2025 жылдың 9–13 қыркүйегі аралығында Данияның Хернинг қаласы Еуропадағы ең үлкен кәсіби бәсекенің орталығына айналмақ. Мұнда жас мамандардың IX Еуропалық чемпионаты – EuroSkills Herning 2025 өтеді. Әлемдік деңгейдегі бұл додаға Қазақстан ұлттық құрамасы да қатысып, өз шеберлігін паш етпек, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
EuroSkills – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеріп, техникалық және кәсіптік білім берудің беделін арттыруды мақсат тұтқан халықаралық WorldSkills қозғалысының құрамдас бөлігі. Ал Қазақстан 2014 жылдан бері WorldSkills халықаралық қозғалысының мүшесі. Осы уақыт ішінде елдің ұлттық құрамасы он рет халықаралық чемпионатқа қатысып үлгерген. Ал Еуропада өтетін EuroSkills алаңына биыл бесінші рет жол тартпақ. Қазақстан атынан жарысқа 59 адамнан тұратын делегация барады. Оның ішінде – 28 үміткер, 25 сарапшы және ресми делегаттар мен тим-лидерлер бар. Біздің студенттеріміз 25 құзыреттілікте өнер көрсетпек. Бағыттар да сан алуан: IT мен инженерия, құрылыс, сұлулық индустриясы, аспаздық пен сервис саласы.
WorldSkills қозғалысын дамыту департаментінің бас менеджері Елнұр Бекташов байқаудың маңыздылығын атап өтті:
EuroSkills – тек сайыс қана емес, техникалық және кәсіптік білімнің жаңа деңгейге көтерілуінің айқын көрсеткіші. Қазақстан құрамасы үшін кәсіби дағдыларды шыңдап, жаңа тәжірибе жинаудың және халықаралық аренада елдің имиджін нығайтудың үлкен мүмкіндігі екені анық, – дейді ол.
Фото: Worldskills Kazakhstan
Қазақстан құрамасына қатысушыларды іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен наурыз-сәуір айларында еліміздің 20 өңірінде өңірлік чемпионаттар өткізіледі. Жүлдегерлер қараша-желтоқсанда республикалық додаға қатысып, жеңімпаздар халықаралық сайысқа жолдама алады.
Биыл халықаралық сарапшымен бірге жасы 25-тен аспаған үздіктер арасынан EuroSkills-ке екі үміткерді таңдадық. Олар 48 күн бойы оқу-жаттығу лагерінде дайындықтан өтті. 25 құзыреттіліктің ішінде 22 құзыреттік бойынша 1 адам қатысады, 3 құзыреттік бойынша 2 адамнан тұратын команда қатысады. Сонда 25 құзыреттілік 28 қатысушы, – дейді бас менеджер.
Ол дайындық барысындағы жаңашылдықты ерекше атап өтті:
Бұған дейін әр қатысушы жеке психологпен жұмыс істейтін. Ал биыл біз команданы біріктіріп, Асхат Абжанов бастаған “Жаңа ұрпақ” көшбасшы мектебімен бірге бес күндік психологиялық дайындық өткіздік. Бұл бағдарлама команданы жұмылдыруға, тайм-менеджмент пен күйзеліске төзімділікке баса назар аударды. Қазақстандық жастардың халықаралық алаңдағы табыстары да аз емес. Мәселен, 2023 жылы өткен Еуропалық чемпионатта қазақстандықтар 25 құзыреттілік бойынша бақ сынап, 1 күміс пен 1 қола медаль иеленген. Жыл сайын жүлделі орындар саны артып келеді. Бұл – еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуымен қатар, жұмысшы мамандықтардың халықаралық стандарттарға сай екенін көрсетеді, – дейді департамент өкілі.
Фото: Worldskills Kazakhstan
WorldSkills қозғалысы Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім (ТжКБ) жүйесін жүйелі жолға қоюға айтарлықтай ықпал етті. Бүгінде колледждерде оқу жабдықтары толық жаңартылды, жаңа форматтағы шеберханалар пайда болды. Соңғы он жылда ТжКБ жүйесі халықаралық стандарттарға бейімделіп, жаңа сапалық деңгейге шықты, – дейді бас менеджер.
Оның айтуынша, чемпионатқа қатысушылар үшін мұндай дода – тек жарыс емес, болашақ мансапқа апарар жол.
Біздің түлектердің көбі елдегі кәсіпорындарға орналасып, маман ретінде еңбек етіп жүр. Кейбірі колледждерде қызмет атқаруда. Ең қуантатыны – Еуропа мен әлем чемпионаттарында көзге түсіп, халықаралық қозғалыстың өзінде жұмысқа шақырылған қатысушыларымыз бар. Бұл – қазақстандық жастардың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенінің дәлелі, – деді ол.
Қазақстандық жастардың EuroSkills-ке дайындығы қалай?
Қазақстан құрама командасы EuroSkills Herning 2025 чемпионатына тыңғылықты дайындалған. «Электромонтаж жұмыстары» құзыреттілігі бойынша қатысушылардың дайындығына жетекшілік еткен Нұрболат Жұмағалиев жарыс алдындағы жұмыстың барысы мен жас мамандардың әлеуеті жайында әңгімелеп берді.
Біздің қатысушылардың дайындығы ойдағыдай өтті. Теориялық білімдерін шыңдаумен қатар, практикалық машықтарын жетілдірдік. Уақытқа байланысты жаттығуларға басымдық берілді. Өйткені жарыс алаңында басты нәрсе – жылдам әрі сапалы шешім қабылдай білу, – дейді Нұрболат Жұмағалиев.
Оның айтуынша, дайындық барысында студенттер өз мүмкіндіктерін барынша ашып, сенімділік пен жауапкершілікке үйренген. Бұл – олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды қадам.
Қазақстандық студенттердің ең басты артықшылығы – олардың жігері мен алға ұмтылушылығы.
Жастардың көзі жанып тұр. Олар жаңа ақпаратты тез қабылдайды, еңбекқор, ізденімпаз. Бұл қасиет – біздің ең үлкен күшіміз, – деп атап өтті маман.
Фото: Нұрболат Жұмағалиев
Нұрболат Жұмағалиев Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін Еуропамен салыстыра отырып, оның артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталды.
Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің өзіндік артықшылықтары бар. Ең алдымен, мемлекет тарапынан қолдау бар, жастардың кәсіби салаға деген қызығушылығы артып келеді. Сондай-ақ практикалық машыққа басымдық берілуі – біздің ең үлкен күшіміздің бірі. Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес. Заманауи құрал-жабдықтардың жетіспеуі, халықаралық стандарттарға толық сәйкес келмеу және кәсіби ағылшын тілін меңгерудің әлсіздігі – бұл салада әлі де жұмыс істеуді қажет ететін мәселелер. Біздің жүйе дамып келе жатыр. Бірақ халықаралық деңгейдегі жарыстарда үздік нәтиже көрсету үшін технологиялық базаны күшейтіп, студенттердің тілдік дайындығына басымдық беруіміз қажет, – дейді ол.
Электромонтаж саласында талаптар қатаң. Қатысушылардан электрқауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау, сызбаларды дұрыс оқу және монтаждау, уақытты тиімді пайдалану талап етіледі. Бұған қоса құрал-саймандармен ұқыпты жұмыс істей білу, бағдарламалау мен автоматика элементтерін меңгеру – табыстың негізгі кепілі.
Электромонтажшы – тек кабель жалғаушы емес. Ол – қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, өндірістегі автоматтандыруды жүзеге асыратын кәсіби маман. Сондықтан бұл салада ұқыптылық пен дәлдік бірінші орында тұрады, – деп түйіндеді Нұрболат Жұмағалиев.
Қазақ кондитерлік өнерін әлемге танытуды армандайтын Аяулым
EuroSkills Herning 2025 чемпионатына Қазақстан атынан қатысатын жас мамандардың арасында ерекше көзге түсетіндердің бірі – Аяулым Ақылбек. Жасы небәрі 18-де болса да, ол өзінің сүйікті кәсібін таңдап, табандылықпен шыңдалып келе жатқан жас кондитер.
Аяулымның бұл салаға келу жолы өнерге деген бала күнгі құштарлықтан басталған. Ол мектеп қабырғасында-ақ сурет салуды жақсы көріп, өнер мектебін тәмамдаған.
Көркемдік білімім кейінірек кондитерлік салада үлкен көмек болды. Өйткені кондитерлік өнер – шексіз мүмкіндіктер әлемі. Мұнда кез келген ойды іске асырып, қиялдан туған бейнені әдемі тортқа, нәзік десертке айналдыруға болады, – дейді ол.
Алғашқы тәжірибесі үй жағдайында басталған. Отбасылық мерекелерді тәттілерімен сәндеп, кейін туған-туыстарының тойларына тапсырыс қабылдай бастаған сәтте, Аяулым өз жолын тапқанын анық сезінген. Бірақ кәсібилікке барар жол оңай болған жоқ. Байқауға дайындық кезінде ол күн-түн демей цехта жұмыс істеп, жаңа идеяларды жүзеге асыруға барын салды. Кондитерлік іс – шыдамдылықты талап ететін сала.
Фото: Аяулым Ақылбек
Кейбір модульдер өте күрделі. Мәселен, нугатин мен шоколад, изомальт пен карамельден скульптура жасау – ең нәзік әрі қиын жұмыс. Дайындық кезінде бір метрлік мүсінді белгілі уақыт ішінде жасап шығару тапсырылды. Соңғы минуттарда құрастырған мүсінім сынып қалды. Бірақ мен берілмедім, бар күшімді салып, жұмысты соңына дейін жеткіздім. Сол сәт мені шыдамдылық пен табандылыққа үйретті, – дейді жас кондитер.
Аяулымның кәсіби өсу жолында халықаралық тәжірибе де аз емес. Ол Францияда білім алып, Финляндиядағы байқауға қатысқан. Сондай-ақ Үндістан мен Гонконгта болып, түрлі елдердің кондитерлік өнерін көзбен көрген.
Мен үшін үлгі болатын нәрсе – еуропалық кондитерлердің нақтылығы мен өз стилін қалыптастырудағы табандылығы. Мақсатым – олардың кәсіби нақтылығына жақындау, бірақ сонымен қатар өзімнің ұлттық ерекшелігімді қосып, жаңа бағыт қалыптастыру, – дейді ол.
Фото: Аяулым Ақылбек
Жастар үшін мұндай чемпионаттардың мәні зор. Аяулым байқауларды өзін-өзі шыңдау алаңы деп біледі.
Бұл – Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас мамандарды біріктіретін орта әрі еліміздің халықаралық аренадағы абыройын арттыратын мүмкіндік. Байқаулардың арқасында мен шыдамдылықты үйрендім, жаңа таныстар мен тәжірибе жинадым. Форумдарда спикер болып сөз сөйледім, тіпті Президенттен алғыс хат алдым. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе, – дейді ол.
Жас болса да, алдына биік мақсат қойған Аяулымның арманы айқын.
Менің жолым енді ғана басталды. Болашақта елімді лайықты дәрежеде таныту үшін бар күш-жігерімді саламын. Ең үлкен арманым – қазақ кондитерлік өнерін әлемге таныту және жас ұрпаққа шабыт беру, – деп түйіндеді ол әңгімесін.