Ақорда

Испания басылымы қазақ футболының дамуына тоқталды

28.10.2025 16:11

Испанияның танымал AS басылымының журналисі Өзгюр Санджар түркі елдеріндегі футболдың дамуы туралы жазыпты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Соңғы жылдары түркі елдеріндегі футболдың дамуы айтарлықтай деңгейге жетті.

Әзербайжанның «Қарабақ» клубының Чемпиондар лигасындағы екі жеңісі – үш турда 6 ұпай жинауы, «Галатасарайдың» Икарди, Лемина және Сане секілді ойыншылармен «Ливерпульді» жеңгеннен кейін «Бодё/Глимтті» де тізе бүктіруі, Асенсиолы «Фенербахче» мен «Самсунспордың» Конференциялар лигасындағы табысы, сондай-ақ Қазақстанның «Қайрат» клубының Еуропаның басты турниріндегі лайықты ойыны – осы өсімнің айқын мысалдары.

Сонымен қатар Қазақстан құрамасы өз алаңындағы ойындарға келушілер саны бойынша Еуропада үздіктер қатарында, ал қазақстандық футболшылар апта сайын УЕФА-ның үздік ойыншылар құрамына тұрақты түрде еніп жүр.

Күмән жоқ, бұл кездейсоқ құбылыс емес. Бұл жетістіктер – стратегиялық жоспарлаудың нәтижесі.

Түркиямен тығыз байланысы бар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз еліндегі футболдың дамуына тікелей қолдау көрсетіп келеді. Оның көзқарасы жастар академияларын дамытуға, білім беру жобаларына, бизнес саласымен ынтымақтастық орнатуға және футбол менеджментінің жаңа қағидаларын енгізуге бағытталған.

Еуразияда жаңа футбол климаты

Қазақстанда клубтар мен федерация деңгейінде жаңа буын футбол мамандары өсіп келеді. Солардың бірі – Давид Лория, бұрынғы қақпашы, УЕФА-ның MIP бағдарламасының түлегі және қазіргі Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы. Лория – Еуропа, Қазақстан және Түркия арасындағы көпір іспетті тұлға, ол ойынға жаңа көзқарас, білім және құрмет алып келуде.

Сонымен бірге, түрік клубтары қазақстандық таланттарға қызығушылық таныта бастады. Жас жартылай қорғаушы Ғалымжан Кенжебек Түркия Суперлигасының екі командасының трансферлік тізімінде тұр. Бұл – қазақстандық жаңа буын футболшыларының үлкен жетістіктерге дайын екенін көрсетеді.

Егер Қазақстан ұйымдастыру жүйесіндегі тұрақтылықты сақтай алса, ол Орталық Азиядағы футбол үлгісіне айнала алады.

Бұл жетістіктер Түркия, Қазақстан және басқа түркі елдері арасында ортақ футбол кеңістігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда түркі тілінде сөйлейтін 200 миллионнан астам адам бар. Жеті түркі мемлекеті Түркі мемлекеттері ұйымына мүше. Тарихи тұрғыдан ғұндарға туыстас Мажарстан да бұл ұйымды қолдайды. Қазір бұл елдер спорт, әсіресе футбол саласында жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатыр.

Түркі мемлекеттері ұйымының құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия кіреді, ал Мажарстан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы және Түрікменстан бақылаушы елдер ретінде қатысады. Бұл – түркі халықтарын біріктіретін халықаралық ұйым.