Жаңалықтар

IV.Бұқар жырау

Жыраудың Абылайға арнаған толғауларының бәрі жоңғардың туы жығылып, қазақ даласында Абылай ханның даңқыдәуірлеген жылдарда айтылғаны анық.
31.03.2014 09:36 7057

Бұқар жырау шығармашылығында Тәуке хан өмірінің бір ғана сәтін бейнелейтін толғау кездессе, Абылай ханға байланысты толғаулар бірнешеу және бұл шығармаларда Абылай өміріне ғана емес, ел тарихына да тікелей қатысты көптеген оқиғалар мен жағдайлар көрініс тапқан. Мәселен, «Ал айтамын, айтамын» деп басталатын толғау мазмұнына ой көзін жүгіртсек, бұл толғау айтылған уақытта хан мен ханның ниеттес серіктері арасында әлдебір түсініспеушілік болғанын, сол себепті Абылай олардан ірге үзіп, жеке қалғанын аңғарар едік. Толғау түйінінде айтылатын:

«...Кең Абылай, кең ием,

Шұбар ағаш, құба жон,

Мекен еткен шөлде, ием,

Телі менен тентегің

Иіліп алдыңа келді, ием!» –

деген жолдардың жалпы сарыны мен мазмұнынан ел тағдырына алаңдаған жыраудың ханға жалғыз өзі ғана келмей, оның ренішіне себепкер болған адамдарды да ерте келіп, олардың әбестігі үшін кешірім өтінгені аңдалады. Бұл жағдайдың өзі Бұқар жырау үшін Абылай хан аса қадірлі тұлға болғанын айғақтайды. Қарт жыраудың өзіне деген құрмет-ықыласын Абылай да дұрыс түсініп, оның айтқан ақыл-кеңестерімен қатар, өткір сындары мен жанашыр ескертпелерін де ой елегінен өткізіп, өзі үшін де, ел үшін де ұтымды шешімдер жасап отырғаны байқалады.

Жыраудың Абылайға арнаған толғауларының бәрі жоңғардың туы жығылып, қазақ даласында Абылай ханның даңқыдәуірлеген жылдарда айтылғаны анық. Себебі бұл толғаулардың қай-қайсында да жоңғармен арадағы соғыс суреттері өткен оқиға ретінде бейнеленеді. Бұқардың Абылай хан әрекеттерін арқау еткен толғауларының бірі:

«Қалданменен ұрысып,

Жеті күндей жүрісіп,

Сондағы жолдас адамдар:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгембай,

Шақшақұлы Жәнібек,

Сіргелі қара Тілеуке,

Қарақалпақ Құлашбек,

Тігеден шыққан Естербек,

Шапырашты Наурызбай,

Құдаменді Жібекбай қасында,

Бақ, дәулеті басында

Секербай мен Шүйбекбай,

Таңсық қожа, Мамыт бар,

Қасқарауұлы Молдабай,

Қатардан жақсы қалдырмай,

Айнақұл Бәти ішінде,

Өңкей батыр жиылып, 

Абылай салды жарлықты...» – деп басталып, одан кейінгі тармақтарда қазақ қолының Қалдан әскерін талқандап, елдің кегін қайтарғаны, соғыс олжасын бөліске салғаны, Абылайдың даңқы асып, үш жүздің басын құрағаны, әділдікпен билік жүргізгені жырлана келеді де:

«...Жеті күн кіріп ұрысқа,

Өлімге басын байладың.

Айтар сөзім осы-дүр,

Ақылың бар хан едің,

Мұның түбін ойлағын», – деп түйінделеді.

Осы үзінділерге зер сала қарасақ, Бұқар жырау өзі көрген, куә болған шындықтарды жырлап беруді ғана ойламағанын, толғауда бірнеше мақсат көзделгенін байқаймыз. Қалданға қарсы жеті күн соғыс жүргізгенде Абылайдың жанында болған қазақ батырларын атап-атап көрсеткенде әріден ойлайтын жыраудың діттегені халық қастерлеген батырлармен тізе біріктіргенде ғана ел мерейін асыруға жол ашылатынын ханға ұлағат ету болса, одан кейінгі тармақтарда Абылайдың өз әрекеттерін айта келіп, «Мұның түбін ойлағын», – деп ой тастаған кезде жыраудың айтпағы ел тағдырына жауапты ханға ендігі жерде көзсіз ерліктің де, асығыс шешім қабылдаудың да лайықсыздығынаңдату болса керек.

Жоңғардың сағы сынып, қатердің беті қайтқан кезеңде атақ-даңқы аспандаған Абылай ханның көңіліне де аз-кем астамшылық кіріп, күш-қуатын шамадан тыс бағалауға бой алдырған шағында жыраудың сөз әдібі басқаша түзіледі. Бір кездері Қалданмен болған соғыстағы ерліктерін сүйсіне жырлаған хан Абылайды да, батыр Бөгембайды да аяусыз шенейді. Жыраудың хан мен батырды сынағандағы мақсаты – олардың еңбектерін жоққа шығару емес, керісінше, олардың кез келген әрекеті барша халықтың тағдырына әсер ететінін, сондықтан жан-жақты ойланып барып әрекет ету қажеттігін ескерту. Сол ниетіне орай, жырау Абылай ханға арнаған сөздерінің бір тұсында:

«...Жұлдызың туды-ау оңыңнан,

Жан біткен еріп соңыңнан,

Он сан алаш баласын

Аузыңа құдай қаратып,

Жусатып-тағы, өргізіп,

Жұмсап бір тұрсың қолыңнан», – деп қайырып өтеді. Бұл сөздер – ханды дәріптеу емес, тәубадан жаңылмауға шақыру, басқа қонған бақтың жалт беруі ықтималдығын ескерту.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға