Жаңалықтар

Көкшетауда меценаттарға қошемет көрсетілді

Көкшетауда меценаттарға қошемет көрсетілді
19.11.2018 11:37 2142

Көкшетаудың Достық үйінде «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

«Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын салтанатты марапаттаудың облыстық кезеңінде бизнес-құрылымдар, меценаттар, мемлекеттік емес ұйым өкілдері, еріктілерді өздерінің кіші отандарының дамуына қосқан үлестері мен азаматтық белсенділіктері үшін алғыс білдіру, сонымен қатар олардың өңірдегі әлеуметтік сұрақтарды шешу істеріне одан әрі қатысуларына қолдау көрсету мақсаты тұрды.

Айта кетерлігі, Ассамблея елдегі қайырымдылықты дамытуға жәрдемдесу, қайырымдылық саласын үйлестіруді қамтамасыз етуге заңнамалық өкілеттіктерге ие болды және Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) 2015 жылдың 16 қарашасынан бастап 3 жыл бойы қайырымдылық қызметтің және меценаттықтың  бүкіл ел бойынша ресми үйлестірушісі болып табылады.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова өз сөзінде атап өткендей, «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының «Туған жер» мемлекеттік бағдарламасы халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуде азаматтарды біріктірудің, қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың негізі болып табылады.

«Жерлестеріміз өз туған өлкесінің дамуына қолдау көрсету бойынша жақсы істер атқаруда. Екі жыл ішінде Ақмола облысында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, коммуналдық шаруашылық салаларында жалпы құны 5 млрд. теңге көлеміне 96 әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асырылды», - деген мәлімет келтірді А. Мысырәлімова. 

Ақмола облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ринат Галлямов Ассамблея «Рухани жаңғыру» бағдарламасы «Атамекен» жобасының үйлестірушісі болып табылатынын, жыл бойы әрбір меценаттың және әрбір адамның жобаны жүзеге асыру ісіне қосқан үлесін бағалау бойынша арнайы сарапшы топ құрылып, үлкен жұмыс жүргізілгендігін атап өтті.

Бұл күні үздік қайырымдылық жасаушы – меценаттар, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері «Жыл меценаты», «Туған өлке», «Жылдың үздік ұйымы»,  «Ерен еріктілік», «Жыл тұлғасы» аталымдары бойынша жүлделерге ие болды.

 «Жыл тұлғасы» аталымы бойынша жүлделерді өздерінің белсенді азаматтық ұстанымдары, түрлі бағыттағы ауқымды қайырымдылық қызметтері үшін «Бари» армян мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Норик Магламян және ҚХАА жанындағы облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова иеденді.

Айта кетсек, «Бари» армян мәдени орталығы» ҚБ 2005 жылдан бастап «Жақсылық сыйла» атты қайырымдылық акциясын жүзеге асырып, оның аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қайырымдылық акцияларын өткізуде.

Ақмола облыстық ҚХА жанындағы облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді насихаттау және дамытумен айналысып келеді. Кеңес қызметінде көмекке мұқтаж, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөлінеді. Аналар кеңесінің өкілдері науқас балаларды Қазақстанда және өзге елдерде емдеуге қаражат жинауға бағытталған қайырымдылық акцияларының тұрақты  демеушілері болып табылады. Жыл басынан бері Аналар кеңесінің қатысуымен Ақмола облысы бойынша 10 млн 700 мың теңге қаражат жиналды.

Салтанатты іс-шара Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы өнер ұжымдары және әртістерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға