Jennifer Lopez-ке туынды жасаған алматылық суретші әлемнің 50 креаторының қатарына енді
Алматылық суретші Assolya, шын есімі Асель Сабыржанқызы, TikTok ұсынатын The Discover List 2026 жаһандық тізіміне енді. Бұл – digital-мәдениеттің болашағын айқындайтын, әлемнің ең ықпалды 50 креаторы іріктелетін беделді жоба. Биыл Assolya Innovators санатында ұсынылып, ұлттық кодқа негізделген заманауи өнері арқылы халықаралық деңгейде мойындалған Қазақстаннан шыққан бірегей автор атанды.
The Discover List – жай ғана рейтинг емес. Бұл тізімге енген креаторлар жаһандық мәдени трендтерді қалыптастырып, әлеуметтік желідегі аудиториямен жаңа тілде сөйлей алатын шығармашылық тұлғалар ретінде бағаланады. Assolya-ның бұл қатардан көрінуі – қазақ өнерінің цифрлық дәуірдегі жаңа тынысын көрсетеді.
Carpet Art: дәстүр мен заманауилықтың тоғысы
Assolya авторлық Carpet Art техникасында жұмыс істейді. Ол дәстүрлі қазақ кілемдерін заманауи арт-объектілерге айналдырып, оларды миллиондаған көрерменге ұсынады. Кілем – қазақ мәдениетінде тұрмыстық бұйым ғана емес, тұтас тарих пен символиканың көрінісі. Суретші осы кодты сақтай отырып, оған жаңа мазмұн, жаңа бейне, жаңа аудитория қосты.
Ұлы дала кейіпкерлері мен әлемдік жұлдыздардың бейнелері кілем бетінде қайта тіріліп, заманауи визуалды тілде сөйлейді. Оның жұмыстары шетелдік аудитория мен медианың назарын аударып, Қазақстанды өзекті әрі визуалды қуатты өнердің көзі ретінде танытып келеді.

