Испаниядағы ең бай және ең кедей муниципалитеттердің рейтингі белгілі болды. Бұл тізім Испания Қаржы агенттігінің 2023 жылға арналған жеке табыс салығы бойынша статистикасына негізделген, деп жазады El.kz интернет порталы.
1 қазанда жарияланған деректерге сәйкес, елдегі ең жоғары табыс деңгейі Мадрид маңындағы Позуэло-де-Аларкон қаласында тіркелді. Мұнда орташа жылдық табыс 88 011 еуро. Одан кейін Боадилья-дель-Монте (70 869 еуро) және Барселона аймағындағы Сан-Хуст-Десверн (67 265 еуро) орналасқан. Ал халықтың орташа өмір сүру деңгейін көрсететін медианалық табыс бойынша бірінші орында Боадилья-дель-Монте тұр – 45 287 еуро.
Өткен жылмен салыстырғанда кейбір өзгерістер орын алды. Мысалы, 2022 жылы екінші орында болған Балеар аралдарындағы Вальдемоса муниципалитеті бір жылда 39-орынға түсіп қалды. Сондай-ақ Барселона аймағындағы Алейя қалаcы табысы өсуінің арқасында ел бойынша алтыншы орынға көтерілді.
Аймақтық көрсеткіштер бойынша әр автономды қауымдастықта ең бай елді мекендер анықталды. Мәселен, Андалусияда – Бенахавис (43 159 еуро), Галисияда – Олейрос (47 098 еуро), Канар аралдарында – Санта-Бригидa (53 007 еуро).
Ал Испаниядағы ең төмен табыс деңгейі Бенамаргоса (Малага) қаласында тіркелді – жылдық орташа табыс небәрі 13 831 еуро. Одан кейінгі орындарда негізінен Андалусиядағы шағын ауылдар тұр.
Жалпы ел бойынша 2023 жылы орташа табыс 31 333 еуроны құрады, бұл алдыңғы жылға қарағанда 3%-ға артық.

