Жаңалықтар

Кәсіпті ашу оңай, дөңгелету қиын

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлікті дамыту тақырыбы талқыланды
21.10.2016 11:43 7382

Бүгін елордада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері таңғы ас үстінде журналистермен бірге кәсіпкерлікті дамыту тақырыбын талқылады. Бейресми кездесу барысында тілшілердің қойған сұрақтарына ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы басшысының орынбасары Төлеміс Шотанов жауап берді.

Кәсіпті ашу оңай, дөңгелету қиын

Кездесу барысында аймақтардағы кәсіпкерлікті дамыту барысындағы қиындықтар, аймақтардағы кәсіпкерлік ортаның әлеуеті, қай салада кәсіпкерлікпен айналысқан тиімді екені туралы сөз қозғалды. Төлеміс Садықұлы кәсіпкерлікті дамытуға қатысты проблемалар Қазақстанның әр өңірінде әртүрлі екенін айтты. Мәселен, бір облыста енді бизнес ашуға бел буған жандар сол аймақта бұдан бұрын да қарқынды дамыған кәсіпті қолға алғысы келеді. Алайда, оны тура сол өңірде бұған дейін қолдау таппаған тың жобалар күтіп тұрған болуы мүмкін.

Кәсіпкерлер жаңа жоба бастамас бұрын, оның өздері тұратын аймаққа қолайлы, тиімді жоба болғанын ескергені жөн. Осы ретте Төлеміс Шотанов «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының дәл қазір крахмал өндірісі (Алматы облысы) мен тұтынушыларға күркетауық етін ұсынатын кәсіпкерлердің (Ақмола облысы) жобасына қызығушылық танытып отырғанын айтты. Сондай-ақ, ол Алматы облысы агроөндіріс, туризм және азық-түлік өндірісін дамытуға өте қолайлы аймақ екенін атап өтті.

Әңгіме барысында кәсіпкерлер жиі ұшырасатын кедергілер де сөз болды.

Кәсіпті ашу оңай, дөңгелету қиын

– «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізгі міндеттерінің бірі – кәсіпкерлерге бизнес ашып, оны ары қарай дамыту барысында жеңілдіктер жасау. Кез келген жобаны ашу оңай. Алайда, оны ары қарай қалай алып жүруді кәсіпкерлердің бәрі біле бермейді. Сондай-ақ, олардың басым бөлігі «мен мемлекетке не беремін?» деп емес, «мемлекет маған тағы не береді?» деп ойлайды. Өзінің бизнес-жобасын өткізіп, қажетті қаржыны алған соң, оны басқа мақсаттарға жұмсайтын жалған кәсіпкерлер де кездеседі. Өкініштісі сол, таяуда еліміздегі әрбір үшінші кәсіпкер жалған кәсіпкер екені белгілі болды. Бұл туралы бас прокурор мәлімдеді, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Кәсіпті ашу оңай, дөңгелету қиын

Сонымен қатар, Төлеміс Шотанов өз жобасын ашқысы келетін жандарға ғаламтордағы кәсіпкерлікті дамытудың аймақтық картасының сайтына кіріп, барлық материалмен мұқият танысып шығуды ұсынды. Бұл сайтта аймақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, кәсіпкерлікке қолайлылығы, өндіріс орындары, кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау, бәрі-бәрі егжей-тегжейлі жазылған. Ал, бизнес-жобасын ұсынғанда, қандай да бір кедергіге тап болған жандар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының call-орталығына хабарласып, шағым, ұсыныстарын айта алады.

Естеріңізге сала кетейік, биыл қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет жұмысындағы басым бағыттардың бірі ретінде жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуді белгілеген болатын. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, жекелей алғанда ауыл шаруашылығы кооперациясы және экспорттық әлеуетті әртараптандыру бойынша тапсырмалар берілді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында кәсіпкерлікті дамытуға арналған 10 қадамды ұсынды.


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға