Жаңалықтар

Күлімкөз Смайылова: Жақын адамдар қашан да бір-біріне қамқор болуы керек

19.09.2018 06:34 2553

2014 жылы Қазақстан Халықтары ассамблеясының кезекті сессиясына Елбасы Н.Назарбаев  «баланың дүниетанымы, ұлтаралық келісімге деген бейімі, толеранттылығы оған  анадан дариды» деген теория айтты.  Осыған  cүйене отырып, ол өзінің тікелей нұсқауымен Қазақстан Халықтары  Ассамблеясы   жанынан  Аналар комитетін құру туралы ой тастады.

Сол ұсыныс жер жерлерде қолдау тауып,  орталық аппаратта  «Аналар комитеті»,  ал әр аймақта,  әр ауданда «Аналар кеңестері»  құрыла бастады. Ондағы негізгі мақсат- ұлтаралық  келісімді отбасын нығайту арқылы байыту. Біз Солтүстік Қазақстан облыстық халықтар ассамблеясының жанынан құрылған  «Аналар кеңесінің» төрағасы Күлімкөз Қайырбайқызын  әңгімеге тартқан едік.

– Күлімкөз Қайырбайқызы, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет. Өзіңіз басқарып отырған құрылым туралы мәлімет бере  кетсеңіз.

– Біздің облыстық аналар кеңесі  сол 2014 жылы  аталмыш сессиядан кейін құрылды. Кеңес құрамына облыста еңбек етіп жүрген, қоғамдық шаралардан ешқашан тыс қалмайтын, белді де беделді 26 әйелді таңдап алдық. Сол жылы біз осы құрылымның аудандық филиалдарын аштық. Айта кетерлігі, аналар кеңесі тіпті кейбір ауылдарда да,  кейбір кәсіпорындарда да бар. Бас аяғы облыс бойынша 38 аналар кеңесі жұмыс істейді. 

– Олардың негізі міндеттері қандай?   

– Негізгі міндеттерін айтқанда, ол баяғы кеңес тұсындағы әйелдер кеңесі, яғни «женсовет» деген атаумен белгілі болған ұйым емес. Ол  «женсоветтер» ұжымдағы әйелдердің киген киімі,  жүріс тұрысы , мінез құлқын талқыға салатын, яғни әйелдің жеке  басына қатысты мәселелер ғана қозғалатын.  Ал біздің кеңесте  оның отбасындағы беделін көтеру үшін  не істеу керек,  бала тәрбиесін қалай жүзеге асыру  керек, отбасылық қарым қатынастар,  құндылықтар қалай қалыптасады.  Міне осы мәселелер басты назарда болады.  Кәсіпорындардағы аналар кеңесінде сол жерде жұмыс істейтін аналар бас қосады да,  қордаланған түйткілдерін ортаға салып,  өзара шешуге тырысады.

Осыған орай аналар кеңесін  консультативті ұйым  десем  болады.  Біз жыл сайын өзіміздің жұмысымызды қорытындылайтын  жиын өткізіп тұрамыз.  Орталық аппаратта жыл сайын  облыстардан жиналған аналар кеңестері бас қосатын көшпелі жиын өтіп тұрады. Мысалы  былтырғысы Шымкент  қаласында ұйымдастырылды.

Сіздердің кезекті  жиындарыңыз қашан өтеді? Оны қандай формада ұйымдастырғалы отырсыздар?

– Біз өзіміздің аналар кеңесінің бір жыл бойы атқарған іс жоспарын осы қыркүйектің 19 күні жиналып қорытындылайтын боламыз. Оған барлық аудандардың және кәсіпорындарда құрылған аналар кеңесінің мүшелері , бас аяғы  жүзден астам ана қатысады деп жоспарлап отырмыз.  Ал формасы туралы  жақсы  сауал қойдыңыз.   Өйткені  менің ойымша,  қазір осындай жиындар өткізгенде кеңес тұсынан қалған отырыс,  баяндама дегеннен бас тартар кез келген сияқты.  Оның бәрі  іш пыстыратын дүние. Біреу баяндама оқыса ,  екіншілері ұйықтап отыратын  кездер құрдымға кетуі тиіс деп санаймын. Сондықтан біз өзіміздің бас қосуларымызды ерекше түрде жоспарлаймыз.   Мысалы,  былтырғы шарамыз үш кезеңнен тұрды. Алғашқысында  аналар кеңесінің мүшелері  Солтүстік Қазақстан Облыстық ішкі істер депаратменті жанынан құрылған аналар кеңесімен   бірлесіп,  кәсіби психолог маманның тренингінен өтті. Қазір мұндай тренингтердің  көбіне ақылы түрде өтетінін білесіз. Ал біз аналар кеңесінің мүшелері үшін оны тегін ұйымдастырдық.  Психолог маман отбасында туындайтын  шиеленістерді  шешу жолдарын,  бала психологиясының ерекшеліктері тақырыбында бірқатар әңгіме өрбітті. Мұны әлеуметтік инжиниринг десем де болады.  Яғни, «мен бұл кездесуге дейін қандай болдым. Осы кездесу маған не  берді, менің ой санамда не өзгерді , енді мен қандаймын, мен өзімнің білімім мен дүниетанымымды  қалай өзгерттім» деген сауал әр адамда туындауы тиіс.   

 Шараның екінші кезеңі Петропавлдағы Жеңіс саябағында квест түрінде ұйымдастырылды. Оған қатысқан отбасылар  ойын  ойнап, саябақтың  ішін шарлап жүріп көптеген тапсырмаларды орындады. Бұл бүтін бір отбасын біріктіруге  шақыратын керемет  жақсы іс шара болды десем артық айтқаным емес.

 Ал шараның үшінші кезеңінде біз  осы күнді қорытындыладық.  Яғни, бір жыл бойы қордаланған мәселелерді ортаға салып,  талқыладық.  

– Иә, былтырғы шара шынымен де керемет өткен екен. Ал биылғысын  19 қыркүйекке жоспарлапсыздар, онда не қызықтар болады?

– Биылғы  отырыстың негізгі тақырыбын  «Рухани жаңғыру»  бағдарламасымен  байланыстырып отырмыз. «Рухани  жаңғыру  отбасынан  басталады»  деген тақырыппен өткізбекшіміз. Бұл ретте кеңес мүшелері түрлі сала мамандары болғандықтан олар өздеріне қатысты мәселелерді ортаға салады. Мысалы, денсаулық сақтау саласының маманы ана мен бала денсаулығына  байланысты кеңестер беретін болса,  қаржы саласының мамандары отбасылық прагматизм, қаржылық сауаттылық, ақшаны қалайша үнемдеп, отбасы бюджетінің ахуалын қалай жақсарта аламыз деген тақырыпта әңгіме өрбітпекші. Негізгі тақырып- прагматизм  төңірегінде болмақ.  Яғни, отбасы шаруасын жүргізудегі прагматизм,  қарым қатынастар прагматизмі, ашық сана сынды тақырыптар ашылады.  Сонан соң отбасындағы  проблемаларды  революциялық емес , эволюциялық яғни, бітімгерлік жолмен шешуді  үйрету туралы да дәріс оқытылмақшы. Егер отбасында туындаған мәселені дер кезінде,  ушықтырмай шешсе, отбасын сақтап қалуға  сеп болары сөзсіз.  Өйткені  моральдық тұрғыда аяқтарынан нық тұрған, негізі берік қаланған отбасы-  ол қоғамның,   жеме жемге келгенде мемлекеттің негізі деуге болады.

– Керемет дүниелер жоспарланыпты

– Ия, ол рас. Бұл  іс шаралар басталмас бұрын, біз «Ананың аялы алақанынан шыққан дүниелердің» көрмесін  өткізбекшіміз. Өйткені  бізде көптеген әйелдер  өз қолдарымен түрлі дүниелер жасайтын шеберлер.  Соны көрмеге шығарып көрсетеміз. Яғни, әйелдің шығармашылық бастамаларын қолдаймыз.  Кім біледі,  ертен оның қолынан шыққан дүниелер отбасын асырай алатын кәсіпке айналып кетпесіне кім кепіл?  Қазір әлеуметтік желілер арқылы сондай қолөнер бұйымдарын сатып,  байып жатқандар жетерлік,  отбасы бюджетіне қосымша табыс түсіріп тұрса несі кем. Мен былтыр осындай көрмені Шымкентте өткен  көшпелі отырысқа  апарып, «Рухани жаңғыру туған жерден басталады» деген баяндама оқыдым. Қатысушылар тарапынан қызығушылық өте көп болды десем болады.  Биылға жоспарланған  іс- шараның негізгісі   жаңадан ашылған Қызылжар мешітінің ішінде өтеді. Бізде аналар кеңесінің жанынан ашылған әжелер мектебі барын да  айтып өткім келеді. Олардың құрамында қажылыққа барып келген әжелеріміз де жетеді. Сол әжелер мешітке келгендерге арнайы  семинар өткізеді.  Алайда,  ол жерде жиналған  жұртты ешкім намазға жығып,  уағыз оқымайды.   Тек имандылыққа бет бұру  туралы әңгіеме айтылады,   сондай- ақ жаңа мешітке экскурсия да ұйымдастырамыз. Айта кетерлігі,  Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының бас мүфтийі де әр мешіт жанынан аналар кеңесін құру туралы ой тастаған  екен. Біздің мешіттің жанынан ашылған  «қажы аналар мектебі» біздің аналар кеңесі жанындағы әжелер мектебінің  міндеттерін қоса атқарып жүр десем болады. Сондықтан  біз оларға көптеген кеңестік қолдау көрсетеміз.  Түрлі шараларына  атсалысамыз. Өз басым, оларға жүргізуші , ұйымдастырушы ретінде көмек қолын созып тұрамын.  Ал биылғы жиынның үшінші кезеңін біз осындағы  66/37 әскери бөлімінде жалғастырмақшымыз. Аналар сарбаздармен кездесіп, дастархан жаяды. Талайдан бері казарманың нанын жеп жүрген жастарға әжелеріміз бауырсақ,  кәмпитін апарып, дәм татырады. Сарбаздарға демеу жасап қана қоймай, өзін өзі сақтауға,  әскердегі әлімжеттіліктің алдын алуға бағытталған өзекті әңгімелер айтады.   Бұл ретте, әскери   бөлімнің басшылығына  осы іс -шараны өткізуге келісім бергендері үшін алғыс айтқым келеді.  Мұндай тәрбиелік маңызы бар дүниелер оларға да өте тиімді  деп санаймын.  

– Істеріңіз  оңға бассын.  Осы жерде байқағаным,  барлық шараларыңыз  есте қалатындай , әсерлі өтетіндей көрінді.

– Иә,  ол рас. Былтыр да өткізген шараларымыз  жұрттың есінде қалған. Өткен жылы өзіміздің жиыннан кейін  мен Шымкент  қаласында республикалық аналар комитетінің  бас қосуында да осы ойымды айттым. Яғни,  жиындарды іш пыстырматындай етіп, ойын, тренинг , квест  түрінде өткізу туралы айтқанмын. Жиналғандар мені толығымен құптады.

– Бұдан өзге қандай шараларды жыл бойына өткізіп тұрасыздар?  

– Бізде аналар кеңесі тек облыс орталығында ғана емес,  аудандарда,   ірі-ірі кәсіпорындарда бар деп айтып өттім.  Әрбір мемлекеттік мереке  сайын сол кәсіпорындарда үлкен жиындар болатыны белгілі. Міне, біз сол жиынға барып, сол жердегі үлгілі аналарды марапаттап отырамыз. Көп жағдайда бірге істейтін ұжымдастары  өз әріптестерінің жақсы   маман ғана емес,  үлгілі отбасының мүшесі,  не ұйытқысы екендігін білмейді. Міне,  осы ретте біз олардың беделін ұжым мүшелері алдында  көтереміз.  

– Оларды қалай табасыздар?

– Бізге сол кәсіпорындағы  кеңес мүшелері көмектеседі. Оларға біз ажырасқан, не біреудің отбасының шырқын бұзған , жеңіл жүрісті,  не теріс мінезді  әйелдерді ұсынбаңыздаршы деп сұраймыз. Көп жағдайда біздің ойларымыз бір жерден шығып  жатады. Біз мұндай шараларды әйелдер колониясында,  перинаталды орталықта,   әскери бөлімдерде өткіздік. Бір қызығы,  осы кәсіпорын басшылығы мүндай істерді  өте  құптайды,  көмектерін аямай жатады. Өйткені олардың да анасы бар, олар да өздері ұл қыз тәрбиелеп отырған ата аналар.  Сондықтан басшылық тарапынан еш қарсылық болмайды. Сол қуанышты.

– Отбасылық құндылықтар, тәрбие деген қазір өзекті мәселердің біріне айналғаны рас қой.

– Иә, біздің ең басты мақсатымыз- дәстүрлі  отбасын сақтап қалу. Қазір шет елдерде түрлі ағымдар жүріп жатқанын білесіздер. Біздің қоғамға жат дүние еніп  кетпеуі үшін біз балаға осы бастан  дәстүрлі отбасында тәрбиелеп отбасылық құндылықтарды  оның бойына сіңіре білуіміз керек. Мысалы көптеген әйелдерден еститінім: «ұлымды үйлендірдім,   бөлек шығардым,  еш нәрсесіне  араласпаймын» деп,  ұлы мен келінін өзінен аластатады. Яғни,  бір нәрсеге   араласса,   олар ажырасып  кететіндей көрініп тұрады. Мен айтамын,  керісінше,   араласып,  ақыл кеңес  беріп отыру керек. Отбасын  ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын ол- әйел. Келініңе жақсы тәрбие берсең,  ертең ол тәрбиенің  ізін немереңнен көресің. Жуырда біз ене мен келіндер сайысын өткіздік. Сонда бір келіншек маған келіп, өз алғысын жаудырды. Келіні  екеуі сайысқа бірге қатысып,  бір біріне  жақындасып кетіпті. Отбасында ортақ іс әрқашан оның мүшелерін бір біріне   жақындастыратыны белгілі дүние ғой.  Ал жақын адамдар қашан да бір- біріне қамқор болуы керек. Бұдан отбасы да,  адам да, қоғам да ұтады.

  • Сұхбатыңызға көп рахмет
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға