Жаңалықтар

Күн туралы мифтік түсінік

Күн туралы мифтік түсінік
23.11.2015 11:07 16896

Күн мен Ай атам заманнан бері адамзат баласының қияли санасында сан түрлі желіде құрылған мифтік аңыздарға арқау болған. Жер бетіндегі жарық пен түнектің (қараңғылық) жаршысы саналған ай мен Күнді қасиетті жаратушыға телитін сарындар бар. «Қазақтың мифтік әңгімелері» атты еңбекте былай деп баяндалады:

Күн туралы мифтік түсінік

«Бұл өте ертеде болыпты, содан бері қанша жыл өткенін есептеп айтуға сан жетпейді. Ағайынды үшеу: Күн, Ай және қораз аспанда тұрыпты. Бірде ең үлкені Күн адамдарға жарық сәуле шашуға кеткенде, үйде Ай мен Қораз қалыпты. Ай барып түрған сотанақ екен. Қоразға тыным бермей, ақыры тәжінен ұстап алып, Жерге тастап жіберіпті. Қайта оралған Күн, болған оқиғаны біліпті. Ойланып отырып, былай депті: «Менің байқауымша сенің ешкіммен де сыйысып, тыныш отыра алатын түрің жоқ екен. Қайтып бетіңді көрмейін. Бұдан былай мен аспанда күндіз ғана жүремін, ал, сен тек түнде шығасың». Содан бері Қораз қызарып шығып қеле жатқан Күн ағасын көргенде: «Қо- қо-қоқ!» – деп айқайлайтын болыпты. Онысы: «қайырлы таң, мейірімді аға!» дегені екен. Ал, Күн батып, Ай көріне бастағанда, қораз үйшігіне тезірек кіріп алуға асығады екен».

Қазақтың космогониялық мифтерінен жамандық пен жақсылық тартысын аңғаруға болады (Жақсы мен жаман; Жақсылық пен жамандық). Мысалы, қазақтар ай бетіндегі дақты Күннің өшпенділігімен байланыстырады. Күн мен Ай және Үркер үшеуі бірге туған әпкелі-сіңлілі екен (Үркер; Жұлдыз). Кенжесі сұлу келбетті Үркердің бетін екі әпкесі тырнап алған себепті ол секпіл, әрі қотыр болып қалған деген нұсқаны Б.А.Куфтин жазып алған.

Көптеген мифтерде аталған екі «жұлдыз» қосыла алмаған ынтызар қос ғашық деп те баяндайды:

«Жер жаһанды жаратқан ай мен күн – бір-біріне қосыла алмаған ғашықтар, ай – ару, күн – күйеу екен. Жер мен көк жаратылып, қараңғы мен жарық, күндіз бен түн айрыларда, алдымен күн туып, күндізді иемденіпті де артынан ай туып, түнге қалыпты. Күндіз бен түн бірін-бірі қуалап көше береді. Бұл екі ғашық бір-біріне ынтық болып, қанша іздесе де кездесе алмайды. Бірақ, бұлар әсте үміт үзбейді. Жарық жүздерінен шұғыла шашып күлімдейді. Кейде қатты қайғырып, қабағынан қар жауады. Күннін көзін, айдың жүзін қаптаған қара бұлт – олардың қайғы-мұңы, жауған жаңбыр – олардың сағынышынан саулаған көз жасы.

Ғашықтықтың сүйініш-күйініші, әсіресе, ай аруға қатты батады. Ол ай сайын үмітпен толып, қайғымен солып отырады. Күн көксеген күндерімен күн санап көркейген ай ару он бесінде толықсып, шығыстан шықса батқан күннің сөніп бара жатқан шапағын көреді. Ал, ертенінде таң ата кеше кеште ай шыққан жерге күн күйеу келеді. Бірақ, айдың ауылы әлдеқашан алысқа көшкен. Сөйтіп, арман мен сағыныш, үміт пен өкініш, күндіз бен түн құйрық тістесіп айнала береді, айнала береді... Санаменен сарғайған ай ару қармақтай иіледі. Тіпті, оның жарқын жүзіне әжім жолағы да түскен».

Мифтердегі тағы бір назар аударалық дүние – Күн мен Айдың қозғалыс ритмінің сәйкестігі немес олардың бір- бірін алма-кезек алмастырып күндіз бен түнге куә болып тұратындығын түсіндіретін сарындар бар.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға