freepik.com

Испания әлеуметтік желідегі өшпенділікті бақылау үшін жаңа жүйе енгізді

12.03.2026 11:40

Испания әлеуметтік желілердегі өшпенділік деңгейін бақылауға арналған жаңа жүйені іске қосты. Ел премьер-министрі Педро Санчес әлеуметтік желілерде өшпенділік контентінің қалай таралатынын талдайтын және алгоритмдердің цифрлық поляризацияға ықпалын бағалайтын HODIO жүйесін таныстырды. Бұл туралы Euronews хабарлады.

Мадридте әлеуметтік желілердегі өшпенділік пен заңсыз қысымға қарсы алғашқы халықаралық саммит өтті. Жиынның ашылуында Педро Санчес HODIO (Huella del Odio y la Polarización) жүйесінің іске қосылғанын жариялады. Аталған құрал әлеуметтік желідегі өшпенділік сипатындағы хабарламалардың таралу жолын талдап, түрлі платформаның алгоритмдері поляризацияны қаншалықты күшейтетініне баға беруге арналған.

Премьер-министрдің айтуынша, қазір цифрлық кеңістікте өшпенділік бұрынғыдан да қауіпті сипат алып отыр.

Егер бұрын өшпенділік қауіпті құбылыс болса, бүгінде әлеуметтік желілер оны қоғамды жаппай поляризациялайтын қаруға айналдырды. Цифрлық орта ережесіз болмауы керек. Әлеуметтік желілер – толыққанды мемлекет емес, – деді Педро Санчес.

Жаңа жүйенің негізгі мақсаты – интернеттегі өшпенділік тілінің қалай өзгеріп, дамып жатқанын бақылауға мүмкіндік беретін көрсеткіштер қалыптастыру. Сонымен қатар ол өшпенділік контентінің таралу заңдылықтарын анықтап, белгілі платформалардағы алгоритмдердің қоғамдағы поляризацияға қалай әсер ететінін тереңірек түсінуге көмектеседі.

Брюссель әлеуметтік желілерді бақылауға қатысты ескерту жасады

HODIO жүйесінің іске қосылуы Испания үкіметінің интернет қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған кең ауқымды жоспарының бір бөлігі. Бұл бастаманың басты мақсаты – кәмелетке толмаған балаларды интернеттегі қауіп-қатерден қорғау.

Ақпан айының басында Испанияның премьер-министрі Педро Санчес 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға шектеу енгізу жоспарын жариялаған еді. Егер бұл ұсыныс қабылданса, әлеуметтік желі  қолданушылардың жасын тексеретін қатаң жүйелер енгізуге міндеттеледі. Үкімет мұны кибербуллингтің көбеюімен және жасөспірімдердің интернеттегі зиянды контентке жиі тап болуымен байланыстырып отыр.

Сонымен қатар бұл бастаманы Еуропада да қызу талқылап жатыр. European Commission Еуроодаққа мүше елдерге әлеуметтік желілерді бақылау шаралары ортақ ережелерден аспауы керегін ескертті. Атап айтқанда, мұндай шешімдер Еуроодақтың цифрлық қызметтер туралы заңында белгіленген талаптарға сәйкес болуы тиіс.