Жаңалықтар

Израильдегі жағдайдан зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ - СІМ

Израильдегі жағдайдан зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ - СІМ
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 09.10.2023 13:35 1225

Израильде қаза болған, зардап шеккен және кепілге алынған қазақстандықтар туралы ақпарат келіп түскен жоқ. Бұл туралы СІМ өкілі Айбек Смадияров  мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Кейбір авиарейстердің тоқтатылуына және бірқатар авиатасымалдаушылардың Израильге рейстерді орындаудан бас тартуына байланысты Қазақстан Елшілігі «Эйр Астана» әуекомпаниясымен бірлесіп, Қазақстанға оралуға ниет білдірген азаматтардың тізімін қалыптастыру, сондай-ақ оларды одан әрі қауіпсіз жерге шығаруды ұйымдастыру бойынша пысықтау жұмыстарын жүргізуде. Осы уақытқа дейін Қазақстанға оралуға 118 азаматымыз ниет білдірді. Тель-Авивтегі Бен-Гурион атындағы Халықаралық әуежай өз жұмысын штаттық режимде жалғастырып жатқанын хабарлаймыз. Бұл ретте, осы бір-екі күн ішінде Үкімет деңгейінде Тель-Авивке жіберілетін арнайы репартациялық рейсті ұйымдастыру мәселесі пысықталып жатыр”,- деді ол. 

Қазақстанның Тель-Авивтегі Елшілігінің болжамы бойынша Израильде консулдық есепке тұрмаған 400-ден астам Қазақстан азаматы болуы мүмкін. 

Шетелдегі отандастарымыздың назарына, Қазақстанның шет мемлекеттердегі дипломатиялық мекемелерінде консулдық есепке тұру қажеттілігіне тағы да еске саламыз. Бұл процедура ерікті түрде және тегін жасалады, сондай-ақ қашықтықтан жасауға да болады. Есепке тұру үшін консулға тиісті ақпаратты, яғни төлқұжаттың көшірмесін, байланыс деректерін және тұрғылықты мекен-жайын жіберу қажет. Бұл ақпарат дипломаттарға төтенше жағдайларда біздің азаматтармен жедел байланыс орнатуды және қажетті көмек көрсетуді әлдеқайда жеңілдетеді,- деді ол. 

Сондай-ақ арнайы чат құрылғанын айтты. 

Тель-Авивтегі дипломаттарымыз Израильдегі Қазақстан азаматтарымен тұрақты байланыста және олармен өзара жедел іс-қимыл жасау мақсатында мессенджерде арнайы чат құрды. Қазіргі уақытта оған Израильде уақытша және тұрақты тұратын 200-ге жуық азаматы қосылған. Бұл чатта біздің отандастарымыз өздерінің орналасқан жері туралы хабарлап, дипломаттармен тікелей байланыс орнатты, ал дипломаттар өз кезегінде азаматтарымызға әртүрлі мәселелер бойынша кеңес беріп, тиісті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде. Израильдегі барлық азаматтарымыз сабырлық сақтап, дипломаттарға қажетті ақпаратты ұсынуға барынша жәрдемдесіп жатыр және жергілікті билік органдарының барлық талаптары мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап келеді,- деді СІМ өкілі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға