Жаңалықтар

Ізгіліктен жасалғай кемеміз

Өмір – теңіз, жүзем онда демеңіз, ізгіліктен жасалмаса кемеңіз. Рудаки
20.05.2015 10:35 12630

Осынау адамның табынары теңге болған мына заманда біздің өмірлік кемеміз ізгіліктен жасалып жатпағаны рас. Ащы, ащы да болса шындық!

Ізгілік деген ұғымның астарында қаншама мән-мағына жатыр?!!!  

Ізгіліктен жасалғай кемеміз

Ізгілік – ол адамдардың бір-біріне деген адамгершілік, сүйіспеншілік қарым-қатынасы, адамгершіліктің белгісі, адамның басты құндылығы!

Ізгілік адамның өзіне және өзгелерге жасаған игі, жақсы істері деп түсінемін. Белгілі педагог Т.И.Петракова құндылықтарды үш түрге бөледі: табиғи, жүре пайда болатын және абсалюттік. Табиғи құндылықтар тәрбие жүзінде адам бойында қалыптасады.  Табиғи құндылықтарға: ақыл, сезім, ойлау, ерік, есті жатқызады. Жүре пайда болатын құндылықтардың өзін интеллектуалдық және эмоционалдық құндылықтар деп бөліп қарастырады. Жүре пайда болатын эмоционалдық құндылықтарға: сабырлық, сыпайылық, кішіпейілділік, мейірімділікті жатқызса, жүре пайда болатын интеллектуалдық құндылыққа даналық, білім, құзіреттілікті жатқызады. Ал, абсалюттік- уақытқа бағынбайтын, өзгермейтін, бүкіл адамзат үшін маңызы зор мәңгілік құндылықтар.  Олар: Ақиқат, Сүйіспеншілік, Дұрыс әрекет, Ішкі тыныштық, Қиянат жасамау.

Ел аузында «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деген қанатты сөзі бар. Бұл сөздерде ағашты балаға теңеп, баланың бойына жастайынын жалпыадамзаттық құндылықтарды, оның ішінде адамгершілік, сыпайылық, сыйластық, мейірімділік, сүйіспеншілік сияқты қасиеттерді сіңдіру керектігі айтылған.

Адамға қойылатын басты талап - асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты азамат болып шығу. Өйткені адам - өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты. Адамгершілік - адамның рухани арқауы.

Ізгілік – бұл өте күрделі ұғым. Ол сәбидің бойында ана құрсағына біткен сәттен бастап дариды.

Біз ізгілікті тәрбие арқылы қалыптастырамыз десек, қатты қателескен болар едік. Ізгілік әр адамның бойында болады, тек оны аша білу керек. Өте қатыгез деген адамның өзі жүрегіне жақын нәрсені көргенде тұла бойын жылылық, қобалжу билейді. Адамдар бойларындағы ізгі қасиеттерін аша алмағаны себебінен қазіргі қоғамда әділетсіздік, қатыгездік белең алып жатыр. Біз күнделікті осындай мәселелермен кезігіп жатамыз. Ал болашақта мұндай мәселелердің болмауы үшін «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші бала тәрбиесінен бастауымыз керек.

Әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану пәні мұғалімі ретінде балаға рухани-адамгершілік білім беру біздің басты міндетіміз. Интеллектуалды білім мен рухани білімді ұштастыра отырып, балаға ізгілік құндылығын дарыта білуіміз керек. Қазіргі дамыған заманда балаларға рухани - адамгершілік білім ауадай қажет. Жалпыадамзаттық құндылықтарды бала бойында ашуға септігін тигізетін мына менің болашақ мамандығым осы білім жолында көптеген жұмыстар атқаруда.

Алғашқы оқу жылын аяқтағаннан соң, Астана қалалық Республикалық балаларды оңалту орталығына педагогикалық іс-тәжірибеден өттік. Бұл мүмкіндігі шектеулі балалрдың орталығы екені өзіме бұрыннан-ақ белгілі еді. Десе де, іштей қорқыныш бойымды билеп тұрды. Алғашқы күннен бізге берілген жұмысқа кірісіп кеттік. Есік ашылып, алдымда арбада отырған балаларды көрдім. Бір сәттің ішінде қорқынышым күшейіп, артқа қайтуды ойладым. Бірақ, неден қорыққанымды бімеймін. Мүмкін алдымдағы балаларға жаным ашып, жүрегімнін ауыратынын біліп қорыққан болармын. Не болса да артқа қайту деген ойымды жиып тастап, барынша жылылық танытуға тырысып, балалардың алдына  күлімсіреп шықтым. Әрине алғашқы күні олар бізді әдеттегі тәрбиешілері ретінде көрді. Бірақ біз жоғарғы оқу ордасында алған теориялық білімімізді тәжірибе барысында өз деңгейінде көрсетуге тырысып, алғашқы күннен бастап балалармен ойын ойнап, оларға ұжыммен бірге болуға жағдай жасадық. Суреттер салдық, мүсіндер жасадық, қағаздардан түрлі қималар жасап, байқаулар мен жарыстар ұйымдастырып, балалардың әрбір күнін қуанышпен, күлкімен өткізуге тырыстық. Әр түрлі категорияларға жататын, қамқорлықты қажет ететін балалардың көздеріне қарасаңыз, айта алмаған мұңдарын түсінуге болады. Көздері жәудіреп, жәутендеп «маған көмек бер!» деп тұрғандай болды. Балалармен күннен күнге ара-қатынасымыз жылына берді. Бастапқы қорқынышымның ізі де қалмады. Балалар да бізге үйренісіп қалды. Тіпті біреуіміз кешігіп қалсақ, «Неге апай келмей жатыр? Бүгін келеді ме? Телефон соғып шақырыңызшы!» -, деп айтатын болды. Күнде таңертен «Мен бүгін баларымды көретін болдым, бүгін оларды тағы қандай ойындармен қуантар екенмін?» деген оймен үйден шығатын болдым. Демалысқа шығатын күндері балаларымыз бізбен қоштасқысы келмейтіндерін айтып, телефон нөмірлерімізді алып, бізбен хабарласып тұрады. Демалыстан кейін келгенде, бізбен кездескенде құшақтап алатын болды.

Осылайша, Республикалық балаларды оңалту орталығында бір ай уақыт болып, сол уақыттың ішінде танып-білгеніміз де, үйренгеніміз де көп болды. Ең бастысы бойымдағы қорқыныш сезімінен арылып, балаларға деген сүйіспеншілігім арта түсті. Балақайларға үйренісіп қалғаным соншалық, тәжірибенің соңында балаларды құшақтағанда көзіме қимастықтың ыстық жасы келді. Іштей сол балалардың сауығып кеткенін тілеп, армандадым...

Ізгілік мәселесі мені осы сөздің шынайы мағынасын танығалы бері қатты толғандырады.

Мен басқа адамның қиналғанын біле тұра, немқұрайлы өмір сүре алмаймын. Тіпті әлемнің бір түпкірінде анасынан айырылған баланың көз жасы бар екенін біле тұра мен бейжайлық таныта алмаймын. Әлемнің бір түпкірінде аштықтан ұйықтай алмай жатқан баланың бар екенін біле тұра, бітірмеген асымның қалдығын қоқысқа тастай алмаймын. Дәл осы сияқты балалармен де жұмыс жасағаныма немқұрайлы қарай алмадым. Соңында өз атқарған игі істеріме көңілім толып, жүрек жылуыммен, қимастықпен балалармен қоштастым.

Ізгілік жанымның түпкірінде ұялатып, онсыз өмір сүре алмайтын деңгейге жеткім келеді. Және бұл жанымның жылулығын айналама дем алатын ауадай керекті дүние қылғым келеді. Және өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі болып мен бұл арманымды жүзеге асыра аламын деп ойлаймын. Жарқын болашақ үшін, ізгілік пен адамгершілік үшін күресетін боламын. Бұл жоғары адамгершілік құндылықтардың маңыздылығын тек оқушыларым арқылы ғана емес, отбасым, әріптестерім және басқа да әлеуметтік институттар арқылы тарата  аламын. Осыған тағы бір мысал ретінде қарттарды қорғау күніне орай «Қарты бар ел – қазыналы ел» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырып, ақ жүректі қарттарымыздың көңілін бір серпілтіп қайттық. Әуелеген әндер мен көңіл толқытар күйлеріміз қарттардың көңілінен шықты. Ұйымдастырған мәдени іс-шарамыз өз мәресіне жеткенде жас балаша мәз-мейрам болған қарттарымыз бізбен бірге көңілді әуендерге биледі. Ол кісілерге әкелген тәттілеріміз бен азғантай дәрі-дәрмектеріміз оларға деген сый-құрметіміз бен қамқорлығымыздың шағын ғана бір көрінісі еді. Қасиетті жұма күнін кездесуге белгілеп, қаламыздың мешітінде ата-әжелерімізге дастархан жайып, олардың керемет әңгімелерін тыңдап отырып, бірге шәй іштік. Біз ол кісілерге қамқорлық көрсетіп, барынша жүрек жылуымызды сыйламаққа ниет білдірмек болғанымызда, қарттарымыз бізді өз балаларындай аялап, шәй мен тәттілерден ауыз тигізіп, безек болып жүрді. Біз осы игі істі жасау барысында қарттарымызға көңіл қуанышын сыйлап қана қоймай, өзімізге үлкен рухани серпіліс алып, ішкі тыныштыққа кенелдік.

 Ізгілік – бұл адамдарға деген адамгершілік, сүйіспеншілік қатынас, бұл өзге адамға жақсылық жасаудың негізі.

Ал, жақсылық жасау бумеранг сияқты өзіңе қайтып келетініне шүбә келтірмеймін. Әрдайым жақсы, игі істер ғана жасайық, сонда ішкі дүниеміздің тыныштығына, рахатына бөленеміз. 

Астана қаласы,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Әлеуметтік ғылымдар  факультеті

   Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығының 3 курс студенті

                               Амангелді Айгерім Ғалымжанқызы

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға