Күнтізбе түрлері
Тарихи, жазба, ауызша, тілдік, фольклорлық және этнографиялық деректерге ден қойсақ, қазақ тарихында бірнеше түрлі күнтізбе қолдынылғаны байқалады:
Архаикалық күнтізбенің ертедегі түріне амал есебін жатқызуға болады. Ол күн райының қолайсыз кезеңін анықтауға қолайлы, яғни, шаруашылық қарекеті үшін маңызды саналған. Алайда, ол жекедара емес, тоғыс Күнқайырумен қатарластыра қолданылады.
Күн қозғалысына негізделген байырғы күнқайыру түрі. Әсіресе Омар Хайям, әл-Бируни, Тарағай Ұлықбек күнқайыру қолданыста болғандығы туралы тарихи деректерде айтылады. Бұл топта ертеде парсылар арасында қолданылған күн хижра есебі де бар.
Ай қозғалысына негізделген күнқайыру ай хижрасы және халық арасында кең қолданылатын Айға қарап күнқайыру деген түрлері бар.
Ай мен жұлдызға қатар негізделген күнқайыру немесе Тоғыс есебі. Бұл әрі ғылыми негізге құрылған, күрделі, әрі кемелденген жүйеге саналады.
Ай мен күнге негізделген күнқайыру. Ол айдың өзгеру фазаларының бір күні астрономиялық жылдың, яғни, күн мен түннің теңесуіне тұрақты түрде сәйкес келіп отыруы тиіс. Ондай күнқайыруларға бес қонақ, ескі санат, жаңа санат сияқты күнқайыру түрлері жатады.
Күн қозғалысына негізделген күнқайыру. Оның шығыс жұрттарында таралаған түрі Беруни күнқайыруы. Ол 365 күнді бір жылға балаған. 119 жыл өткен соң, 120-шы жылға қосымша он үшінші ай қосылып отырады. Бұл қолайсыздықты жою үшін Омар Хайям 366 күндік кібісе жылды және 8/33 деген формуланы енгізді. Оның мәні 33 күн жылының 8-і кібісе және әрбір 4 жыл сайын қайталады дегені. 365 х 8/33 =365,24242 тәуліктен тұрады. Бұл дәлдігі жоғары күнқайыруға саналады. Ол 1079 жылғы 15 марттан қолданыла бастады (тарихта Мәлік шахтың лақап атымен Жалал-аддин заманы деп аталды). Шығыстағы бірқатар елдерде қолданылған күн хижрасы жүйесі (әлбетте ол Ай хижрасынан «кешігіп» жүретіні белгілі) ертеде дәстүрлі ортада шамси есебі деп аталған.
Ай қозғалысына негізделген күнқайыру түрлерінен бағзыдағы жұртардағы бірнеше түрі бар. Олардан қазақ арасында белгілі болған румие есебі, Ай хижрасы, түрік есебі және ел арасындағы қазақша Аймен күнқайыру сияқты түрлері бар. Ай хижрасын ертеде Хамар есебі деп атаған.
Румие есебі. Ертедегі вавилон абыздары негізін қалаған шумер мен аккадтар дамытқан, халдейліктер өркендеткен күнқайыру жүйесі ол Византиялықтар мен еврейлер арасында сақталған. Оны түркі халықтарындағы үрдіс бойынша, қазақтар да румия жылы немесе румия есебі деп аталған. М.Ж.Көпейдің жазбаларында румие есебінде айларға – азар, нысан, аяр, хызыран, тамыз, аб, июль, шырын уани, шырынтына, кәфін әуел, каның таны, шыбат сияқты ай атауларын жатқызады.
Хижра есебі. Ертеде әрбір 24 жылдың 15-і 12 айдан, 9-ы 13 айдан тұратын нәси деп аталатын жүйе Мұхаммед пайғамбар заманынан өзгеріске ұшырап, жылды 12 аймен есептейтін хижра күнқайыруына көшкен. Ол Мұхаммед пайғамбардың Меккеден Мәдинаға қоныс аударған күнінен грегориан санаты бойынша, 622 жылдың 16 июлінен, жұма күнінен басталады. Хижрадағы ай аттары – мүһаррам, сафар (сапар), раби І, раби ІІ, жумада І, жумада ІІ, ражаб (ережеп), шаабан (шағбан), рамадан, шаввал, зу-л-када, зу-л-һижа (қ. Ай есебі // Ай санау).
Түрік есебі (циклы). Ай қозғалысына негізделген күнқайырудың түркі жұрттарының арасына таралған өзіндік нұсқасы болды және ол ғылымда «түрік циклы» деп аталады. 8 жылдық циклден тұрады. Түрік циклында мұсылман жылын 8-ге бөлгенде қалдығы 2,5,7 сандары қалса кібісе жыл деп танылады.
Әзірлеген: Досжан Мейірім