Жаңалықтар

IV.Тәтіқара ақын

Тәтіқара ақынның туындылары өз тұсында ел арасына кеңінен танымал болғанымен, бізге дейін сақталып жеткені – төрт шығарма.
31.03.2014 08:24 5184

Тәтіқара ақынның туындылары өз тұсында ел арасына кеңінен танымал болғанымен, бізге дейін сақталып жеткені – төрт шығарма. Жалпы құрылымына, мазмұнына қарай отырып, бұларды екі топқа бөле қарастыруға болады. Нақтылай айтқанда, олардың қатарынан «Кеше тоқыраулы судың бойынан...» және «Ассалаумағалейкүм, жайсаңдар мен қасқалар...» деп басталатын өлеңдерді тұтас туынды ретінде, ал қалған екеуін эпикалық үлкен жырдың үзіндісі ретінде бағалауға келеді.

Кең тынысты жырдың үзіндісі іспетті мәтіннің бірі – «Қамыстыңбасы майда...» деп басталатын шығарма. Бұл шығармаалғаш рет 1946 жылы «Әдебиет және искусство» журналының 7-8 сандарында жарияланған.

Қазақтың жау қайтарған бірнеше батырлары атап-атап айтылатын бұл мәтін әлдебір маңызды шайқасты суреттей келіп, сөз түйінінде сол шайқаста айрықша батырлық танытқан ерлерді даралай көрсетуді мақсат тұтатын өлең жолдары сияқты әсер етеді. Мәтіндегі «Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда...» деген тармаққа зер салсақ, жаумен арадағы шайқастың әлдебір өзен жағасында болғанын болжауға мүмкіндік туады. Қалың қолдың кесіп өтуіне тосқауыл болу үшін әлгі өзеннің қуатты ағысқа ие терең су болуы қажет екенін ойға алсақ, онда бұл өзеннің қазақ даласындағы арынды да арналы өзендердің бірі болуы ықтимал. Мәтінде аттары аталатын Шақшақұлы Жәнібек, сағыр мен дулаттан шыққан Бөкей, қыпшақ Деріпсәлі мен Маңдай, уақтан шыққан Сары мен Баян, қанжығалы Бөгембай, керей Жабай батырлар түгелдей бас біріктіріп, қай өзеннің бойында жауға тойтарыс бергені анықталса, бұл жырға қандай шайқас арқау болғанын да, жырдың қай жылдар шамасында туғанын анықтаудың да орайы келіп қалар. Бұл, әрине, алдағы күндер еншісіндегі шаруа. 

Осы мәтінде аталатын өзге батырлар арасынан бес батырдың есімдері бөле-жара аталып, олардың батырлық болмыстарына сипаттама беріліп өтеді. Шақшақұлы Жәнібекке қатысты айтылатын:

«Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда, Ер жігіттің ерлігі осындайда», –

деген тармақтарға көз салсақ, Жәнібек батырдың алмағайып сәттердің ешбірінде сабырынан жаңылмай, қысталаңнан жол табатын мінезін байқаймыз.

«Өзге батыр қайтса да, бір қайтпайтын Сары менен Баянды айт уақтағы», – деген жолдардан Сары, Баян батырлардың қайтпас қайсарлығы, жаужүрек табиғаттары танылады. Осы орайда, М. Жұмабаевтың әйгілі поэмасын еске алсақ, батыр мінезін бейнелеуде Тәтіқара ақынның шындықтан ауытқымағанын ұғамыз.

 

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға