Жаңалықтар

Күнқайыру

Күнқайыру – аспан денелері мен жұлдыздардың қозғалыс заңдылықтарына сүйене отырып уақыт есептеудің негізгі тәсілдерінің бірі, уақытты есептеудің табиғи заңдылықтарға негізделген жүйесі.
22.10.2015 04:52 7899

Күнқайыру – аспан денелері мен жұлдыздардың қозғалыс заңдылықтарына сүйене отырып уақыт есептеудің негізгі тәсілдерінің бірі, уақытты есептеудің табиғи заңдылықтарға негізделген жүйесі.

Күнқайыру

Жалпы адамзатқа ортақ универсалийлер қатарындағы халықтық білімнің бір саласын құрайды және тіршілікқамы мәдениетінің елеулі бір құрамдас бөлігі. Ол эволюциялық даму үдерісі күрделі, көп сатылы жүйеге жатады. Адамзаттың ертедегі дүниетанымымен және ортаны игеруге бағытталған тәжірибесімен астасып жатқан күнқайырудың синкретті сипаты мол.

Күнқайыру тек уақыт межесiн айқындау, жыл мен айдың алмасуын есептеу ғана емес, ол мәні мен маңызы өте ауқымды жүйе.

Күнқайыру дала көшпелілері үшін адам-қоғам-табиғат үштігі (триадасының) арасындағы өзара бiрлiгi мен үйлесiмдi байланысын реттеуге арналған жүйе. Ол әлеуметтiк-мәдени және экологиялық тұрғыдан мүмкiн болған технологиялар арқылы тiршiлiкқамы жүйесiнiң қалыпты қызметiн этникалық деңгейдегi ұдайы өндiру мен табиғи, әлеуметтiк-мәдени ортаға бейiмделудi табысты жүргiзуді қамтамасыз етуге ұйымдастыру тетіктерінің бірі ретінде қызмет атқарады.

Ертеде көшпелі ортада дәстүрлі астрономия мен календарьға қатысты халықтық білім-танымды жинақтап, жүйелеп, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын, әрі метеорологиялық, хронологиялық істерді ұйымдастыруды «есепші» деп аталатын мамандар атқарған (қ. Есепші). Олар ғасырлар бойы эмпирикалық бақылаудан қордаланған халықтық білімді тәжірибемен ұштастыра отырып, аспан денелері мен жұлдыздардың қозғалысын бақылау және олардың Аймен тоғысу фазаларын есептеуге сүйенген.

Жыл – күнқайырудағы басты бірлік. Күнді жердің толық айналып шығу циклын де жыл деп атайды. Жылды түрлі ұсақ бірліктерге – маусым, ай, аптаға тәулік (жеті күн) бөліп қарастырады. Шығыс халықтарындағы күнқайыру жүйесінде он екі жылдан тұратын цикл қазақша мүшел деп аталған (қ. Мүшел). Ол Ай-Күн-Есекқырған (Юпитер)-Сәкәнтір (Сатурн) қозғалысына негізделген күнқайыру жүйесі ретінде кіндік Азия көшпелілері арасында б.з.д. І жылдықта мәлім болған Ол 12 жылдық цикл жан-жануар атымен аталады: куску (тышқан), уд (сиыр), барс, табышқан (қоян), нек (ұлу), жылан, жунд (жылқы), қон (қой), бічін (мешін), тақығу (тауық), ыт (ит), лағзын (доңыз). Көне түріктердің жазба ескерткіштерінде: «Күл тігін қон јылқа јіті јігірмакд учды .... бічін јылқа јітінч ај јеті отузқа коп алкадымыз» (Күлтегін қой жылы он жеті жасында өлді ... мешін жылы жетінші айдың жиырма жетісінде бәрін алқадық)» – делінген. Бұл жүйе Түрік халықтарының барлығында ұқсас (қ. Жыл қайыру).

Көшпелілердің шаруашылық мәдениетінен лайықталған жылды мезгілге немесе екі маусымға бөліп қарастыру үрдісі болған. Жыл межесiн “иас”, “кыш” (жаз бен қысқа) екiге бөлiп есептеу күнқайырудың көне типі деп санауға болады. Оның сорабы тілдік, фольклорлық және этнографиялық деректерде сақталған. Табиғат құбылыстарына негiзделген мұндай күнқайырудың басқадай жүйелері бар (қ. Амал). Жылды бiрнеше маусымға бөлетiн “үш бунақ” (120 х 3) және фенологиялық күнқайыру, яғни, амал сияқты күнқайырудың байырғы жүйелері бар. Бірақ, күнқайыру жүйесіндегі ең қолайлы тәсіл жылды айларға  бөліп  санаудың  практикалық  мәні  көп болды.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға