«JOLTAP» жобасы: елордада жаңа мамандық игерген 10 адам өз кофеханасын ашты
Елордада жұмыссыз қала тұрғындарының жұмыс тауып, қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін «JOLTAP» жобасы жалғасып жатыр. Бұл туралы елорда әкімдігіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәселен бүгінгі күннің заманауи мамандығы баристаны да жоба арқылы тегін оқуға болады. Бұл мамандықты таңдаған жандар иісі аңқып, дәмі тіл үйіретін кофе жасауды үйренеді. Ал нарықта бұл мамандыққа қызығушы адамдар көп. «JOLTAP» жобасының оқытушысы Тұрар Ілиястың сөзінше, әлеуметтік жоба арқылы осы уақытқа дейін «Бариста» курсын 500-ден астам елордалық тәмамдаған.
Былтыр елордада «Үздік бариста» жарысы өтті. Сол кезде «JOLTAP» жобасы туралы естідім. Кейін жоба ұйымдастырушыларынан курсқа оқытушы болуға өтініш түсті. Жалпы оған дейін шеф-бариста болып жұмыс істеп жүріп 100-ден аса адамға кофе жасауды үйреткен едім. Осылайша 5 күндік бариста оқуын бастап кеттік. Бүгінде бұл курсты 500-ден астам студент тәмамдады. Бір топта 10 адам болады. Аптасына 20-30 студент бариста курсын меңгеріп шығады, - дейді курс оқытушысы.
Тұрар Ілияс бұл салада 10 жылдан аса жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі бариста. Ол алғаш рет кофе жасауды 17 жасында меңгерген. Бүгінде қала бойынша өз кофеханасын ашып, бұл мамандық арқылы табыс табуға болатынын дәлелдеп жүр.
Маған кофе дайындау қатты ұнайды, әсіресе дайын кофе үстіне сурет салу қызықтырады. Осы мамандық бойынша түрлі жарыстарға қатысып, еліміздің өзге қалаларында жұмыс істегенмін. Бүгінде өзімнің кофеханамды аштым, қала бойынша 3 жерде орналасқан. Осы кәсібімнен бөлек, «JOLTAP» жобасы бойынша болашақ баристаларды оқытып жүрмін, - дейді ол.
Оның сөзінше, «Бариста» курсына келушілердің 70 пайызы - қыздар, ал жалпы студенттердің 10 пайызы өз кофеханасын ашуды қалайды.
Жалпы курс бес күнге созылады. Бір күні тек теория оқытылады, яғни кофе дәндерімен танысу, оның тарихын білу, заманауи кофе сусындарымен танысу сабағы өтеді. Екінші күннен бастап студенттеріміз тәжірибе бойынша жұмыс істейді. Яғни кофе жасау ғана емес, оны безендіру әдістері туралы айтылады. Студенттер курс барысында американо, капучино және латте дайындайды. Сонымен қатар кофеге қосатын қосымша қоспалар туралы айтылып, кофемашинамен жұмыс істеу және оны тазалау әдістері көрсетіледі, - дейді Тұрар Ілияс.
Бүгінде әлеуметтік жоба аясында 300-ге жуық бариста жұмысқа орналасқан. Тәжірибелі баристаның сөзінше, бұл салада жұмыс істейтін адам кофені жақсы көруі керек.
Баристалар жұмысқа орналасқанда алдымен сынақ мерзімінен өтеді. Ал одан кейін жұмыста жақсы нәтиже көрсетіп жатса, орта есеппен айына 250-300 мыңға дейін ақша табады. Кофе дайындағанда ең бастысы ниет болу керек. Баристаның кофені жақсы көруі маңызды деп ойлаймын. Өйткені жаңа дәндерді көріп, өзі дайындаған сусынның қаншалықты дәмді шығатынын білуі керек. Бұл мамандық әрқашанда білім алуды қажет етеді. Себебі кофе дайындау тенденциясы әр ай сайын өзгереді. Жаңа кофе дәндері шығады. Тіпті бүгінде тәжірибелі баристалар да оқуға барып, өз білімдерін жетілдіріп жүр. Мәселен менің студенттерімнің ішінде 10 адам өз кофеханасын ашты, ал жалпы осы уақытқа дейін 300-ге жуық студент жұмысқа орналасты, - дейді тәжірибелі бариста.
Әңгімелесу барысында 27 жастағы Тұрар бастапқыда «JOLTAP» жобасы туралы естіген кезде қатты таң қалғанын жасырмады.
«JOLTAP» жобасы туралы алғаш естіген кезде қатты таң қалдым. «Қалай тегін кәсіптік білім алады?» деп ойладым. Кейін бұл мүмкін екен деген ой түйдім. Бұл жоба жұмыссыз жандарға керемет мүмкіндік береді. Тек «Бариста» курсы ғана емес, қазіргі замануи «SMM», «Мобилография» курстары ашылып, тегін оқытылып жатыр. Әлі де жоба туралы білмейтін, естіген кезде таң қалып жататын адамдар бары жасырын емес. Сондықтан да қаламызда жұмыссыз жүрген жандар оқыту орталықтарына барып, жаңа мамандық меңгерсе дейміз, - дейді Тұрар Ілияс.
Айта кетейік, «JOLTAP» жобасы бойынша оқыту бағдарламалары мамандыққа байланысты 2 аптадан 1 айға дейін барынша қысқа мерзімде нақты дағдыларды меңгеруге бағытталған.