Жаңалықтар

Іздемей-ақ табылған

Жаңалық терезеден өзі кіріп келетін сәттер туралы
Іздемей-ақ табылған
15.01.2018 10:52 8792

«Біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейді» деген мәтел бар. Бірақ біреудің жоғы біреулерге тіпті іздемесе де табылатыны тіпті қызық. Бұл тұрғыда нақты, белгілі бағытпен ізденген көп адамдар тіпті аянышты көрінеді. Алғашқы мотоциклді жасаған өнертапқыш Сильвестр Роупер сол мотоциклімен аударылып ажал құшты. Алғашқы сүңгуір қайықты жасаған Гоурас Лоусон сол сүңгуір қайығымен қоса суға кетті. Франц Райхелт өзі жасап шығарған парашютті сынауға Эйфель мұнарасынан секіріп, опат болды.

Бірақ біздің бүгінгі әңгімеміз – жаңалықты сұрамаса да өзі іздеп келген бақытты ғалымдар мен өнертапқыштар туралы болмақ.

Салақтықтың пайдасы. Шотланд биологы Александр Флеминг өзінің мыңдаған әріптестерінен айырмашылығы жоқ ғалым еді. Күнделікті күйбеңі бактерияларды зерттеумен өтетін. 1928 жылы зертханада сталифококк бактериясын зерттеп жатқан ол жұмыс орнында  тамақтанып, қалдығын лақтырмастан демалысқа кете барды.

Демалыстан оралған соң ол қызық нәрсе байқады. Тамақтың ыдысы ашық қалып, көгеріп кеткен екен. Бетінде көкшіл-жасыл сортаң пайда болған. Оған үңілген Флеминг бактериялардың қырылып қалғанын байқады. Ең көп таралған антибиотик пенициллин дүниеге осылайша келді.

Флемингтің жаңалығын медицина қауымдастығы бірден қабылданған жоқ. Тек ондаған жылдардан кейін ғана оның жаңалығына назар аударылды. 1945 жылы Александр Флемингке бұл жаңалығы үшін Нобель сыйлығы берілді.

Біртүрлі хабарлама. Астрономияны зерттеп жүрген аспирант Джоселин Белл 1967 жылдың бір күнінде радиотелескоптан келген біртүрлі үзік сигналды естіді. Бұл сигналдың ерекшелігі – ол тұрақты болды, және аспандағы бір нүктеден келіп тұрды. Алдымен сенімсіз болған аспирант пен оның жетекшісі Энтони Хьюиш оның жерсеріктерден, телевизиядан емес екенін тексеріп көрді. Ақыры олар бұл сигналды ... бөгдепалнеталықтар жіберіп тұрған жоқ па деп ойлады. Бірақ зерттеу барысында аспанның басқа нүктесінен де осындай сигнал тіркеп, бөгдепланеталықтар нұсқасы ысырылып тасталды.

Тереңірек зерттеу жүргізген ғалымдар радиотолқындардан тұратын жұлдыз түрін – пульсарды ашты.  Энтони Хьюиш 1974 жылы бұл жаңалығы үшін Нобель сыйлығына ие болды.

Тартпаға тасталған тас. Франуз ғалымы Анри Беккерель жарықта тұрғаннан кейін қараңғыда сәуле шашып тұратын фосфоресценциялық заттармен жұмыс істейтін. Бір күні ол ақыры байытылған уранның кристалына да жетті. Ол уран кристалының фотопластинада бейнесі қалып қоятынын – оған алдында күн түскенінің әсері деп есептеді.

1896 жылдың бір күнінде Анри Беккерель ауа райы жақсарғанша деп, уран кристалын тартпаға тастай салады. Бірнеше күннен кейін кристалды алып қараса, ол қағазға қапталған болса да жанында жатқан фотопластинаны қарайтып жібергенін көреді. Осылайша, күн жарығына байланыссыз сәуле формасының болатыны белгілі болды.

Оның бұл жаңалығын әрі қарай Пьер және Мария Кюрилер зерттеп, радиоактивтілік құбылысын ашты. Айта кету керек, о баста радиоактивтіліктің денсаулыққа зияны туралы ешкім білмеді. Сондықтан радиоактивті уранды немесе оның рудасын қолға алып қарау ол кезде үйреншікті іс еді.

Қатпайтын резина. 1830 жылдары Америкада нағыз резина дүмпуі болды: оған деген сұранысты қанаттандыру үшін үсті-сүтіне фабрикалар ашылып жатты. Оның су өткізбейтін қасиеті тұрмыстың көптеген салаларына қажет еді. Бірақ резинаға қызығушылық қалай тез басталса, солай сап тиылды: бұл материал қыста қатып, ал жазда сағыздай мыжылып, еріп кететін еді.

Химик-ғалым Чарльз Гудиер резинаның осы қасиетін жеңуге жылдар бойы еңбек етті. 1839 жылы ол соңғы эксперименттерінің бірін көрсетті. Гудиер резина қоспасын жанып жатқан пешке салып жіберді. Резина кептірілген кезде, икемді де иілгіш былғары іспеттес сақина шықты. Бұл сол баяғы резина, бірақ қасиеті басқа еді.

Амал не, Гудиер өзінің жаңалығының жемісін пайдалана алмады, оның үстіне 200 мың доллар қарыз боп қалды. Вулканизация әдісі мінеки, осылай ашылған және қазірде вулканизацияланған каучук автомобильдер шинасын жасауға әлі пайдаланылады.

Сүйекке жеткен сәуле. Неміс физигі Вильгельм Рентген 1895 жылы электронды-сәулелі түтікпен жұмыс істеді. Қызығы сол: түтік жабық тұрса да, жанындағы люминесцентті экран жарқырап тұрды. Ғалым сәулеге түрлі заттармен тосқауыл қойып көрді, бірақ экран бәрібір жарқырап тұрды. Ақыры ол түтікке қолын тосқанда, экраннан сүйектерінің бейнесін көрді! Кейін экран фотопластинамен ауыстырылып, алғашқы рентгендер пайда болды.

Айтпақшы, рентгенге діндарлар қарсы болды. Себебі ол «адамның кеудесінде жаны жоқ екенін» көрсеткен-ді.

Қашқын бөлшектер. Эрнест Резерфорд Манчестер университетінің профессоры болатын, бұл білім ордасы радиацияны зерттеумен аты шыққан шағы еді. 1911 жылы оның жетекшілігімен неміс физигі Ганс Гейгер мен физик-студент Эрнест Марсден альфа-бөлшектердің алтын фольгадан өтіп кететінін бақылады. Қандай сәтсіз болып есептелетін эксперимент болса да, оның әрбір деталіне мұқият үңілетін Резерфорд студент Марсденге кері қарай ұшатын бөлшектердің бар-жоғын анықтауды тапсырды. Шынымен-ақ, кейбір бөлшектердің кері қарай ыршып түсетіні анықталды. Бұдан Резерфорд атомның ортасында оның оң заряды мен массасының барлығы дерлік шоғырланған өте тығыз ядро бар деген қорытындыға келді.

Резерфордтың айтуынша, ол бұл жаңалықты тіпті кездейсоқ ашқан. Яғни, кері қарай ұшатын бөлшектің бар-жоғын сұрағанда, әлдебір зерттеулерге сүйеніп емес, таза экспериментаторлық түйсікпен айтқан. Адамзаттың микроәлем туралы түсінігін бір сатыға көтеріп тастаған жаңалық осындай кездейсоқтықтың соқпағымен келген екен.

Ақылды шау-тозаң. Сан-Диегодағы Калифорния университетінің химия факультетінің түлегі Джейми Линк кремний чиппен жұмыс істеп жүрді. Бірде чип қирап қалды. Алайда бұл үлкен жаңалықтың басы еді. Линк пен оның жетекшісі чиптің сынған бөлшектері әлі де сигнал жіберіп тұрғанын байқады. Олар чиптің мұндай бөлшектерін «өздері ұйымдасатын  тозаң» деп атады. Бұл кішкентай микроэлектромеханикалық жабдықтарда сенсорлар мен есептеу модульдері бар. Осы ғасырдың басты жаңалықтарының бірі ретінде аталған бұл бөлшектер судың тазалығын қадағалауға, ауадағы зиянды химиялық заттарды анықтауға және ағзадағы ісіктерді жоюға пайдаланылады.

Отынсыз тамақ пісіру. Қару-жарақтың озық үлгілерін шығаратын  Raytheon компаниясында жұмыс істейтін Перси Спенсер азаматтық қолданысқа ие болатын дүние шығарамын деп тіпті ойламаса керек. 1945 жылы ол жоғары жиіліктегі толқын өндіруге қабілетті магнетронмен жұмыс істеп жүріп, қалтасындағы шоколадтың еріп кеткенін байқады. Сосын ол магнетрон түтігіне попкорн салынған ыдыс қойып көрді, күткеніндей, попкорндар тырсылдап жарыла бастады. Бұдан кейін Спенсер тығыз электромагниттік өріс тудырып, оның микротолқындық энергиясын металл жәшікке бағыттады. Жәшікке тамақ салған кезде, оның температурасы тез көтерілді. Сол жылдың қазан айында  Raytheon бұл технологияны патенттеп алып, 1947 жылы жалпы қолданысқа берілді. Микроволновкалар дүниеге осылай келді.

Айтпақшы, әскерде әуе қорғанысы күштерінде болғандар радардың аузына тауық етін таяққа байлап тұрып тақап пісіргендерін айтады. Әскери жарғы бұған рұқсат беретін-бермейтіні белгісіз, бірақ ендігәрі қаперіңізде жүрсін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға