбыр», П.Чайковскийдің «Қарғаның мәткесі», Е.Рахмадиевтің «Алпамыс», С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» комедиялық операларын ерекше атап өтуге болады. Бұл туралы  Аманкелді Мұқан «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Сегіз қырлы, бір сырлы» атты мақаласында: «Қойылымдардан ұлттық операдағы дәстүрлі жалғастықты көруге болады. Ол алдымен, ұлттық спектакльдерді сахналауда алдыңғы буын салып кеткен сүрлеуді бұзбай, сол үлгіні сәтті жалғастыра алады. Ол жайлы алдыңғы аға буынның өкілі Қ.Жандарбековтің «Көргендерім мен көңілдегілерім» атты естелік кітабында арнайы «Ізбасар» атты тараушада айтылады. Автор Кәукеннің сахнадағы әншілік-шығармашылық жұмыстарына тоқтала келе, соңына ерген шәкіртінің кәсіби шеберлігіне нақтылы баға береді. Ол: «Режиссерлік, қанша айтқанмен, негізінде болмаса, техниканы игеру оңайлыққа түспейді. Мұндай жұмыстарды Кәукенмен істеу қиын­дық келтірмейді. Тез игереді, қажетті жерінде өзі де былай істесек қайтеді деп, кейбір мизансценаларды айтып қалады. Кәукен, әсіресе, халық эпостары негізінде жазылған операларда ойнағанда мені қатты риза етеді. Кәукен мен ойнаған рөлдерді түгелге дерлік ойнады», – деп жазады.

Оның репертуарында қазақтың халық әндерімен қатар орыс, укран, татар, өзбек халықтарының халық әндері, сондай-ақ, Батыс Еуропа композиторларының шығармалары бар.  

Кәукен Кенжетаев өнер саласында кино актерлік қырымен де танылды.  1938 жылы ірі өнер қайраткері Г.Александровтың режиссурасымен барша Одақ жұртшылығына танымал болған «Волга-Волга» кинокомедиясы түсіріліп, консерватория студенті Кәукен көпшілік сахнада, ұлт өкілдерінен құралған президиум мүшесі болып тарихта қалды.

Қазақ-кеңес кино өнерінде «Жерге қайтып оралуда» – режиссер, «Біздің сүйікті дәрігерде» – әнші, «Ел басына күн туса» фильмінде – Бауыржан Момышұлы, «Ән қана­тында» – Нұртаза, «Тұлпардың ізінде» – Танабай, «Таудағы шынарда» – Жапас, «Қызыл тас заставасында» – қарт, «Қыз Жібекте» – Базарбай, «Боран­ды бекетте» – Қазанғап, «Гауһар­таста» – қарт әке образдарын сомдады.

К.Кенжетаевтың қаламынан «Дархан дарын», «Мәжит Бегалин», «Высокий дар призвания» атты бірнеше кітаптар жарық көрді.

Өнерпаз 1959 жылы Қазақ КСР халық әртісі атағын иеленді. Еңбек Қызыл Ту ордені мен медальдармен марапатталды.

Биыл Кәукен Кенжетайұлы Кенжетаев туғанына 100 жыл толуына орай  Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы өнер саңлағының өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазыналы қария, шежірелі ғұмыр» атты әдістемелік құрал ұсынды. Ал, Павлодарда Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы-драма театрында Кәукен Кенжетаевтың 100 жылдығына арналған «Қазақ өнерінің хас таланты» атты еске алу кеші өтті.


 Әзірлеген Тұмар АСЫЛ

 

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға