Жаңалықтар

КӨШПЕЛІ һƏМ ОТЫРЫҚШЫ НОРМА

Бірақ біз жер сөзін ашып айтарлық қолайлы мезгілге қаратып жүр едік.
27.08.2014 13:59 5393

 КӨШПЕЛІ һƏМ ОТЫРЫҚШЫ НОРМА

Біздің басқармамызға əр жақтан хаттар келеді: «Қай нормамен жер алғанымыз жағымды?» – деп. «Біреулеріміз көшпелі норма көп болған соң, мұны алғанымызды жағымды көреміз, екіншілеріміз, отырықшы норма түпкілікті дегенге, оны алғанымызды қолайлаймыз. Соңғыларымыздың сөзін переселен чиновниктері де қуаттайды», – деген хаттар көптен-ақ келіп жатыр. Бірақ біз жер сөзін ашып айтарлық қолайлы мезгілге қаратып жүр едік.

Бұл мəселе турасында қазақтың білемін деген адамдарының пікірлері екіге бөлінуші еді. «Отырықшы нормамен де болса жер алып қалғанымыз дұрыс, жақсы жерді алып кетіп, жаман жерге қамалып қаламыз», – деген пікір. Бұл пікірді ұнатушылар жұртқа басшы болу үшін əуелі өздері отырықшы норманы қабыл етіп, жер алды. Жұрт тоғытатын қой сықылды. Серкесі суға түссе, топырлап бəрі тоғытқа түседі. Атақты, біледі деп жүрген адамдар алып жатқан соң, ол білмей алып жатқан жоқ шығар деп, отырықшы норма сұраушы қазақтар көбейді. Сол жылы-ақ, переселен правлениесінің хабарына қарағанда, отырықшы нормамен жер сұраушы қазақтар саны Торғай мен Орал облыстарында 16 мың 441 үйге толып қалған. Оның 11 мың 490 үйі Орал қазақтары. Осы пікірді қазақтың орысша, мұсылманша оқыған жастарының көбі қуаттайды. Бұлар қуаттағанда, көбінесе шаруадан бөтен жағын ойлап қуаттады, мысалы, қазақ отырықшы нормамен жер алып қала салып отырса, қазақ арасына ғылым, өнер таралуына жақсы болады деген ой. Бұл пікірдің дұрыс-бұрысы тағы бірде айтылар, енді екінші пікірге түселік.

Екінші пікір: «Қазақ отырықшы нормамен күн көре алмайды», – дейді «Қазақтың жеріне келіп, мұжықтар күн көре алмай, көбіне патшалықтың асырауымен ғана жан сақтап отыр. Қазақ жерінде отырықшы норманы алу керек, нағыз жері жақсы қазақтар – я жерді арықпен суаратын қазақтар, я əман патшалықтан асырар деп дəме қылған қазақтар. Ондай жері жоқ қазақтар, я олай дəмелі болмайтын қазақтар отырықшы нормамен күн көре алмайды. Онымен жер алдым деп жаман атты болғанша, қарап отырған жақсы», – дейді. Бұл пікірді қуаттаушылар айтушы еді: «Отырықшы норма – қазақ сонымен күн көреді деп көзі жеткендіктен шығарған норма емес, қазақтың жерін көбірек алу үшін шығарған һəм көбірек алғанда, қазақтың ризалығымен алдық деп көрсету үшін шығарған норма», – деп.

Осы екі пікірдің бастапқысын көбі (… оқылмады), соңғысын наразылықпен айтатынға санаңқырайтын еді.

Өткен 11-ші иуілде Думада айтылған сөздерден мағлұм болды: қай пікірдің дұрыс-бұрысы. Депутаттар қазақ жерлері жолсыз алынып жатыр дегенде, переселен управлениесінің бастығы Глинка қазақ жерін жолмен алып жатқандығын көрсетуге отырықшы норманы қазаққа не үшін шығарғандығын жасырмай, ашып айтып берді. Ол айтты: «Біздің қазақ тура- сында істеп отырған ісіміз жолды. Біздің жолымыз екеу-ақ. Бірі – қазақтан артық жерді алу, екіншісі – қазаққа тиісті жер беріп,  орналастыру.  Қазақтың  артық  жерін  алып  жатырмыз – артық жерді алсын деген закон бойынша, қазаққа жер беріп, орналастырып жатырмыз – өздерінің тілегі бойынша. Қазаққа істеп отырған жолсыздық емес, əдісіміз бар – қазаққа тиісті жер беріп, орналастыру турасында Думаға закон жобасын кіргізбей тұрғанымыздың мəнісі мынау: көшпелі қалпында жер беріп, орналастырсақ, қазаққа көп жер тиеді. Артыларлық жер аз болмақшы. Оны Дума арқылы законмен бекітіп, қазаққа берген соң, ала алмаймыз. Қазақ жері қазақтан көп артылып қалу үшін, яғни переселендерге қазақтардан жерді көбірек алу үшін, біз əдіс істеп отырмыз. Əдіс қылу жолсыздық емес, ептілік. Біз Министрлер Советінен ептілік етуге рұқсат алып, қазақты ебімізге түсіруге қайырмалап едік, топ-тобымен топырлап түсіп жатыр. Ол істеген себіміз мынау еді: қазаққа отырықшы болып, жер алуға риза болсаңдар, сендерге де мұжықпен қатар 15 десятинадан еркек басына жер береміз дедік. Айтуымыз-ақ мұң екен, қазақтар отырықшы нормамен жер бер деп жабыла сұрап жатыр. Өткен жылда отырықшы нормамен қазақтарға 700 мың десятина жер бердік…».

Міне, переселен управлениесінің министрден соңғы бастығының сөзі. Бұл құпиялап ғана досына айтқан сөзі емес, Государственный Думада күллі депутаттардың алдында айтқан сөзі. Мұның айтқанын шылғи өтірік деп айта алмаймыз.

Жоғарыдағы сөздің қорытқандағы қысқасы мынау: переселен управлениесі қазақ жерін жолмен алып жатқан болады. Артық жерді алсын деген закон бар. Қазақтан жер көп алынып жатқаны – ол қазақтың өзінің тілегі бойынша болып жатыр. Қазақтан отырықшы нормамен жер алушы неғұрлым көбірек болса, солғұрлым жер көбірек артылмақшы һəм переселендерге көбірек алынбақшы.

Отырықшы норманы қазаққа не үшін шығарғандығын, отырықшы нормамен қазақтар жер алғанын переселен чиновниктері не үшін қуаттайтындығын қазақтарға түсіну енді қиын болмас шығар. «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас» деген. Тісі шыққан адамдарға айтылып отырған сөз ғой. Переселен шенеуніктері – алушы, қазақтар – беруші. Алушыға көп алғаны жағымды, берушіге аз бергені жағымды. Қазақ əуелден осыны ойлау керек еді. Олар өзіне жағымды жағын көздегенде, қазақтар да өзіне жағымды жағын көздеуі тиіс. Құр пəленше пəлен етіп жатыр деген дақпыртқа жүгірмей, істің түбінен ойлау керек. көшпелі һəм отырықшы норма турасында біздің естіген, білгеніміз осы. Ендігісін өздерің білесіңдер. Отырықшы нормамен күн көрерлік болсын, болмасын, отандас орыстарымызға қарасалық десеңдер, отырықшы нормамен алып, жерлеріңді орысқа көбірек қалдырыңдар. Жоқ, оны алып күн көре алмаспыз десеңдер, көшпелі нормасын алыңдар. Берушіге бес көп, алушыға алты да аз. Жағымдысын ойлаңдар.

Біздің мұнан соңғы айтатынымыз: қазақтың бас адамдары! Əуелі, сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер.

Екінші, қазақтың байлары, күштілері! Жарлы-жақыбай, нашарларыңды жермен теңгеріңдер. Бір асауға да болса құлдық дейтіндер көбінесе солардан болады. Үшінші, Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер. Сендер адассаңдар, арттарыңнан алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар.

(1913 ж.)

А.Байтұрсынұлы / «Ел - шежіре»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға