Италия Еуропадағы еңбекақы көлемі ең төмен құлдыраған елдер қатарына қосылды
Соңғы айларда Италияда халықтың наразылық толқыны күшейіп келеді. Бұл толқын тек халықаралық жағдаймен ғана емес, елдің ішкі әлеуметтік-экономикалық ахуалымен де тікелей байланысты болып отыр, деп жазады El.kz интернет порталы corriere.it басылымына сілтеме жасап.
Экономикалық көрсеткіштер бойынша, Италия 2020 жылғы пандемиядан кейін айтарлықтай өсімге қол жеткізді. Елдің жалпы ішкі өнімі шамамен 16,6%-ға артты. Бұл еуроаймақ елдерінің орташа өсімінен (12,3%) әлдеқайда жоғары. Бірақ халық бұл өсімді өз өмірінен сезінбеді. Керісінше, Италияда нақты жалақы күрт төмендеді. Ел – бүкіл еуроаймақта еңбекақысы ең көп құлдыраған мемлекетке айналды. Инфляция, әсіресе 2021–2023 жылдар аралығындағы баға өсімі, жұмысшылардың табысын құнсыздандырып жіберді.
Бұл жағдай халықтың ашу-ызасын туғызды. Себебі қарапайым еңбек адамдары салықтан жалтара алмайды, түрлі жеңілдік жүйелеріне қол жеткізбейді. Ал бизнес иелері мен ірі компаниялардың табысы күрт артқан. Өсімнің жемісі жұмысшы емес, кәсіп иелерінің қалтасына түсті.
Автордың пайымдауынша, осындай әділетсіздікті сезінген итальяндар өзін назардан тыс қалған, әділетсіз жүйенің құрбаны ретінде көреді.

