Авторлық музыка тыңдарманы талғампаз
Біздің авторлық музыканың тыңдармандарының көп болмауы қалыпты құбылыс. Бұл - бұқаралық музыка емес. Тіпті менің туған-туыстарымның өздері әндерімді тыңдамайды. Әкем жақында ғана хабарласты, біреулер "балаңның айтқан өлеңі" деп тыңдатқан болуы керек. Тыңдап болған соң маған хабарласып: "сен кішкене ел тыңдайтын ән айтсаңшы?! Төреғалидікіндей ән айтсаң болмай ма?" деді. Ол кісілерге басқаша жеткізу керек. Бәлкім стадионда бәрі айқайлап тұрса ғана мойындайтын шығар. Тіпті спектакльге келгендердің өздері түсінбей қалатын кездер болады. Жалпы авторлық музыка бұқаралық сипат алмағаны да дұрыс шығар. Себебі барлығына түсінікті, бәріне оңай дүниенің қадірі болмайды. Өзім ондайдан қашуға тырысамын. Менің жазған 44 өлеңім бар. Ал бэндте дайыны 15-20 ән. Бірақ әр концертте сол әуендердің өзін түрлі жанрға саламыз. Сонда өзіміздің де құштарлығымыз азаймайды. Себебі бір әнді қатып қалған әуезбен айта берсең эмоция жоқ, құштарлық жоқ. Плюспен айтқаннан еш айырмашылығы болмайды. Сол үшін кейде әнді реггиге саламыз, бірде рокқа саламыз. Халық сенің махаббатпен айтып тұрғаныңды я құр автоматпен айтып тұрғаныңды сезеді. Егер сен әнді ләззатпен, ықыласпен айтып тұрсаң ғана олар энергетиканы сезінеді. Әрине, ол әр кез сәтті болып шықпауы мүмкін. Бірақ музыкант үнемі ізденісте болғаны жөн. Спектакльдерде де сол. Құрылымы бір, бірақ оған әртүрлі жолдармен жетеміз.
Музыка және ақша
Музыка мен үшін табыс көзі емес. Шығармашылық қана. Табысты актер ретінде немесе мұғалім ретінде табамын. Бір жыл бұрын Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балалар мектебінде актерлік және режиссерлық курс бойынша сабақ бердім. Жалпы мұндай мектепті бірінші рет көруім. Түске дейін балалар жалпы білім бағдарламасы бойынша сабағын оиқды, түстен кейін біреуі домбыраға, біреуі спортқа, бірі актерлік курсқа барады. Сөйтіп өзімнің тағы бір қырымды аштым.
Жалпы музыкаға түбегейлі кетемін деп айта алмаймын. Жоспарларым көп, әрине. Дегенмен продюсер алып музыкамен айналысуға қарсымын. Себебі продюсер сені міндеттеп, шектеп тастайтын сияқты. Ал әзірге музыка - менің азат рухым, еркін шығармашылығым. Мен қалаған дүниемді қалаған уақытымда жазамын. Бірнеше жыл бұрын Мәскеуде "Ленинград" тобының, "Ранетки" тобының экс продюсері Сергей Мильниченконың кастингінен өткен едім. Үш ай жүрдім сол жобада. Процесс кезінде маған талаптарын қоя бастады. Шашымды ақшыл түске бояу, киіну стилімді өзгерту, өздерінің жазып қоған оранжировкаларына мәтін жазуым керек болды. Сол кезде бұл мүлдем маған жат дүние екенін түсініп, өз еркіммен кетіп қалдым. Қазақстанда да концерттен кейін сондай адамдар табылады. "Не істеп жүрсің, альбомдарыңды қалай жазып жүрсің?" деп жанашырлық танытып жатады. Бірақ әр алымның салымы болатынын сеземін, сондықтан да тек өз күшіммен жүруді қалаймын. Алғашқы әндерімді үйде Logic деген программамен жазып жүрдім. Ол қиындау, себебі алдымен гитараны жазып алу керек. Гитара бір темппен жазылды, дауысты оған дәлдеп жазасың. Содан соң өзге музыканттар да сол шаблонмен жазуы керек. Сөйтіп шектеле береді. Мұндай музыкада энергетика аз болады. Ал Qazaqstan телеарнасының JańǵyryQ сияқты жобасы біз сияқты музыканттар үшін тамаша мүмкіндік. 5-6 музыкант бір-бірін сезіп тұрады, ол жерде темп созылып та, азайып та кетуі мүмкін, бірақ ол табиғи болады. Сол энергетика құлаққа тікелей жетеді. Неге адамдар кинодан театрды ұнатады? Себебі камерадан өтпей қалатын энергетика болады. Дауыс, эмоция тірі ол жерде. JańǵyryQ жобасында дәл сол тірі дауысты беруге тырыстық.
ARShAT
Негізі ARShat тобының әндерінің музыкасын және сөзін өзім жазамын, ал оранжировкаларын 4-5 бала бірігіп жазамыз: Райымбек, Қуанышбек, Дәулет, Маро, Жайық. Сөйтіп бірігіп жазып отырамыз да, бір жеріне келіп тоқтап, "Ох, мына жеріне виолончель керек" деп, жазуды үзіп, консерватория жаққа барып келеміз. Ол жақта виолончельде ойнай алатын баланы тауып үйге ертіп келеміз. Сөйтіп жүріп клавишник Азамат деген баланы таптық. Ол мықты ойнайтын музыкант. Қазір ара-тұра түрлі барларға шығып концерт беріп тұрамыз. Әдетте бір концертте 11 әнді орындап береміз. Концерттік бағдарлама соңында "Арманға сенемін" және "Түнде" әнін айтамыз. Бірақ халықтың қайталап сұрайтын 5-6 әні бар, олардың ішінде "Балға мен шеге", "Мен ең бақытты жанмын", "Шаршаған кезде" сол сияқты композициялар бар. Концерттерде айтылмайтын, MP3 форматқа жазбайтын әндер де бар, мысалы "Тас атты". Себебі кей әндерді жазғанда нәрі кетіп қалады. Сол әнді есту үшін адамдар спектакльге келеді.
Мен өлеңдерімнің мәтінін өзім жазам, бірақ Тасатты" және "Алматым" деген өлеңдердің әуенін ғана жаздым. Кейде ақындар өз өлеңдерін жібереді, мәтін қатты ұнап қалса музыка жазып жіберемін. Жазған соң өздеріне әнін салып жіберемін.
Бұл жобаға қатысу туралы ұсыныс келгенде бірден келісім бердім дей алмаймын. Бастапқыда Мақпал Жұмабай жекеме хат жазды. "Сіз сияқты авторлық орындаушылардың концертін жазамыз, бәрі жанды дауыста жазылады дегенде қуандым. алайда "Қазақстан" ұлттық арнасында көрсетіледі дегенде күмәнданып қалғаным рас. Мен ұлттық арна болған соң шектеулер болады, репертураға, киген киімге қатысты нұсқаулар болады деп ойлап, бас тарттым. Алайда Мақпал ханым өз концертінің видеосын жіберді. Ұнап қалды. Шығармашылық тобымызға ұсыныс туралы айттым. Кей балалар "қатысайық, тым болмағанда жасап жүрген дүниемізді ата-анамыз көреді. Біздің музыкамызды бүкіл аудитория түсінбеуі мүмкін, бірақ өз сорпамызда қайнай бермей, көрінейік" деген ойларын айтты. Сөйтіп жобаға қатысып, түсірілімді бастап кеттік. Бұл жоба тек осы бағдарламамен шектелмейді. Ары қарай да жоспарланған ауқымды шаралар бар.